iPhone 18 неге Қазақстанда тіркелмей жатыр? Компания түсініктеме берді

iPhone 18 неге Қазақстанда тіркелмей жатыр? Компания түсініктеме берді
Фото: mvideo.ru

Шетелден жаңа iPhone 18 сатып әкелген қазақстандықтар смартфондарын IMEI жүйесінде тіркеу кезінде қиындыққа тап болды. Кейбір қолданушылар бірнеше аптадан бері верификациядан өте алмай жүргенін айтып шағымданған. Мәселенің себебін Қазақстанда мобильді құрылғыларды IMEI бойынша верификациялаумен айналысатын компания түсіндірді.

«Екі аптадан бері тіркей алмай жүрмін»

Мәселе шетелден сатып алынған iPhone 18 смартфондарына қатысты болып отыр. Қазақстанға оралғаннан кейін құрылғыны заң талаптарына сәйкес верификациядан өткізу қажет. Алайда қазір жүйе iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды тіркеуге мүмкіндік бермей тұр.

Қолданушылардың бірі жаңа телефонын екі аптадан астам уақыт бойы верификациядан өткізе алмай жүргенін айтқан.

Шетелден сатып алған iPhone 18 Қазақстанда кәдімгі «кірпішке» айналды. Екі аптадан бері верификациядан өте алмай жүрмін. Сайтта мұндай мүмкіндік жоқ. Қоңырау шалдым, жаздым, бірақ қашан іске қосылатынын өздері де білмейді. Не істеу керек?, – дейді ол.

Осындай жағдайға тап болған өзге қолданушылар да әлеуметтік желіде шағымдарын жазып жатыр. Бірі сайтты күн сайын тексеретінін айтса, енді бірі техникалық қолдау қызметінен нақты жауап ала алмағанын жеткізген.

Қазір kz-imei.kz сайтында iPhone 18 модельдерін верификациялау техникалық жұмыстарға байланысты уақытша қолжетімсіз екені көрсетілген.

Шектеу не үшін енгізілді?

Қазақстанда мобильді құрылғыларды IMEI бойынша верификациялаумен айналысатын ATS Mediafon KZ компаниясы iPhone 18 желісіне қатысты шектеу барын растады.

Компания мәліметінше, қазір верификация жүйесіне техникалық баптау жүргізіліп жатыр. Бұған жеке тұлғалардан түскен өтінімдерді тексеру кезінде анықталған бірқатар күмәнді жағдай себеп болған.

iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау техникалық тұрғыда уақытша шектелді. Бұл жеке тұлғалардың өтінім беруі кезінде анықталған тәуекелдер мен ауытқуларды ескере отырып, верификация жүйесін баптау жұмыстарына байланысты, – деп түсіндірді компания.

Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік мониторингі кезінде кей азаматтардың жеке деректері мен электрондық цифрлық қолтаңбасын үшінші тұлғалардың иесінің рұқсатынсыз пайдаланған жағдайлары анықталған.

Сонымен қатар екінші IMEI-ді тексеру жүйесін заңсыз пайдалану белгілері және Мобильді азаматтар базасындағы абоненттік нөмірлерді заңсыз өзгерту қаупі байқалған.

Компания жеке тұлғалардан өтінімдердің көптеп түсуіне байланысты құрылғыларды заңсыз верификациялаудан қорғау тетіктерін күшейту қажет болғанын атап өтті.

Қашан қайта іске қосылады?

Қазір жүйені жетілдіру және азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған техникалық жұмыстар жалғасып жатыр. Алайда iPhone 18 құрылғыларын верификациялау нақты қай күні қайта басталатыны әзірге белгісіз.

ATS Mediafon KZ техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл туралы қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Компания өкілдерінің сөзінше, жүйе қайта іске қосылған соң құрылғыны заңды түрде сатып алған азаматтар iPhone 18 смартфондарын кедергісіз верификациядан өткізе алады.

Бұған дейін Бас прокуратура iPhone 18-ге қатысты ескерту жасаған еді.

Оқи отырыңыз