Жаңалықтар

IV.Ақтамберді жырау

Үзінділерден аңдалатындай, жырау толғауларындағы сезім күйлері де, арман-аңсарлар да біртіндеп өзгере түседі.
31.03.2014 06:45 6795

Үзінділерден аңдалатындай, жырау толғауларындағы сезім күйлері де, арман-аңсарлар да біртіндеп өзгере түседі. Алғашқытолғаулардағы жетімдігіне, жалғыздығына қапалы баланыңішкі күйініші кейінгі толғауларда ертеңгі күннен үміттенуге, өзін-өзі қайрай жігерленуге ұласса, одан кейінгі толғауларда бұл сезім елдің қамын көздеген ер жігіттің асқақ арманына айналады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ақтамберді жырау толғауларының өмірлік шындықтан арна тартып жататыны оның алғашқы толғауларынан-ақ айқын танылады. Ал, бұл қатардағы туындылар легін «Жағалбай деген ел болар...», «Жел, жел есер, жел есер...», «Жағама қолдың тигенін...», «Дұшпаннан көрген қорлығым...», «Көк көгершін, көгершін...» деп басталатын толғаулар түзеді.

Кеудесінде оты бар әрбір қазақ баласы үшін «жалаулы найза жанға алып, жау қашыру» азаматтық парызға айналған дәуірде «ел-жұртты қорғайлап, өлімге бас байлай, жауға шапқан» Ақтамберді жыраудың келесі топтағы жыр-толғауларынан асқақ рухты, батыр болмысты, қаһарман жүректі қазақ баласының нені арман етіп, не үшін жауға шапқаны, адам бойынан қандай қасиеттерді қастер тұтқаны анық танылады. Сонымен бірге, бұл туындылардан жыраудың өр мінезі, өмір іздері де романтикалық рухта асқақтала бейнеленеді. Мәселен, жыраудың «Салпаң да салпаң жортармын...» деп басталатын толғауынан айбындана көрінетін бейнені сол кезеңде жаугершіліктен көз ашпаған барша қазақ баласының жиынтық бейнесі ретінде де, сондай-ақ, Ақтамбердінің өз өмірінен желі тартыпжатқан арынды жаратылысының көрінісі ретінде де бағамдауға болар еді.

Егер толғауды жыраудың өз болмысына қатысты қарастырар болсақ, ондағы бейнелі көріністердің өмірлік шындықтан ауытқымайтынына көзіміз жетеді. Жырау қолданысындағы «Торлаусыз өскен құлан», «Байраққа біткен құрақ», «Жапанға біткен терек», «Қарағайға қарсы біткен бұтақ» іспетті тіркестер – сөз ажарлау үшін ғана ауызға оралған сөздер емес, бейнелене ұсынылған жыраудың өз өмірі. Себебі – осындағы «құлан», «құрақ», «терек», «бұтақ» сөздерінің алдынан келетін тіркестердің әрқайсысы – жырау өмірінде болып өткен түрлі жағдайлардың және сол жағдайлардың әсерімен қалыптасқан жырау мінезінің бейнелі көрінісі. Осы толғаудың:

...Қарағайға қарсы біткен бұтақпын, Балталасаң да айрылман; Сыртым құрыш, жүзім болат, Тасқа да салсаң, майрылман! – деп түйінделетін соңғы тармақтарына қарасақ, бала кезінен бастап-ақ өмір қиыншылықтарына қасқая қарсы тұрып, өзін өзі шыңдап келе жатқан жыраудың әбден қалыптасып үлгергенжаужүрек болмысын танимыз. Ал, осы тұста оның жеткіншек кезіндегі ой-армандарын еске оралтсақ, онда жыраудың ат жалын тартып мінген кезеңде ел мұратын ту етіп, намысын асқақ ұстайтын өр тұлғаға айналғанына кәміл сенеміз.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға