Еуропалық одақ қоршаған ортаны қорғау және пластик қалдықтарын азайту мақсатында 2030 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа экологиялық талаптарды күшіне енгізеді. Бұл өзгерістер ең алдымен ЕО елдеріне саяхаттайтын туристерге, қонақүйлерге, әуежайлар мен теміржол вокзалдарына әсер етеді.
Еуропада туристерді қандай өзгерістер күтеді?
Еуропалық одақтың қаптама және қаптама қалдықтары туралы жаңа регламенті қысқа мерзімде қолданылып, кейін қоқысқа тасталатын бірреттік пластик өнімдердің көлемін барынша азайтуды көздейді. Осыған байланысты саяхат кезінде бұрын қалыпты саналған бірқатар қызметтер мен заттар қолданыстан шығарылады.
Чемоданды пленкамен орау тоқтатылады: 2030 жылдан бастап ЕО елдеріндегі әуежайлар мен теміржол вокзалдарында жүк сөмкелері мен чемодандарды бірреттік стрейч-пленкамен орау қызметіне тыйым салынады. Бұдан былай саяхатшылар жүктерін қорғау үшін бірнеше рет пайдалануға болатын матадан тігілген қаптарды, арнайы белдіктерді немесе аспалы құлыптарды қолдануға тиіс болады.
Қонақүйлердегі шағын бөтелкелер жоғалады: Еуропадағы қонақүйлерде бұрыннан ұсынылып келген шағын көлемдегі сусабын, душ гелі, лосьон және жеке қапталған сабындар да қолданыстан алынады. Олардың орнына қабырғаға орнатылған көп рет толтырылатын дозаторлар немесе экологиялық талаптарға сай қайта пайдаланылатын ыдыстар қойылады. Айта кету керек, көптеген еуропалық қонақүй желілері бұл жүйеге қазірдің өзінде көшіп жатыр.
Мейрамханалардағы бірреттік қаптамалар қысқарады: Жаңа талаптарға сәйкес мейрамханалар мен кафелерде кетчуп, майонез, қыша, қант, тұз, дәмдеуіштер мен кофе қаймағын бірреттік пластик сашелерде ұсынуға болмайды.
Дегенмен бұл ереженің бірнеше ерекшелігі бар. Атап айтқанда алып кетуге немесе жеткізуге арналған тағамдарға мұндай қаптамаларды қолдануға рұқсат етіледі және медициналық мекемелер үшін де арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Бұл өзгерістер не үшін қажет?
Еуропалық одақтың мақсаты – қайта өңдеуге қиын пластик қалдықтарының көлемін айтарлықтай азайту. Сонымен қатар жаңа талаптар бизнес өкілдерін көп рет пайдаланылатын өнімдерге көшуге ынталандырып, табиғи ресурстарды үнемдеуге ықпал етеді.
ЕО елдеріне сапар жоспарлаған азаматтарға алдын ала көп рет қолданылатын чемодан қаптамасын немесе қорғаныс белдігін сатып алған жөн. Сондай-ақ жеке гигиена құралдарына арналған қайта толтырылатын шағын құтыларды алып жүру де ыңғайлы болады. Бұл жаңа талаптарды сақтауға ғана емес, саяхатты экологиялық тұрғыдан жауапты етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Еуропа жаңа авиациялық ережелерді бекітіп, рейс кешіксе, өтемақы берілетінін мәлімдеген еді.