Тілшілерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылады

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлім етті
El.kz
Фото: El.kz 25.01.2023 21:12 584

Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары форумында «Масс-медиа туралы» заңда кәсіби журналистерге қарастырылған жеңілдіктер жайлы сөз болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Ақпаратқа қол жетімділікті жеңілдету жөніндегі заң аясында журналистердің сауалына жауап беру міндеттеледі. Сондай-ақ тілшілердің сауалына жауап беру мерзімі де қысқарады. Бірақ кейбір сұрақтардың жауабы сапалы болуы үшін және өзге де ведомстволардың жауаптарын біріктіріп беру үшін оларға да уақыт беру керек. Дегенмен де 3-5 күн ішінде тілшілер сауалына сапалы жауап берілетін болады. Сонымен қатар тілшілер жолдаған сауалға жауап бермеген мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылады. Мұның бәрі журналистің ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдету мақсатында жасалып жатыр. Сонымен қатар қазір заң жобасы аясында кейбір ДСП деген құжаттардың алынып тасталуы, журналистің ақпаратқа қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету қарастырылған. Қазір «Қоғамдық бақылау және онлайн петиция» деген де заң жобасы Мәжілісте жатыр. Ол да журналистің жұмысын жеңілдетеді. «Масс-медиа туралы» заңда кәсіби журналистің мәртебесін көтеру, пресс-карттың кімдерге берілуі керектігі туралы айтылған. Журналистикаға адал азаматтар мен зерттеусіз, ешқандай тексерусіз «хайп» қуалағандардың арасында айырмашылық болуы керек. Жаңа заң жобасында журналистердің «Отбасы банктен» жеңілдікпен пәтер алу мәселесі мен  ауруханадан жеңілдіктер алу секілді ұсыныстар бар. Қарапайым бір мысал, көлігінде «пресса» деген жазуы бар журналистер автокөлігін кез келген жерге қою немесе кез келген мекемеге ену секілді басқа да ыңғайлы жағдайлар жасауды қарастырып отырмыз. Бірақ мұның бәрі көптеген ведомстволармен бірге қарастырылады. Олардың келісімі алынады. Содан кейін заң жобасы Мәжіліске енеді», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ ведомство басшысы Үкімет отырыстарына қатысатын, Парламентке тіркелген журналистердің жұмысына көңілі толмайтынын да білдірді. Оның айтуынша, БАҚ өкілдері талқыланған заң аясында, атқарылуы керек жұмыстар турасында емес тақырыптан тыс сұрақтар қойып жатады. Сол себепті салалық журналистиканы дамытудың өзекті екенін атап өтті.

Еске салайық, бүгін елордада өтіп жатқан форумға әр аймақтан 200 делегат келген. Форум ертең де жалғасады.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар