Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландтық Джон ван’т Схиптің кандидатурасы неліктен таңдалғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, ҚФФ жаңа бас бапкерді таңдағанда бірнеше негізгі талапқа назар аударған. Соның ішінде маманның ойыншы әрі бапкер ретіндегі тәжірибесі, күрделі жағдайда жұмыс істей алуы және ұлттық құрамаға қысқа мерзім ішінде қосылуға дайын болуы ескерілген.
Біріншіден, таңдау критерийлеріне тоқталайық. Біз ең үздік бапкерді алғымыз келді. Әрине, мүмкіндігінше өз мамандарымызға мүмкіндік беруге тырысамыз. Қазір Премьер-лигада жергілікті бапкерлер жұмыс істеп жүр. Болашақта олардың арасынан ұлттық құраманы басқаратын мамандар шығатынына сенеміз. Бірақ бізге ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де тәжірибесі бар, күрделі жағдайға тап болғанда оған төтеп бере алатын адам қажет болды. Бұл қасиеттер Джонда бар, – деді Скотт Манн.
Бас хатшының сөзінше, бапкерді таңдауда уақыт мәселесі де маңызды рөл атқарған. Өйткені ұлттық құраманы жақын күндері кезекті ойын күтіп тұр.
Бізге дәл қазір жұмысқа кірісе алатын адам керек болды. Бес күннен кейін-ақ ойын бар. Сондықтан уақыт факторы да маңызды болды, – деді ол.
Ал Джон ван’т Схиппен жасалатын келісімшарттың мерзімі әзірге жарияланбайды.
Келісімшарттың мерзімі туралы ақпарат бере алмаймыз. Бұл – құпия ақпарат, – деді ҚФФ бас хатшысы.
Жаңа бас бапкер қазақстандық жас футболшыларға да назар аударатынын айтты. Ол Дастан Сәтпаевтың ойынынан хабардар екенін жеткізді.
Дастан Сәтпаев туралы естігенмін. Ол – өте талантты ойыншы. Оның мәселесін бапкерлер штабымен ақылдасамыз. Дастанның ұлттық құрамада ойнауы біз үшін маңызды, – деді Джон ван’т Схип.
Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы Джон ван’т Схиппен ұлттық құраманың бас бапкері ретінде жұмыс істеу жөнінде келісімге келген. Оның тағайындалуы ҚФФ Атқарушы комитетімен келісілгеннен кейін ресми түрде рәсімделеді.