Жаңалықтар

IV.Үмбетей жырау

Осы оқиғаның содан кейінгі жалғасы суреттелетін келесі толғау – «Жауқашарға» деп аталады.
31.03.2014 08:50 10033

Осы оқиғаның содан кейінгі жалғасы суреттелетін келесі толғау – «Жауқашарға» деп аталады. Алғашқы толғаудан мәлім болғандай, Жауқашар – тоғыз тентектің әкесі. Толғау осы адамға арналған.

Толғауды оқып шыққан кезде Жауқашардың өз мінезі, оның ұлдарының барымтадан кейінгі қылықтары және олар шапқан іргелес ауылдың қандай ел екендігі анық танылады. Жырау бұл жәйттердің қай-қайсын да өмірдегі қалпында суреттейді. Жауқашардың өз бейнесін:

«Бұрала біткен адамдай Қисық біткен адамсың», – деп сынай бейнелесе, көршілес елді:

«Жол атаң – «енем баласы», Жатырқауды білмейді. Ортайса да шарасы, Арамдыққа жүрмейді», – деп сипаттайды.

Осы шумаққа зер салсақ, Жауқашар балалары озбырлық жасаған ауылдың кісі баласына қиянаты жоқ, өзгенің ала жібін аттамайтын, түзу пейілді ел екенін және бұл елді төңіректегі жұрт «Жол-атаң балалары» деп қадірлейтінін, өзгелерден гөрі жолы үлкен екенін көреміз. Осындай сыйлы атаның ұрпағына жәбір көрсету ағайын арасында қандай наразылық туғызғанын бағамдай беруге болады. Демек, Үмбетей жырау «Бәкеге» және «Жауқашарға» деген арнауларында Жауқашар балаларының оспадар әрекетіне өз ренішін ғана жеткізіп тұрған жоқ, іргесі тұтасып жатқан ағайын арасына алақұйын от түсіре жаздаған тентектерге елдің ашуын да көрсетіп тұр. «Бәкеге» арнауының алғашқы шумағында:

Дін пұсырман баласы Адамдықтан жерімес. Тіл пұсырман, қарашы, Арамдықтан шегінбес.., – деп жыраудың өзі айтқандай, ол бұл толғауларында адамшылық жайын тіл ұшымен ғана жақтап қоймай, шын пейілімен, іс-әрекетімен көрсету қажеттігін алға тартады. Демек, Үмбетей өз дәуірінде ел бүтіндігіне, туысқан арасының тұтастығына сына түсірмеуге күш салған жырау болғаны даусыз.

Өз заманында Үмбетей жыраудың ел бастаған ханға да, қол бастаған батырға да, сөз бастаған жырауларға да сөзі өтімді, өткір тілді, батыл мінезді адам болғаны «Ей, Ақтамберді, Қабанбай!» деп басталатын толғауынан анық байқалады.

Осы орайда Ақтамберді жыраудың «Уа, қарт Бөгембай!» деп басталатын толғауын да еске алар болсақ, онда бұл екі толғаудың бір сәтте айтылғанын байқаймыз. Қос толғаудың мазмұнын ой таразысынан өткерсек, онда толғаулардың шығуына себеп болған жағдай да, сол оқиғаға қатысушы тұлғалар да анық танылады.

Ақтамберді толғауы:

«Уа, қарт Бөгембай!

Құяр жауын аспаннан Қара бұлт торласа,

Пәлекет елде көбейер

Жігітті жігіт қорласа...» – деп басталып, сөз түйіні өз елінің азаматына қиянат еткен жігітті жазалау қажеттігін талап етумен аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға