Жаңалықтар

III.Ақтамберді жырау

Ақтамберді жыр-толғауларының басты бір ерекшелігі – жыраудың өз өмірінің және өз дәуірінің тыныс-тіршілігінен бастау ала келіп, келер күндерде ниет еткен арман-тілектерге, мақсат-мұраттарға ұласып кетуі.
31.03.2014 06:42 7100

Ақтамберді жыр-толғауларының басты бір ерекшелігі – жыраудың өз өмірінің және өз дәуірінің тыныс-тіршілігінен бастау ала келіп, келер күндерде ниет еткен арман-тілектерге, мақсат-мұраттарға ұласып кетуі. Жыраудың алғашқы туындылары қатарындағы «Жағалбай деген ел болар...» деп басталатын толғауының соңы:

...Атадан жалғыз туғанның Жүрегінің бастары

Сары да жалқын су болар, Жалғыздық, сені қайтейін!.. – деп түйінделетіні бар.

Үстірт қарағанда, осы толғау бала жыраудың өз шарасыздығына, дәрменсіздігіне күйіне налитын сезім ауанын бейнелейтіндей көрінгенімен, шығарманың ішкі серпініне, іс-әрекеттің әлі де жалғасатынын аңғартатын интонациялық ырғағына зер салсақ, шағын көлемді осы толғаудың өзінен-ақ Ақтамбердінің өз келешегіне кәміл сенімді оптимистік көзқарасын таныр едік. Толғауға оптимистік рух дарытып тұрған жәйт – ұйқасқан тіркестердегі етістіктердің «болды», «болды-ау» формасында емес, «болар» түрінде келуі, яғни бұл қолданыс іс-әрекеттің үзілді-кесілді аяқталғанын көрсетпейді, керісінше, жалғаса беретінін байқатады. Демек, бала жырау өзінің жалғыздығына сол тұста налығанымен, алдағы күндерден үміт үзбейді. Осыған ұқсас сипат «Жел, жел есер, жел есер...» толғауына да тән.

Аталған толғауларда іштегі арман анық айтылмай, тек іштегі күйініш пен көңілдегі арманның аңдалар-аңдалмас шарпысуы бейнесінде көрінсе, «Жағама қолдың тигенін...» деп басталатын толғауда жыраудың арман-мұраты ашық ұсынылады. Осы ерекшеліктердің себебін болжап көрер болсақ, алдыңғы екі толғауды Ақтамбердінің бұғанасы қата қоймаған бала кезіндегі ең алғашқы туындылары ретінде бағамдауға болады.

Ал жыраудың кейінгі толғауларында өзінің атадан жалғыздығы,жетімдігі салдарынан туындап жататын мұң анық мақсатқа, ішкі қайрат-жігермен қанаттанып жатқан арманға ұласып, Ақтамбердінің оптимистік рухы айқындала танылады. Бұл сипат Ақтамбердінің жыр-толғаулары оның өз болмысындағы өзгеріс-құбылыстармен етене ұштасып жататынын, яғни өмірлік шындықтан бастау алатынын айғақтайды. Мәселен, келесі бір толғаудағы:

Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық, сенен көремін... – деп басталатын жолдарға қарасақ, жыраудың балалық шақта кедейшілік, жоқшылық зардабын аз тартпағанын көреміз. Солай бола тұрса да, оның жоқшылық салмағына жаншылып қалмай, алдағы күндеріне үміт арта, жігерлене ұмтылуы Ақтамбердінің тумысынан мұқалмас қайратқа ие жан болғанын аңғартады. Осы толғаудың келесі тармақтарында оның:

...Жасым жетіп он беске,

Кірер ме екем кеңеске;

Бұғана қатып, бел бекіп,

Ерегескен дұшпанмен

Шығар күн туса күреске! – деп жырлауы да жыраудың жігерлі болмысын танытады. Жыраудың бала кезіндегі туындыларынан оның дүниетаным кеңістігінің ұлғаю эволюциясын да көре аламыз. Мәселен, жоғарыда айтылған толғауларында бала жырау, негізінен, өзінің жеке өмірінен тамыр тартып жатқан арман-тілектерін алға тартса, сәл кейінірек айтылған толғауларында бұл арман ел мұратымен ұштасқан азаматтық мақсатқа айналады.

...Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке;

Жауға қарай аттандым

Жеткіз деп құдай тілекке! – деп жырлаған кездегі Ақтамберді – жетімдігіне, жалғыздығына налып жүрген жеткіншек емес, дұшпанның қорлығына кектене, ел мұратын ту ете, ел намысы үшін жауға аттанған батыр бозбала.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға