Forbes Қазақстандағы ең көп жалақы алатын компания басшыларын анықтады

Forbes Қазақстандағы ең көп жалақы алатын компания басшыларын анықтады
Фото: AI көмегімен жасалды

Forbes Kazakhstan елімізде алғаш рет ең жоғары жылдық сыйақы алған бас директорлардың (CEO) рейтингін жариялады. Тізімге 2024 жылы компанияны жеке өзі басқарған және қызметі үшін ең қомақты еңбекақы алған 20 топ-менеджер енген.

Басылымның мәліметінше, рейтингке енген басшылардың бір жылдық сыйақысы 113,4 миллион теңгеден 841,9 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал барлық 20 CEO-ның бір жылда алған жиынтық табысы 7,5 миллиард теңгеден асты.

CEO деген кім?

CEO (Chief Executive Officer) – компанияның бас атқарушы директоры, яғни кәсіпорынның күнделікті қызметіне толық жауап беретін ең жоғары лауазымды тұлға. Ол компанияның даму стратегиясын қалыптастырып, инвестициялық шешімдер қабылдайды, қаржылық нәтижелерге жауап береді және директорлар кеңесіне есеп береді. Сондықтан халықаралық тәжірибеде CEO-лардың жалақысы олардың басқаруындағы бизнестің көлемі мен қаржылық нәтижесіне қарай белгіленеді.

Ең жоғары жалақы қай салада?

Рейтингке қарағанда, ең жоғары сыйақы алған басшылар негізінен тау-кен металлургиясы, мұнай-газ және мұнай сервистік компанияларда еңбек етеді. Forbes мұны бұл салалардағы компаниялардың айналымы миллиардтаған, тіпті триллиондаған теңгемен есептелетіндігімен түсіндіреді.

20 компанияның сегізі тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ секторына тиесілі. Сонымен қатар авиация, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда саласының өкілдері де рейтингке енген. Ал қаржы ұйымдарының басшылары бұл тізімде жоқ. Себебі банктер мен сақтандыру компанияларында атқарушы орган бірнеше адамнан тұратын басқарма болғандықтан, әрбір басшының жеке сыйақысы ашық жарияланбайды.

Рейтинг қалай жасалды?

Forbes Kazakhstan рейтингті жасау кезінде тек қоғамдық маңызы бар компаниялардың ашық қаржылық есептеріне сүйенген. Мұндай ұйымдар атқарушы орган мүшелерінің жалпы сыйақысы туралы ақпаратты Қаржылық есептілік депозитарийіне жариялауға міндетті.

Рейтингке тек 2024 жыл бойы компанияны жеке өзі басқарған CEO-лар енгізілген. Егер компанияда бір жыл ішінде басшы ауысса немесе атқарушы орган бірнеше адамнан тұрса, ондай ұйымдар тізімге қосылмаған. Сондай-ақ 2025 жылғы есептердің бір бөлігі әлі жарияланбағандықтан, зерттеу 2024 жылғы мәліметтер негізінде дайындалған.

Ең көп жалақы алған CEO кім?

Рейтингтің көшін «Қазхром» компаниясының бұрынғы бас директоры Сергей Прокопьев бастады. Оның 2024 жылғы жылдық сыйақысы 841,9 миллион теңгені құрады.

Екінші орында «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасының» басшысы Сельчук Танрыверди тұр. Оның бір жылдық табысы 793,2 миллион теңге болған.

Үшінші орынға «Талап» медициналық компаниясының жетекшісі Ольга Дунаева жайғасқан. Ол 2024 жылы 560,5 миллион теңге сыйақы алған.

Рейтингтегі қызықты деректер

Forbes жариялаған мәліметке сәйкес, рейтингке енген 20 басшының 18-і ер адам, екеуі ғана әйел. Сондай-ақ бес CEO ERG тобына кіретін компанияларды басқарады және олардың барлығы алғашқы ондыққа енген.

Тағы бір қызық жайт  – рейтингтегі жалғыз бөлшек сауда компаниясы Mega Center Management болды. Оның бас директоры Айжан Төлемісова 2024 жылы 113,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алып, үздік жиырмалықтың соңғы сатысына орналасты.

Қазақстанда топ-менеджерлердің табысы туралы мұндай рейтинг алғаш рет жарияланып отыр. Ол ірі компаниялардың басшыларына төленетін сыйақы көлемін ғана емес, ел экономикасында қай салалардың табысты екенін және корпоративтік басқару жүйесінің қалай жұмыс істейтінін де көрсетеді.

Бұған дейін қазақстандықтар «өзін кедей сезінбеу үшін» қанша айлық алғысы келетінін айтқан еді.

Оқи отырыңыз