Жаңалықтар

Конвергентті журналистика шығынды азайтады - Ерболат Мұхамедхан

Мемлекеттік тапсырысқа емес, халыққа жұмыс істеп ақша табуға болады
Конвергентті журналистика шығынды азайтады - Ерболат Мұхамедхан
Фото: El.kz 31.01.2023 19:29 1418

Қазақстанда журналист мәртебесін көтеру көзделген "Масс-медиа туралы" заң жобасына ұсыныстар мен түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, тегін тұрғын үй, жол жүру және автотұрақ сияқты әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі қарастырылуда. Осы салада еңбегі сіңген сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Еуропа елдеріндегідей баспасөз карталары қажет деп санайды. Ол арқылы журналистер түрлі шараларға тегін қатыса алады.

Бүгінгі таңда дәстүрлі БАҚ трансформацияланып, түбегейлі өзгеріске ұшырады. Себебі барлық медиа жаңаша бағытта өзгеріп, оның ішінде баспа басылымдардың әлеуетін көтеру бойынша өткен форумда жас журналистердің қатары мен конвергентті журналистика жайлы терең пікірлер талқыға салынды. Журналисттерді төртінші билік өкілі десек те, қоғам қазір аталмыш мамандарды мойындаудан қалып бара жатқандай. Десе де  шынайы ақпаратты таратушы медиа ешқашан өзектілігін жоғалтпайтыны анық.

Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігіне журналист Ерболат Мұхамедхан ашып айтып берді. Жас болса да, білікті журналист шетелден алған тәжірибесімен отандық әріптестерімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, конвергентті журналистиканы қос қолдап қолдайтынын да жеткізді.

«Мен өзім журналистика мамандығын оқымадым. Бірақ тағдыр жолы бойынша осы саланы жетік меңгердім. Алматыдағы Нархоз университетінде экономиканың бакалавры мен магистратурасын бітіргенмін. Кейін Қазақстан телеарнасына шақырту алып, журналистика саласындағы жолымды бастадым. Сол уақыт аралығында Бельгияның Брусия қаласында болып, көпсалалы журналистика дегеннің айқын көрінісін көрген едім. Ірі бір франциялық отырыс өтіп, үзіліс уақытында сыртқа шықтық. Бастапқыда оператор деп санап тұрған азамат қолындағы қағазына бірдеңелерін түртіп, кейін камераның алдына тұрып өзі сөйлеп сюжет түсіре бастады. Қызыққанымыздан жұмысын аяқтағаннан кейін жанына жақындап сұрап едік, жаңағы оператор деп тұрғанымыз өзі журналист, өзі диктор, өзі продюсер екен. Бір адамның бойында осыншама қасиет. Бұл біріншіден шығынды үнемдеу және журналистің жалақысын көтеру үшін жасалған тәсіл екен. Біз қайтып келгеннен кейін осы жүйені өзімізге енгізу үшін бірден продюссерден және қонақ редакторынан да бас тартқан едік.  Бір бағдарламада бір жүргізуші барлық маманның орнын жаба алады. Ол қазіргі шығындарды азайтудың бір жолы».

Журналист – шығармашыл адам. Әрине тек жазып, сөйлеп қана қоймай, оны түсіріп монтаждау да үлкен уақыт пен күшті қажет етеді. Конвергентті журналист болу қаншалықты қиын болғанымен, өзіңді профессионалдық тұрғыда шыңдау шабыт әкеліп, әлеуметтік жағдайды көтеруге мүмкіндік береді дейді ол.

«Медиа компания, телеканал, газеттер өзінің деңгейін арттыру үшін осындай бір жүйені енгізер болса табыс та, оқырман да, көрерменде артады. Оған қоса сөз бостандығы жайлы жаңадан енгізіліп жатқан жаңа заңнамалар қабылданса, журналисттер өзіндік күшке ие болып, даму сатысы жоғарылайтыны анық.

Қазіргі таңда оқырманның сұранысын қанағаттандыратын  БАҚ жоқтың қасы. Себебі барлығы мемлекеттік тапсырысқа жұмыс жасайды. Негізінен бұл да журналистің репутациясына әсер етеді. Қандай да бір шекараны сезіну жұмысты тежейді».

Оның айтуынша, біздің республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын шет елдердегі аймақтық журналистикамен де салыстыруға келмейді.

«БАҚ ютуб, подкаст жүргізу, фейсбук басқа да танымал әлеуметтік желілерді жүргізу арқылы-ақ қаражат түсіруге болады. Тіпті белсенді деген жақсы жазатын журналисті SMM-ға бейімдеуге болады. Сонда «продвижение» керек емес. Барлығы ашық платформада бар, тегін үйреніп алуға болады. Сонымен қатар, жарнамамен жұмыс жасай білсе, үлкен табысқа кенелуі әбден мүмкін. Ал бізде бұл тұрғыда қаражат үнемдейді. Шығындарды азайтып керісінше сол ақша сұрамайтын әлеуметтік желілерді жүргізетін маман даярласа үлкен прогресс болады».

Бүгінгі таңда БАҚ қызметкерлерінің репутациясы талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде билік өкілдерін сұрақ астына алып, қыспаққа салып жатқан журналистердің бейнероликтері тарап кетті. Бұл туралы да Ерболат өзінің ойын тарқата айтты.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдағы уақытта журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылатынын айтты. Осы заңнама қабылданып жатса, журналистерге жеңіл болатын еді. Жоғарыда айтылған мәселеге бір жақты ғана қарауға болмайды. Билік өкілдерінің де қате тұстарын көруге болады. Әрине мемлекеттік мекемелерде кез келген адам өзін лайықты түрде ұстауы керек. Бірақ билік өкілдерінің де сұрақтан қашуы дұрыс емес қой. Сұраққа жауап білмесе дәл солай шындығын айту керек. Бұл біріншіден азамат ретінде бір-бірін сыйлау деп түсінемін.

Ақпараттық кеңістікте жұмыс істейтін мамандарды жалақы мен әлеуметтік жағдай ғана емес, лауазымдарының өсуі алаңдатуда. БАҚ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жалғандық көбейген заманда шындықты айқындайтын журналисттер қатары көбейе берсін!» - деп сөзін аяқтады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға