Министр Шарлапаев «Zijin Mining» компаниясының өкілдерімен кездесті
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Zijin Mining»компаниясының халықаралық істер жөніндегі бірінші бас директоры Ляо Цзяншэнмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Zijin Mining» бүкіл әлем бойынша алтын, күміс, мыс және басқа да минералды ресурстарды барлауға, өндіруге, өңдеуге және сатуға маманданған және Қытайдың екінші ірі трансұлттық алтын өндіруші конгломераты болып табылады.
Қарастырылып отырған жобалар шеңберінде компания түсті және бағалы металдар концентраттарын өндіру үшін байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр, содан кейін олар металдарды балқыту үшін Қазақстан Республикасының металлургия зауыттарына жіберілетін болады. Бұдан басқа, компания жаңа учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниетті, бұл Қазақстанның минералдық-шикізат базасын ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Тараптар жоғарыда аталған жобаларды одан әрі пысықтау мен дамытудағы өзара қызығушылықты атап өтті. Өз кезегінде министр бірлескен ынтымақтастыққа толық дайын екендігіне және Қазақстан Республикасының шетелдік бизнес қауымдастықтар үшін инвестициялық тартымдылығына тоқталды,-делінген министрлік мәліметінде.