Кене шаққанын қалай білеміз? Нені ескеру керек?

 pexels.com
Фото: pexels.com

Көктем мен жаз – табиғат аясында серуендеп, демалатын ең тамаша мезгілдің бірі. Алайда жылы күнді адамдар ғана емес, кенелер де асыға күтеді. Орманда, саябақта немесе көгал арасында байқалмай жүретін бұл ұсақ жәндіктер адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан табиғатқа шыққанда қарапайым сақтық шараларын сақтау өте маңызды.

Кене қандай ауру таратады? 

Кене – өрмекшітәрізділер тобына жататын паразиттер. Олар адам мен жануарлардың қанымен қоректенеді. Әсіресе иксод кенелері қауіпті саналады, өйткені олар түрлі жұқпалы ауруларды таратады. Соның ішінде ең кең таралғаны – лайм ауруы (боррелиоз) мен кене энцефалиті.

Бұл ауруды боррелия бактериялары қоздырады. Алғашқы белгілері кене шаққаннан кейін бірнеше күннен бір айға дейінгі аралықта байқалуы мүмкін. Адамның дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады, буын мен бұлшықет сырқырайды. Ең басты белгісі – шаққан жердің айналасында қызыл шеңбер тәрізді бөртпенің шығуы.

pexels.com

Уақыт өте келе ауру жүйке жүйесіне әсер етіп, көру қабілетінің нашарлауына, бет бұлшықетінің әлсіреуіне, есте сақтау проблемасына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда созылмалы артрит те дамиды.

Кене энцефалиті

Бұл – ми мен жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті вирустық ауру. Әдетте алғашқы белгілері шаққаннан кейін бір апта шамасында байқалады. Науқаста дене қызуы көтеріліп, қатты бас ауырады, әлсіздік пен қалтырау пайда болады. Ауру асқынған жағдайда адамның қозғалысы бұзылып, құрысу, есінің шатасуы секілді ауыр белгілер туындауы мүмкін.

Кененің қауіптілігі – оның шаққанын адам бірден сезбеуі. Өйткені ол теріге жабысқанда ауырсынуды басатын арнайы зат бөледі. Көбіне кене терісі жұқа аймақтарға жабысады: мойын, құлақтың арты, қолтық, желке және шап маңы.

Кене қай кезде белсенді болады?

Кене негізінен сәуірден қыркүйекке дейін белсенді. Әсіресе  мамыр мен шілде аралығы қауіпті кезең саналады. Олар қалың шөптің арасында, орман-тоғайда, бұталардың түбінде көп кездеседі. Қала ішінде де саябақтар мен көгалдарда болуы мүмкін.

Тіпті кене үйге де еніп кетуі ықтимал. Оны үй жануарларының жүнімен, гүл шоқтарымен немесе далада болған киім арқылы байқамай алып келуге болады.

Кене шақпау үшін не істеу керек?

Дұрыс киім таңдау

Табиғатқа шыққанда денені толық жабатын киім киген жөн. Ұзын жеңді жейде немесе жеңі тар кофта, балағы резеңкелі шалбар және биік шұлық қауіптің алдын алады. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қойған дұрыс.

Бас киім кию де маңызды, өйткені кене шаш арасынан да жабыса алады. Ашық түсті киім таңдаған тиімді – оның үстінде кенені тез байқауға болады.

pexels.com

Арнайы қорғаныс құралдарын пайдалану

Кенеден қорғайтын репеллент спрейлер де көмектеседі. Олар теріге немесе киімге жағылады. Мұндай құралдардың құрамында жәндіктерді үркітетін арнайы заттар болады.

Киім мен туристік жабдықтарға арналған перметрин секілді инсектицидтер де тиімді. Бірақ оны денеге тікелей қолдануға болмайды.

Серуеннен кейін міндетті түрде тексерілу

Үйге келген соң:

  • киім мен аяқкиімді мұқият қарау;
  • денені толық тексеру;
  • үй жануарларының жүнін қарап шығу;
  • душ қабылдау қажет.

Кене бірден жабыспай, бірнеше сағат бойы денеде жүруі мүмкін. Сондықтан уақытылы тексеру қауіпті азайтады.

Егер кене шағып алса не істеу керек?

Ең бастысы – үрейленбеу. Кенені маймен, бензинмен немесе басқа сұйықтықпен тұншықтыруға болмайды. Бұл керісінше инфекцияның ағзаға көбірек таралуына себеп болуы мүмкін.

Кенені қалай дұрыс алу керек?

Кенені пинцетпен немесе арнайы құралмен теріге барынша жақын жерден ұстап, жайлап жоғары қарай тарту керек. Қатты қысып немесе жұлып алуға болмайды.

burninghut.ru

Шаққан жерді кейін антисептикпен өңдеу қажет. Ал егер кененің бір бөлігі теріде қалып қойса, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.

Дәрігерге қаралу не үшін маңызды?

Кенені алып тастағаннан кейін инфекционист дәрігерге көріну қажет. Себебі кей аурулардың белгілері бірден байқалмайды. Алғашқы симптомдар кәдімгі тұмауға ұқсас болуы мүмкін:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • әлсіздік;
  • бас ауруы;
  • бұлшықет пен буынның сырқырауы;
  • бөртпе шығуы.

Өзін-өзі емдеумен айналысу қауіпті. Уақытында анықталған ауруды емдеу әлдеқайда жеңіл болады.

Табиғаттағы демалыс денсаулыққа пайдалы болғанымен, қауіпсіздік ережелерін ұмытпау керек. Кенеден қорғанудың ең тиімді жолы – сақтық шараларын сақтау, дұрыс киіну және серуеннен кейін міндетті түрде тексерілу. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ғана қауіпті аурудың алдын алуға көмектеседі.

Оқи отырыңыз