Мектепке макияжбен келген оқушының ата-анасына айыппұл салына ма?

Мектепке макияжбен келген оқушының ата-анасына айыппұл салына ма?
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда оқушы қыздардың мектепке макияжбен келуіне тікелей тыйым жоқ. Алайда мектеп өзінің ішкі тәртіп ережесінде мұндай шектеу енгізе алады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңындағы брифингте айтты. Сондай-ақ ол макияж үшін ата-анаға айыппұл салу мәселесіне түсініктеме берді.

Мектеп макияжға тыйым сала ала ма?

Шынар Ақпарованың айтуынша, қолданыстағы мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарда макияжға қатысты нақты тыйым қарастырылмаған. Дегенмен әр білім беру ұйымының өз жарғысы мен ішкі тәртіп ережесі бар.

Макияжға қатысты бұйрықта нақты тыйым жоқ. Алайда мектептердің типтік ішкі тәртіп ережелері мен жарғылары бар. Бірыңғай талапты сақтау үшін мектеп өз ережесінде балалардың ғимарат ішінде макияжсыз жүруі керектігін белгілей алады, – деді бірінші вице-министр.

Оның сөзінше, мұндай талап балалардың денсаулығын қорғау мақсатында да енгізілуі мүмкін.

Вице-министр мектеп формасына қатысты талаптарды да еске салды. Қазақстанда мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оның түсі мен үлгісін мектеп ата-аналар және қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп анықтайды.

Макияж үшін ата-ана айыппұл арқалай ма?

Макияж міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда тәртіп бұзушылық ретінде көрсетілмеген. Сондықтан оқушының сабаққа макияжбен келгені үшін ғана ата-анасына айыппұл салынбайды.

Дегенмен оқушылар мектептің жарғысын, ішкі тәртіп ережесін және бекітілген мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.

Мектеп формасына қатысты талаптар жүйелі түрде бұзылған жағдайда ата-анаға алдымен ескерту жасалып, кейін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл – 21 625 теңге.

Ал мектептің өзі енгізген макияжға тыйымды бұзу ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз бола ма деген мәселеге Шынар Ақпарова нақты тоқталған жоқ. Ол әкімшілік жауапкершілік міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамауға қатысты екенін түсіндірді.

Оқи отырыңыз