2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны азайғанымен, жолдардағы ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған мәліметке сәйкес, елде алты ай ішінде 15 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайыз төмен. 2025 жылдың алғашқы алты айында ел бойынша 15 698 жол апаты тіркелген.
Сонымен қатар, жол апатынан зардап шеккендердің саны да азайған. Қаңтар-маусым аралығында 21 007 адам түрлі жарақат алса немесе қаза тапса, өткен жылы бұл көрсеткіш 22 346 адам болған.
Жалпы зардап шеккендердің ішінде 20 200 адам жарақат алған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға аз және 807 адам көз жұмған, яғни жол апатынан қаза тапқандар саны 15,5 пайызға төмендеген. Былтырғы алғашқы жартыжылдықта 955 адам жол апатының құрбаны болған еді.
Жол апаты ең көп тіркелген өңірлер
Статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларынан ең көп зардап шеккендер мына өңірлерде тіркелді:
- Алматы қаласы – 3 989 адам;
- Алматы облысы – 2 225;
- Астана – 1 391;
- Жамбыл облысы – 1 295;
- Ақтөбе облысы – 1 248;
- Атырау облысы – 1 231.
Ал адам өлімімен аяқталған жол апаттары бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда алты айда 131 адам қаза тапқан. Одан кейін Алматы облысы (113 адам), Жамбыл облысы (78), Қызылорда және Қарағанды облыстары (әрқайсында 48), сондай-ақ Ақтөбе облысы (42) орналасқан.
Алматы – көлік те көп, апат та көп қала
Сарапшылардың айтуынша, жол апатының көп тіркелуі өңірлердегі көлік санының жоғары болуымен де байланысты.
Алматы Қазақстандағы ең көп көлік тіркелген қала болып қала береді. Қалада 2,3 миллионнан астам тұрғынға шаққанда 623 мыңнан аса жеңіл автокөлік тіркелген. Бұл – әр мың тұрғынға шамамен 266 көліктен келеді деген сөз. Астанада бұл көрсеткіш – 246 көлік, ал Шымкентте – 220 көлік.
Сонымен бірге, Алматыда жол-көлік оқиғаларының көлік санына шаққандағы үлесі де ең жоғары. Мұнда әр мың автокөлікке шамамен 5,77 жол апаты келеді. Салыстыру үшін, Шымкентте бұл көрсеткіш – 3,32, ал Астанада – 2,95.
Жол апаттарына көбіне жүргізушілер кінәлі
Комитет мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуынан болады. Мәселен:
- Алматыда тіркелген 3 598 жол апатының 2 716-сы жүргізушілердің кінәсінен болған;
- Астанада – 1 183 оқиғаның 924-і;
- Алматы облысында – 1 419-дың 1 225-і;
- Шымкентте – 945-тің 942-сі жүргізушілердің жауапсыздығынан орын алған.
Ал жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол апаттары айтарлықтай аз. Жолдардың сапасы немесе коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты болған оқиғалар болса, жекелеген жағдайлар ғана ретінде тіркелген.
Апат азайғанымен, қауіп сейілген жоқ
Ресми деректерге сәйкес, статистикаға тек адам жарақат алған немесе қаза тапқан жол-көлік оқиғалары ғана енгізілген.
Жалпы алғанда, көрсеткіштердің төмендеуі оң өзгеріс болғанымен, еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде Қазақстанда тәулігіне орта есеппен 84 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 116-дан астам адам түрлі деңгейде зардап шеккен.
Бұған дейін жол ережесін бұзатындарға қатаң шара қолдану ұсынылған еді.