1 қыркүйек – оқушы үшін жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, ұстазға деген құрметті білдіретін ерекше күн. Осы күні мұғалімге гүл сыйлау жақсы дәстүрге айналған. Алайда бұл үрдіс міндетке, жарысқа немесе ата-аналар үшін артық шығынға ұласпауы керек.
Оқу-ағарту министрлігі ұстазға ұсынылған гүлдің көлемі мен бағасы баланың немесе ата-ананың оған деген құрметінің өлшемі болмауға тиіс екенін жеткізді. Ең маңыздысы – ықылас пен шынайы ниет.
Сондықтан 1 қыркүйекте мұғалімге гүл сыйлау әр отбасының ерікті таңдауы болуы қажет. Бір бала ұстазына гүл сыйласа, енді бірі жылы лебізін айтып, өз қолымен жасаған шағын ашықхат ұсынуы мүмкін. Мұның бәрі – құрметтің түрлі көрінісі.
Мектептерде ақша жинауға жол берілмеуі тиіс
Білім беру ұйымдары мұғалімдерге гүл немесе сыйлық сатып алуды ұйымдастырмауы, ата-аналардан ақша жинауға бастамашылық етпеуі және қандай да бір сыйлықты міндеттемеуі керек.
Өйткені алғашқы қоңырау мерекесі ата-аналар арасындағы «кімнің гүлі қымбат?» деген жарысқа емес, баланың мектепке деген қызығушылығы мен ұстазға деген құрметін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Басты құндылық – қарапайымдылық пен ізгілік
Баланың мектеп табалдырығын алғаш аттаған немесе жаңа оқу жылын бастаған күнін артық даңғазадан гөрі жылы көңіл-күймен өткізген маңызды.
Ұстазға деген құрмет қымбат сыйлықпен емес, білімге деген ұмтылыспен, әдептілікпен, алғыспен және жақсы қарым-қатынаспен көрінеді.
1 қыркүйектің басты мақсаты – балаларды ұстазды қадірлеуге, қарапайымдылыққа, ізгілікке және білімді бағалауға тәрбиелеу. Ал гүл – осы құрметтің міндетті шарты емес, тек жүрек қалауымен жасалған шағын ілтипат.
Біз бұған дейін мектепке «макияжбен келген оқушының ата-анасына айыппұл салына ма?» деген сауалға жауап берген едік.