Жаңалықтар

II.Үмбетей жырау

Үмбетей жыраудың қолдағы бар өлең-жырларына үңілсек, олардың негізгі мазмұны арнау үлгісінде жырланаты­нын байқаймыз.
31.03.2014 08:44 9598

Үмбетей жыраудың қолдағы бар өлең-жырларына үңілсек, олардың негізгі мазмұны арнау үлгісінде жырланаты­нын байқаймыз. Халықтық дәстүрдегі жоқтау, естірту үлгісінде келетін «Бөгембай өліміне», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» іспетті толғауларының өзінде арнау сарыны басым келеді. Осы сипаттарға қарай отырып, Үмбетей жыраудың нақты жағдайды нақты адамға қатысты ала отырып, ой толғауға бейім болғанын аңғарамыз. Осыған орай, Үмбетейді өз дәуіріндегі поэзияда арнау жанрының қанат жая дамуында маңызды роль атқарған жырау ретінде тану абзал.

Сөз бастауында «Үмбетей туындыларында ақындық поэзия элементтері қылаң беріп отырады» деген пікір білдірген едік. Енді осы ойымызды нақтылай түсейік.

Жалпы, бұл сипат Үмбетей шығармаларының қай-қайсында да азды-көпті ұшырасып отырады. Әйтсе де, осы ерекшелік айқын танылатын жырау шығармасы – «Бұқарға» деген толғауы.

Бұл – екі бөліктен тұратын шығарма. Алғашқы бөлігі халықтық дәстүрдегі 7-8 буынды толғау үлгісінде келсе, екінші бөлігі 11 буынды өлең үлгісінде келеді. Сыртқы пішінінде айырмашылық болғанымен, мазмұны жағынан бірін бірі толықтырып тұрған толғау жанрындағы туынды.

Аталмыш толғаудың бірінші бөлігіне жалпылама дидактикалық-риторикалық сипат тән. Сол себепті:

«...Кетеген болса түйең жау, Тебеген болса биең жау, Ұрысқақ болса ұлың жау, Керіскек болса келінің жау, Үйіңдегі ұлың жаман болса, Есіктегі құлмен тең;

Қойныңдағы қатының жаман болса, Қаңтардағы мұзбен тең...» – деген үлгіде жырланатын алғашқы мәтінді жыраудың өмірден көрген-білген, танып-таразылаған жағдайларынан туындаған жалпылама ой түйіні ретінде де қабылдауға орай бар. Бұқардың әйелін ишаралай суреттейтін:

«Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау,

– Арқаңа артқан тұзбен тең!» – деген жолдардың өзінде нақтылықтан гөрі, жалпылай бейнелеу басым.

Мұндай сипат жыраулар шығармашылығына тән ерекшелік болса, толғаудың келесі бөлігінде ақындар поэзиясына тән ерекшелік басымдық танытады. Нақтылай айтқанда, бірінші шумақтағы жалпылама дидактика біртіндеп нақтылық элементтеріне ұласып, реалистік бейне жасалады. Бұқардың әйелінің мінез-құлқын бейнелеуге тікелей арналған:

«...Бәйбішең аю болса аса алмассың, Қарау болса «әй» деуге бата алмассың, Мейманға отың басы болса суық, Еліңе жақсы жігіт атанбассың...» – деген шумақтағы әйел бейнесіне назар аударсақ, бұл адамның мінезі дөрекілеу, бет қаратпас шайпаулығы бар, әрі келімді-кетімді қонақты жақтырмай, салқын қабақ танытатын сараң қолдау, пейілі тарлау жаралған жан екенін аңдаймыз.

Жыраудың толғау түйінін:

 «...Тоты құс жарқанатқа пенде бопты, Бұқарым, айтар мінің осы-ақ екен» – деп тұжыруы да сондықтан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға