Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру жүйесінде заңбұзушылықтар анықталды

Медициналық сақтандыру жүйесінде заңбұзушылықтар анықталды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 22.07.2024 15:45 526

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдардағы тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары Жоғары аудиторлық палата отырысында қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимовтың айтуынша, осы салаға жүргізілген екінші аудит 3,8 трлн теңге болатын қаражат пен активтерді қамтыған. Тексеру шаралары 13 ұйымға қатысты жүргізілді.

Елімізде 16,2 млн адам әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылған. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен олардың 12 млн-ға жуығы – республикалық бюджеттен жыл сайынғы трансферт шеңберінде мемлекет төлейтін жеңілдікті санаттағы адамдар. Егер бұған мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатарынан тағы 2 млн жуық адамды қосатын болсақ, онда іс жүзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тіркелгендердің шамамен 86%-ы үшін мемлекет төлейтінін көреміз. Бұл өте көп, - деді ол.

Сонымен қатар, аудит барысында бірлесіп қызмет көрсетушілер тарапынан ӘМСҚ есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу деректері анықталды. Негізінде қолданыстағы ережелер бойынша медициналық мекемелер ТМККК және МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын медициналық көмек түрлері үшін ақы алмауға міндеттеме алады. Сонымен стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 миллиард теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 миллиард теңгеге қосарланған төлем фактілері анықталды. Қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейді.

Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру нәтижесінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілері анықталды.

Мемлекеттік аудит барысында сонымен қатар биыл наурыз айындағы жағдай бойынша Қазақстандағы 109 медициналық ұйымның 19 миллиард теңгеге мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар екенін анықтады. Алайда ӘМСҚ қаражатының көлемін бөлу кезінде өнім берушілердің қаржылық жағдайы ескерілмейді, бұл халыққа медициналық қызмет көрсетуге теріс әсер етуі мүмкін.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 32 миллиард теңгеден астам рәсімдік заңбұзушылықтар мен 31,1 миллиард теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды.

Қаржылық шығындар мен жіберіп алған пайда сомасы 11,8 миллион теңге болған. Сондай-ақ, 65 рәсімдік заңбұзушылық, 154 өзге де заңбұзушылық және жүйелік кемшілік анықталды. Медициналық қызметтер мен тіркеулерге қосарланған ақы төлеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға