Жаңалықтар

Ғоламреза Хашеми: Қазақстан мен Иранды байланыстыратын дүние көп

Ғоламреза Хашеми: Қазақстан мен Иранды байланыстыратын дүние көп
Фото: Әлеуметтік желіден 26.11.2023 14:29 605

Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы еліміз егемендік алғалы бері тығыз-қарым қатынаста. Екі ел арасында бүгінде экономикалық және дипломатиялық байланыс орнап, жыл өткен сайын нығайып келеді. Сауда-саттық аясында Қазақстан Иранға астық экспорттауда ірі жеткізуші болып саналады. Ал Ираннан елімізге келетін азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдарының көлемі көп. Қазіргі уақытта қос мемлекет арасындағы Экономикалық айналымдар 3 млрд долларға жуықтаған. Осы орайда деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Ғоламреза Хашеми мырзамен сұхбаттасқан болатын. Маңызды міндет атқарып отырған дипломат қазір әлеуметтік-мәдени, экономикалық бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы емен-жарқын әңгіме айтып, пікір білдірді.

El.kz: Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасында тығыз экономикалық байланыс ортатылғалы отыз жылдан асты. Қазір екі ел арасындағы байланыс қандай сипатта өрбіп жатыр?

Ғоламреза Хашеми: Иран Ислам Республикасы Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болып саналады. Отыз жылда екі ел арасындағы қарым-қатынас тек қана алға қарай дамып келе жатыр. Олардың арасында жоғары мәртебелі үкімет адамдарының жұмыс сапарымен Иранға барып келгеніне сан рет куәміз. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Иранға іссапармен барып және аса маңызды келісімдерге қол жеткізді. Экономикалық айналымдар көлемін 3 миллиард долларға дейін жеткізуге келісті. Қос ел арасында 14 күнге дейін визасыз режим енгізілгені де маңызды шешімдердің бірі екенін айтуымыз керек. Қазіргі уақытта оны 30 күнге созу келіссөзі жалғасып жатыр. Осыған дейін Қазақсатн мен Иран арасында экономикалық комиссияның 18 рет отырысы өтті. Енді 19-шы отырыс алдағы аптада Қазақстан Республикасының вице-премьері Серік Жұманғариннің қатысуымен өтеді. Бұл екі ел арасынла қарым-қатынасы туралы болмақ. Енді Маңғыстау облысы туралы айтсақ Ақтау порты Қазақстан үшін ең маңызды порт саналады. Бұл Иранға да өте маңызды. Себебі, Ақтау біз үшін солтүстікке шығатын маңызды дәліздің бірі болып есептеледі. 2009 жылы Иран Ислам Республикасы Ақтау қаласында алғаш болып консулдығын ашты. Одан бұрын да кеме қатынасының кеңсесі ашылған болатын. Ақтау портының екі терминалы бойынша 70 пайызы иранды қемелер құрайды. 2015 жылы Иран, Түркменстан, Қазақстан арасында теміржол ашылды. 14 күндік визасыз режим енгізілгелі бері Қазақстан мен Иран арасында туристер еркін келіп-кете алатын болды. Қыркүйек айына дейін Ақтау мен Тегеран арасында тікелей әуе рейсі бар еді. Ол тек қана туристерді тасымалдайтын. Күзде ауа райы салқындағандықтан туристердің азаюына байланысты уақытша тоқтатылды. Менің ойымша наурыз айында аталған рейстер қайта ашылады. Одан бөлек, апта сайын Ақтау-Сари, Ақтау-Горган арасында тұрақты әуе рейстері бар.

El.kz: Ақтау қаласы арқылы Иран Ислам Республикасымен тығыз тұрақты байланыс бары белгілі. Осы ретте сауда-саттық бойынша алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асырылуы мүмкін?

Ғоламреза Хашеми: Осының барлығы екі ел арасындағы экономикалық сауда-саттық әлеуметтік және мәдениет саласындағы қарым-қатынастардың дамып жатқанын көрсетеді. Және біз бас консул ретінде осы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, дамытуымыз керек. Бұл осы жақтың жақсы бір тиімділігі мұнда Иранда туған қазақтар көп. Олар екі ел арасындағы байланысты ұстап тұруға көп септігін тигізеді. Қиын замандар кезінде кейбір қазақтар Иранға ауып келген. Кейін олардың дені тарихи атамекеніне қайта оралды. Қазір Иранда қазақтар негізінен Горган, Бендертүркмен, Гомбат қалаларында тұрады. Біз этнос өкілдерін өте құрметтейміз. Маңғыстауда Иранмен сауда-саттық жасап отырған кәсіпкерлердің көбі парсы елінен оралған қазақтар. Мәдени жағынан да жақсы қарым-қатынастамыз.

El.kz: Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының арасында алтын көпір болып отырған Каспий теңізі ғой. Алайда қазіргі уақытта Каспийдің суы жылдан жылға тартылып жатыр. Осы орайда Иран тарапы теңіздің экологиялық мәселесіне қатысты қандай кешенді жұмыстар атқарып жатыр?

Ғоламреза Хашеми: Каспий теңізі бес мемлекеттің арасындағы ортақ айдын. Бұл теңіз ежелден бері келе жатыр. Біз оған жақсы қарап, кейінгі ұрпақ та оны көруі керек. Иран Ислам Республикасында Каспий теңізі және экологиялық қарау өте маңызды болып саналады. Қазіргі таңда теңіздің ластануы және балықтардың азаюы өзекті. Су деңгейінің төмендеуі де проблема болып отыр. Жалпы, үш мәселені жағалаудағы бес мемлекет өте қатты қарау керек деп ойлаймын. 2003 жылы бес мемлекет конвенцияға қол қойды. Оның мақсаты - Каспий теңізін сақтауға бағытталған. Бұл Тегеранда 2003 жылы қабылданғандықтан «Тегеран конвенциясы» деп аталды және бізде соған қатысты комиссия бар. О Каспий теңізіндегі тірі жәндіктерді сақтаумен айналысады. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет қол қойған және оны атқару керек. Иранның саясаты бойынша осындай бес мемлекет арасында жиын болса теңіздің ластанбауын қатты қарау керек мәселелерді үнемі қозғайды. Каспий теңізінің экологиясын біз бірінші кезекте қарауымыз керек. Көбіне біз теңізді экономикалық тұрғыда ғана мән береміз. Біз ең бастысы оның жайын жақсартуға тиіспіз және бұл өте маңызды. Себебі біз бұл теңізді сақтап қана қоймай, болашақта ол біздің ұрпаққа керек болады. Қазір қарап отырсақ басқа мемлекеттерде экологиялық тазалық жағынан қарап жатқан жоқ.

El.kz: Иран Ислам Республикасындағы мәдениеттің түбі тереңнен сыр тарады. Елдің сәулет өнері, тоқыма өнеркәсібінің өзі талайдың қызығушылығын тудырып, зор сұранысқа ие...

Ғоламреза Хашеми: Иранның мәдениеті туралы айтатын болсам, біздің ел мыңжылдық тарихи бар мемлекет. Парсы елінде түрлі ұлттар тұрады. Иранның оңтүстігін алып қарасақ онда арабтар, балуштар бар. Солтүстігінде түркмендер, қазақ көп. Басқа провинцияларда әзербайжандар, ауғандар өмір сүріп жатыр. Баяғы замандағы тарихқа қарасақ, Иран дәл сол қалпымен келе жатыр. Көп ұлттар тұрғаннан кейін сол себептен бізде түрлі мәдениеттер барын да айтымыз керек. Яғни, әрбір провинциясына барсаңыз басқаша мәдениетті көрген болар едіңіз. Бір ғана Наурыз мейрамын алатын болсақ ол бізде ұлттық мереке болып есептеледі. Наурызды әр ұлт басқаша тойлайды. Мәселен, басқа да мерекелер де солай ұлттардың ерекшелігіне қарай аталып өтеді. Иранның 80-90 пайызы мұсылман. Мұсылмандар да сүннит және шейіттер болып бөлінеді. Бізде христиандар да бар. Бұрын әлем елдерінің шекаралары қазіргі халықаралық шекаралар секілді емес еді. Иранның мәдени шекарасы да сол кездері қазіргіден асып кететін. Қазақстанның Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларындағы кейбір салынған тарихи-мәдениет ескерткіштерінде парси сәулет өнерінің белгісі байқалады. Мысалы, Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи кесесі, одан басқасының барлығы ертеде парсы сәулетшілерінің қатысуымен салынған деп санаймыз. Өзбекстан, Түркменстан да да осындай тарихи ескерткіштерді көп кездестіруге болады. Парсы тілінің сөздері тек Орталық Азияда таралмаған. Ресейдің оңтүстік аумағындағы кавказ елдерінде парсы сөздері жиі кездеседі. Бұның себебі Иранның түрлі мәдениеттерінің барымен байланысты. Жалпы оны екі кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші исламға дейін және одан кейін кезеңдер. Иран 1400 жыл бұрын мұсылманшылықты қабылдады. Иранның мәдениеті және оның тамыры екіге бөлінеді. Ислам және кейін мәдениеті. Исламға дейінгі кезеңді айтатын болсақ өте терең мәдениеті және дамыған бір мемлекет болған. Персеполис секілді мәдениеттер Ислам келгенге дейінгі салынған нысандар екен. Агбаш деген қалада үлкен университет болған. Джонишапур деп аталған. Қазіргі сіздер көріп отырған Иран мәдениеті екі дәуірдің қосынды болып саналады. Қандай мәдениет көрсеңіз де оның тамыры осыдан басталады. Баяғыдан жеткен мәдениеттің бірі Наурыз мерекесі. Бұл парсы тілінде жаңа күн деген мағынаны береді.

El.kz: Сіз Иранның Ақтаудағы Бас Консулы ретінде қандай мәдени жұмыстар атқаруды көздейсіз?

Ғоламреза Хашеми: Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің оқушысымен сөйлескен кезімде қазақтың жарты сөзінің түбі парсыдан шығады деген ойға қалдым. Бұның барлығы екі елдің арасында тығыз байланысты барын көрсетеді. Ш.Есенов университетінде парсы тілін оқыту қолға алынатыны туралы айтылды. Алдағы уақытта бір мамандық ретінде жолға қойылмақ. Оқу орнында Иран орталығына қатысты бір кабинет бар. Университеттің президенті алда Иранға іссапармен барғалы жатыр. Иран қазір білім жағынан да дамып келеді. Біздің университеттер өкілдерімен сөйлескен кезде Қазақстандағы студенттер грант беріп, Иранға барып оқып келуі бойынша келістік. Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы алда Иранның Мазандаран, Гүлістан аймағына сапармен барғалы отыр. Ақтау және Форт-Шевченко қалаларындағы музейде болып, онда қойылған жәдігерлермен таныстық. Сол музейге барғанда қызметкерлерден Қазақстан мен Иран арасындағы байланысқа қатысты деректерді сұрадым. Иран қазақтары осы музейге бірнеше жәдігерді табыстаған. Алда мәслихат хатшысы Иранға барған кезде музей өкілдері барып, өздері болатын қалады шағын көрме өткізуді көздеп отыр. Иран мен Қазақстан арасында тарихи және мәдени көптеген ортақ байланыс бар. Бұдан бөлек, Ақтаудағы «Достық» үйіне де бардық. Осында көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Олар тарапынан біздің елдің мәдени орталығын ашу туралы ұсыныс болған жоқ. Егер ұсыныс болса біз қабылдап, ашуға дайынбыз.

El.kz: Әлем спортында Иран балуандары алдыңғы лекте келе жатыр. Олимпиада, әлем чемпионаттарында сіздердің балуандар үнемі үздіктер қатарында. Парсы халқы тумысынан балуан ел ме? Олардың үнемі үздіктер қатарынан көруінің себебі неде?

Ғоламреза Хашеми: Жалпы бұның бірнеше себебі бар. Соның бірі бұрынғы мәдениеттің әсері бар. Сонымен бірге, Ирандағы түрлі ұлттардың да қатысы бар. Әр ұлт өзіндік ерекшелігімен дараланады. Мысалы, күрдтер табиғатынан ірі болып келеді. Лор ұлтының өкілдері иықты болып келеді. Ирандағы күрес баяғы заманнан бар. Сол секілді ат спорты да біздің қанымызға сіңген. Үшіншісі, заманауи технология бойынша бапкерлердің ерен еңбегі жатыр деп санаймын. Бұдан бөлек, футбол, волейбол, күрестен өзге аймақтардан келіп сабақ алып, біліктілігін жетілдіреді. Барлығы дей алмаймын, бірақ кейбір спортта Иранда әлем бойынша өте мықты екенін баса айтқым келеді. Күрес жағынан мықты деп айтуға болады. Өзге мемлекеттің құрамалары бірлескен оқу-жаттығуларын өткізіп жүр. Өзім спортты тұрақты қарап отырамын. Көпшілік жанкүйерлер Иранның балуандарының Олимпиада, әлем чемпионаттарындағы жетістігін көріп жүр. Бірақ біздің елдің спортшылары барлық мүмкіндігін көрсетіп жатқан жоқ. Егер барын салса нәтиже қазіргіден де жоғары болар еді. Себебі, Иранда көп мүмкіншілік бар. Халқы көп, географиялық жағынан орналасқан жері ыңғайлы. Соның бәрі тікелей әсер етеді.

El.kz: Негізінен Иранда қанша ұлт тұрады? Олар өз тілдерін қолдана ма?

Ғоламреза Хашеми: Иранның заңы бойынша ислам, христиан, яхуди діні бар. Иран ішінде басқа да діндермен жүруге болады. Мысалы, әзірбайжандар тығыз қоныстанған аймақ сол тілде ғана сөйлейді. Мысалы, телеарналары да сол тілде хабар тарады. Иранда Әзірбайжан деген провивинция бар. Сол секілді Күрдістанға барсаңыз да жағдай тура сондай. Лористанда да адамдар өзара лори тілінде сөйлейді. Түркмендер де өте көп. Олар ел ішінде өздерінің ұлттық киімдерінде жүреді. Горган қаласында қазақтар ғана тұратын ауыл бар. Қазақтың ұлттық киімін еркін киіп жүре береді. Мысалы, Ақтаудағы консулдықтағы қызметкерлердің дені Ираннан келген қазақтары. Олар Иранда туып-өскен. қазақ тілін ұмытпай, өз арасында сақтай алған. Бізде бір қызметкер бар. Ол иранда туған. Ана тілін еркін біледі. Бірақ қазақша жаза алмайы.Оған үнемі үйренуді айтып отырамын (күлді)

El.kz: Иранның автоөндірісі ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Алда отандық көліктерін Қазақстанға экспорттауды қарастыра ма?

Ғоламреза Хашеми: Көптеген елдерге Иран көлік тасымалдайды. Мысалы, Әзірбайжан, Ирак, Армения, Түркменстан, Қырғызстанға көлік жеткізіп жүр. Ал Қазақстанда 10 жыл бұрын Алматы қаласында кеңсесі болған. Қазір жабылып қалды. Айта кететін жайт, көлік бойынша Иран тарапы Ресейге де экспорт жасайды.

El.kz: Сыртта жүрген соң елдің имиджін қалыптастыруға да сіздер дипломат ретінде үлес қосасыздар. Қазақстандықтар Иранды қай деңгейде таниды деп санайсыз?

Ғоламреза Хашеми: Иран мен Қазақстан арасында қарым-қатынас, келісім болғанымен әлі күнде қазақстандықтар біздің елді жіті танымайды екен. Жалпы, ақтаулықтармен сөйлескенімде көбінің біздің елді мүлдем білмейтініне көзім жетті. «Қай жақта?» деп сұрайды. БАҚ өкілі ретінде біздің елді таныстыруға сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар. Сондықтан журналист ретінде түрлі материалдар жариялау арқылы Иран келбетін көрсетуге болады деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға