Еуропалық одақ (ЕО) 10 жылдан астам уақытқа созылған келіссөздерден кейін әуе жолаушыларының құқықтарын күшейтетін жаңа ережелерді ресми түрде қабылдады. Құжат 2027 жылдан бастап күшіне енеді және рейс кешіккен жағдайда өтемақы төлеу, қол жүгін тегін алып жүру, билет рәсімдеу кезіндегі қосымша төлемдерді шектеу сияқты маңызды мәселелерді қамтиды.
Бұл өзгерістер Еуропадағы миллиондаған жолаушының құқығын қорғауды күшейтсе, Қазақстан сияқты азаматтары жиі халықаралық бағыттарға ұшатын елдер үшін де өзекті. Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар әлемдік авиация нарығындағы қызмет көрсету стандарттарының жаңа кезеңін қалыптастыруы мүмкін.
Өтемақы төлеу тәртібі сақталды
Жаңа регламенттің басты ерекшелігі – рейс үш сағаттан артық кешіккен немесе мүлде тоқтатылған жағдайда жолаушылардың өтемақы алу құқығы сақталды. Ережеге сәйкес:
- 3500 шақырымнан асатын рейстер үшін жолаушыларға 300 еуро көлемінде өтемақы төленеді;
- егер кешігу төрт сағаттан асып кетсе немесе рейс тоқтатылса, өтемақы 600 еуроға дейін жетеді.
Сонымен қатар жолаушылар өтемақы талап ету туралы өтінішті тоғыз ай ішінде бере алады. Ал әуе компаниялары өтінішті қарастырып, қаражатты төлеуге немесе төлемнен бас тартуға негіз болатын төтенше жағдайларды дәлелдеуге 30 күн уақыт алады.
Мұндай талаптар авиакомпаниялардың жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қол жүгіне қатысты дау азая ма?
Соңғы жылдары Еуропада арзан әуе тасымалдаушыларының қол жүгін ақылы ету тәжірибесі жиі сынға ұшырады. Әсіресе шағын чемодан немесе рюкзак үшін қосымша ақы алынуы жолаушылар арасында наразылық тудырған болатын.
Жаңа ереже бойынша жолаушылар көлемі 40×30×15 сантиметрге дейінгі жеке затын тегін алып жүру құқығын сақтайды.
Бұдан бөлек, авиакомпаниялар билет іздеу сервистерінде немесе брондау платформаларында қол жүгі енгізілген тарифті бірден көрсетуге міндеттеледі. Яғни жолаушы билет сатып аларда нақты не үшін ақша төлеп жатқанын алдын ала біледі.
Сонымен бірге компаниялар қол жүгінсіз саяхаттауды өз еркімен таңдаған адамдарға арзанырақ билет ұсына алады. Бұл тұтынушыға таңдау мүмкіндігін береді.
Жасырын төлемдерге шектеу қойылады
Жаңа регламент тағы бірнеше маңызды жаңалық енгізіп отыр. Енді билеттегі есімдегі қателерді түзету үшін қосымша ақы алынбайды және жолаушылар цифрлық отырғызу талонын ешқандай қосымша қосымша жүктемей немесе аккаунт ашпай-ақ ала алады. Бұл өзгерістер әсіресе онлайн билет сатып алатын жолаушылар үшін рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.
Еуропалық комиссия бұл реформаны алғаш рет 2013 жылы ұсынған болатын. Алайда көптеген мемлекеттер мен ірі әуе компаниялары жаңа талаптарға қарсы шықты.
Авиация саласының өкілдері өтемақының көп болуы билет бағасының қымбаттауына әсер ететінін айтып келді. Ал тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар керісінше, авиакомпаниялардың жауапкершілігін күшейтуді талап етті. Ақырында екі тараптың мүддесін ескеретін компромистік шешім қабылданды.
Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?
Қазақстан Еуропалық одақтың авиациялық заңнамасына бағынбайды. Дегенмен жаңа ережелер қазақстандықтар үшін де маңызды.
Біріншіден, Еуропаға немесе ЕО аумағынан ұшатын көптеген қазақстандық жолаушы осы құқықтарды пайдалана алады.
Екіншіден, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған мұндай реформалар уақыт өте келе басқа елдердің де авиациялық заңнамасына ықпал етеді.
Қазақстанда да рейс кешіккен жағдайда жолаушылардың құқықтары заңмен қорғалады. Алайда өтемақы төлеу тәртібі мен мөлшері Еуропадағыдай кең көлемде қарастырылмаған. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, әлемдік тәжірибені зерделеу отандық авиация саласын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Әлемдік авиациядағы жаңа стандарт
Соңғы жылдары жолаушылар тек билет бағасына ғана емес, көрсетілетін қызметтің сапасына да көбірек мән бере бастады. Әсіресе пандемиядан кейін рейстердің кешігуі, жүктің жоғалуы мен қосымша төлемдер мәселесі жиі көтерілді.
ЕО қабылдаған жаңа регламент осы мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды қадам саналады. Құжат жолаушылардың құқықтарын нақтылай отырып, авиакомпанияларды ашық әрі жауапты жұмыс істеуге міндеттейді.
2027 жылдан бастап күшіне енетін жаңа ережелер Еуропада әуе тасымалы қызметінің жаңа сапа стандартын қалыптастыруы мүмкін. Ал бұл тәжірибе болашақта әлемнің өзге елдеріндегі авиация саласына да әсер етуі ықтимал.