Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады

Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады
Фото: Жоғарғы сот

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжанов жақын арада бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев мәлімдеді.

Қорғаушының айтуынша, сотталғанға Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы акт қолданылған. Адвокаттың сөзінше, сот отырысы Степногорск қалалық сотында онлайн форматта өткен.

Байжанов сот отырысына онлайн қатысты. Сот қаулысы түзеу мекемесіне түскеннен кейін оны бірден босатуы тиіс, – деді Ғазиз Ынтықбаев.

Еске салсақ, 2025 жылдың шілдесінде Степногорск қалалық соты Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасау туралы өтінішті қанағаттандырған. Соның нәтижесінде оның жаза мерзімі 8 ай 8 күнге қысқартылды.

Ол кезде Байжанов жазасының 1 жыл 11 айын өтеп үлгерген еді. Бұған дейін оның 2026 жылдың қараша айында бостандыққа шығатыны күтілген.

Бақытжан Байжанов – Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бауыры. Ол қылмысты жасырып қалды деген айыппен кінәлі деп танылып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылған болатын.

Фото: Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы сот

Кімдер амнистияға ілігеді?

Заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыстар үшін сотталғандар жазадан толық босатылуы мүмкін.

Ал орташа ауырлықтағы қылмыс бойынша келтірілген залал толық өтелген жағдайда азамат толық босатылады. Егер залал өтелмесе, жаза мерзімі қысқартылуы ықтимал.

Амнистияға жиі кездесетін мынадай қылмыс түрлері енуі мүмкін:

  • ұрлық;
  • мал ұрлығы;
  • сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету.

Сонымен қатар кейбір экономикалық қылмыс бойынша да жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

Кімдерге амнистия қолданылмайды?

Заң жобасы адам өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм фактілеріне қатысты ешқандай жеңілдік қарастырмайды.

Атап айтқанда:

  • адам өлтіру;
  • өзін-өзі өлтіруге итермелеу;
  • денсаулыққа қасақана ауыр, орташа немесе жеңіл зиян келтіру;
  • ұрып-соғу;
  • азаптау;
  • сталкинг;
  • АИТВ жұқтыру;
  • жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар;
  • сыбайлас жемқорлық;
  • терроризм мен экстремизм;
  • қалыңдық ұрлау және дропперлік сияқты жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер амнистиядан тыс қалады.

Бұған дейін 590 мың қазақстандықтың айыппұлы кешірілгенін де айта кетейік. 

Оқи отырыңыз