Еуропа чемпионы: Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері жайлы не білеміз

Еуропа чемпионы: Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері жайлы не білеміз
Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландтық маман Джон ван’т Шкиптің кандидатурасын ұсынды. Федерация маманмен ұлттық құраманың бас бапкері ретінде жұмыс істеу жөнінде келісімге келген.

Маманның кандидатурасын ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн таныстырды. Оның айтуынша, ұлттық құраманың алдында нақты міндеттер тұр. Соның бірі – УЕФА Ұлттар лигасында жоғары нәтиже көрсету.

Біздің алдымызда нақты мақсаттар тұр. Негізгі мақсатымыз – УЕФА Ұлттар лигасында жақсы нәтиже көрсету. ҚФФ отандық мамандарды да өте жоғары бағалайды. Джон екеуміз Қазақстан Премьер-лигасының ойындарына барып, футболшыларды бақылаймыз. Жергілікті және халықаралық мамандардың тәжірибесі бір арнада тоғысып, ұлттық құрамаға пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Ұлттық құраманың заманауи стильде ойнап, алаңда барын салатын футболшылардан құралғанын қалаймыз, – деді Скотт Манн.

ҚФФ мәліметінше, маманның тағайындалуы федерация жарғысына сәйкес Атқарушы комитетпен келісілгеннен кейін ресми түрде рәсімделеді. Атқарушы комитет отырысынан соң бапкермен келісімшартқа қол қойылады.

Фото: ҚФФ
Фото: ҚФФ

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы да жасақталды. Бас бапкердің көмекшілері – Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов. Қақпашылар бапкері – Юрий Новиков, дене даярлығы бапкері – Вадим Боровский, ал сарапшы бапкер – Тимур Құсайынов.

Джон ван’т Шкип жаңа қызметтің үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Біріншіден, Қазақстан футбол федерациясына алғысымды білдіргім келеді. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қазақстан халқының күрескер екенін білемін. Бірлесе атқаратын жұмысымыздың арқасында команданы жаңа деңгейге көтере аламыз деп ойлаймын, – деді ол.

Нидерландтық маман Қазақстан футболының соңғы жылдардағы дамуына да тоқталды. Оның сөзінше, ұлттық құрамаға футболшыларды жасына қарай бөліп қарамайды.

Қазақстан футболы жақсы прогреске жетті. Мен ойыншыларды жас немесе тәжірибелі деп бөлмеймін. Ұлттар лигасында бізді өте күрделі міндеттер күтіп тұр. Әртүрлі ойындарды көреміз, футболшылармен сөйлесеміз. Мен бұл жауапкершілікті өз мойныма алып отырмын. Енді алдымызда командамен үлкен жұмыс бар, – деді Джон ван’т Шкип.

Ол бұған дейін Армения құрамасындағы жұмысына да пікір білдіріп, ондағы нәтижеге көңілі толмағанын жасырмады.

Армениядағы сәтсіз тәжірибеден де сабақ алдық. Әрине, ол нәтижелерге көңілім толған жоқ. Сондықтан қызметтен кету туралы шешім қабылдадым, – деді маман.

Фото: Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

Джон ван’т Шкип кім?

Джон ван’т Шкип футболшы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсеткен. Нидерланд ұлттық құрамасының сапында ойнап, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанды.

Бапкерлік мансабын «Аякс» жүйесінде бастап, кейін клубтың бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларын жаттықтырған. 2016 жылы «Мельбурн Ситимен» бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.

Халықаралық деңгейде Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарды.

Айта кетейік, Джон ван’т Шкип пен ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн бұған дейін «Мельбурн Сити» клубында бірге жұмыс істеген.

Бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасын Талғат Байсуфинов жаттықтырған. Ол 2026 жылғы маусымда бас бапкер қызметінен кетті.

Оқи отырыңыз