Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заңның орындалуы тұрақты бақылауда. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық өңірлік бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылған.
Оның сөзінше, күн сайын рақымшылыққа қатысты материалдардың уақытылы дайындалуы, олардың соттарға жолдануы және қабылданған сот шешімдерінің орындалуы бақылауда ұсталады.
Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданған. Оның ішінде 4 400-ге жуығын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6 900-ден астамын пробация қызметтері әзірлеген.
Қазіргі уақытта соттар мыңнан астам материалды қарап шыққан. Соның нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Олар бостандыққа шыққаннан кейін әкімшілік қадағалауда болады.
Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат та жазасын өтеуден босатылған.
Бұдан бөлек, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
Нияз Рыспаев рақымшылық әрбір сотталғанға автоматты түрде қолданылмайтынын атап өтті.
Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды, – деді ол.
Осылайша, Конституцияға байланысты жарияланған рақымшылық аясында соттардың қарауына мыңдаған материал жолданып, заң талаптарына сәйкес әрбір іс бойынша жеке шешім қабылданып жатыр.
Бұған дейін Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов да бостандыққа шығатыны туралы айтылған еді.