489.36
533.45
4.99

News

Кәсіпті нәсіп еткен Қыстаубаевтар әулеті

Кәсіпті нәсіп еткен Қыстаубаевтар әулеті
10.06.2019 15:10 4135

Жыл сайын дәстүрге айналған  «Мерейлі отбасы» республикалық  байқауында биыл Алматы облысының намысын  қорғау екі отбасыға бұйырды. Солардың бірі ­­­– Қыстаубаевтар әулеті.

Фотода: Қыстаубаевтар отбасы

Жастайынан еңбекке араласқан әулет отағасы Әбдіжаппар Қыстаубаев бүгінде егін және  мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық иесі Балқаш ауданы Бірлік ауылына қарасты алқаптарда күріш өсіріп, оны қазіргі уақытта республиканың барлық қалаларымен және көрші Ресей мен Қырғызстан елдеріне де экспортқа шығарады.

 ­­­– Мұндай байқаулар біздің қазақ еліне нағыз керек нәрсе. Өйткені, мұны көрген әрбір азамат үлгілі әрі өнегелі отбасы болуға тырысады. Меніңше, келешек жас ұрпақты қазақтың салт-дәстүрін  бойына сіңіртіп, тәрбиелеу қажет. Соның арқасында елін, жерін, отбасын бар жан-тәнімен сүйетін әрі қамқор болатын азаматтар өсіп жетіледі. Ал олар біздің жарқын болашағымыздың кепілі, - дейді Ә.Қыстаубаев.

Жұмыста темірдей тәртіпті ұстанатын әулет отағасы осыдан жиырма жыл бұрын «Октябрьдің 50 жылдығы»  савхозы базасында «Агрофирма Бірлік» ЖШС-ті құрды.  Содан бері аграрлық фирманы басқарып, халықты еңбекке шақырып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Әбдіжаппар Қыстаубаев  ­­­–  өз өңіріндегі белгілі меценаттардың бірі. 

Өз ортасына сыйлы әулет Бірлік ауылында өтетін барлық шаралардың бел ортасында жүреді. Қолдан келер көмектерін аямайды. Өздерінің күнделікті кәсібімен қоса, Қыстаубаевтар қайырымдылықпен де айналысады. Үйдің отағасы  шетелден туған жерге оралған қандастарымызға қамқорлық танытып келеді. Әсіресе Монғолия мен Қарақалпақстаннан келген отандастарымызды баспанамен және тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Оған қоса, жеті көп балалы отбасыға 19 млн теңгеге сатып алынған жеті үйдің кілтін табыстап, оларды үлкен қуанышқа бөлеген екен. 

­­­– Ауылдағы жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға әрдайым көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, жыл сайын бірнеше балаларды мектепке қажет керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Ауыл, аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға белсене атсалысып, қаржылай көмек көрсетіп келе жатқан еңбегімізді  әділ-қазылар алқасы бағалаған секілді, - дейді ол.

Қазақ ұлттық аграрлы университетінің құрметті профессоры бүгінде егін, мал шаруашылығының өнімді болуына талмай еңбек сіңіріп келеді. Оған қоса, Әбдіжаппар Өгізбайұлының осындай елеулі еткен еңбегі еленіп, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», Оксфорд саммитінен «Жыл менеджері», «Сала көшбасшысы» секілді марапаттарға ие болған және Алматы облысы мен Балқаш ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет», «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Есімі «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енген Ә.Қыстаубаев қазірде «Агрофирма Бірлік»»  ЖШС-ті  басқарып отыр.

Алпысты алқымдаған отағасы мен Сауықкүл Сауықбайқызының шаңырақ көтеріп, өмірдің талай қызығы мен қиындығын қатар көріп келе жатқандарына биыл 38 жыл болыпты. Отанасы отбасылық аграрлық фирманың ашылған сәтінен бастап, сонда есепшілік жұмысты талмай атқарып келеді. Бухгалтерлік қызметте біраз тәжірибесі бар маман осыдан бес жыл бұрын халықаралық бизнес рейтингісінің «Үздік есепші» сыйлығымен де марапатталыпты.

– Сауықкүл апаң өте сабырлы, мінезі жайдары кісі. Демалыс уақытында отбасымен серуендегенді,  іс тіккенді және үйге қонақ шақырып, адамдармен әңгімелескенді ұнатады,   дейді Әбдіжаппар Өгізбайұлы.

Бақытты да үлгілі жанұя үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде үйдің үлкенінің жасы – 37-де, ортаншысы – 34-те, кішісі  – 28 жаста,  ал үйдің кенже бұрымдысы бар болғаны 13-те екен. Ұлдарының барлығы бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып, бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған.

 – Тұңғыш ұлым Мэлс «Бірлік құрылыс жөндеу» ЖШС-нің директоры, екінші ұлым Алмас «Агрофирма Бірлік»  ЖШС директорының орынбасары, кіші ұлым Жандос біздің фирмадан бөлек  «Бірлік АЖА» ЖШС құрып, герефорд бұқалары мен ақбас сиырлар секілді асыл тұқымды және ірі қара малдарды өсірумен айналысып келеді. Кенже Айтолым Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №12 мамандандырылған мектепте 6-сыныты тәмамдады,  дейді отанасы.

Алмас пен Жандос Қыстаубаевтар әке жолын қуып, кәсіптің бірнеше саласында жемісті еңбек етіп келеді. Сол сияқты бұл әулеттің шығармашылықтан да құр алақан емес екенін айта кетейік. Себебі үйдің кенжесі Айтолы бос уақытында музыкалық аспаптарда  ойнап, түрлі халықтың билерімен әуестенеді екен. Оның соңғы уақыттары фортепиано аспабына деген қызығушылығы артып келеді.

Қыстаубаевтар шаңырағының келіндері өте қарапайым, тәрбиелі, инабатты, ибалы, ақылы көркіне сай жаны жайсаң жандар.

– 2005 жылы, 2008 жылы және 2012 жылдары үйімізге үш келін түсірдік.  Қазір үлкен келінім Айым үй шаруасымен және бала тәрбиесімен айналысады. Ортаншы келінім Айжан енесі секілді бас есепші болып қызмет етеді. Кіші келінім Ұлпан  да Айым сияқты үй шаруасымен және бала тәрбиесімен шұғылданады. Олар өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен, қазақилығын жоғалтпай әулетте абыройлы болып отыр, - дейді отағасы.

Ағалы-інілі бауырлардың сыйластығы өз алдына, әулет келіндері де тәрбиеліліктерінің арқасында бір үйдің қыздарындай болып кеткенін байқауға болады. Қазіргі таңда Қыстаубаевтар әулетінің тұңғышы Алматы қаласында тұрса, ал қалғандары бір ауылда берекелі әрі мерекелі, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Ұйымшылдығымен сенімділіктің, бірлік пен адамгершіліктің, сыйластық пен құрметтің арқасында толағай табыстарға жетіп жүрген әулет «Мерейлі отбасы» байқауына алғаш рет қатысып отырғанын тілге тиек етті.

– Бұл байқауға қатысу туралы ұсыныс әкімдік тарапынан болды. Содан отбасымызбен ақылдаса келе бұған қатысып, бағымызды сынап көреміз деп шешім қабылдадық. Алайда нәтижесі біз күткеннен де керемет болды.  Жарыс басталған сәттен бізді қолдаған әрі  жанкүйер болған барша отандастарыма айтар алғысымыз шексіз. Алдағы ақтық сында да үлкен нәтиже көрсетеміз деп ойлаймыз, - дейді ол.

Алматы облысы бойынша  бірінші орын иегерлерінің бірі  Қыстаубаевтар қаймағы бұзылмаған қазақи, өз кәсібіне адал, ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын, отбасылық құндылықтарды берік ұстанатын әулет. Төрт баланың әкесі Әбдіжаппар Өгізбайұлы тату әрі абыройлы отбасы болудың құпиясымен бөлісті.

– Жанұя шағын мемлекет деп  бекерден-бекер айтылмайды. Кез келген нәрсе ынтымаққа, бірлікке байланысты өрбиді. Шаңырақтың шайқалмауы үшін ең бастысы ауызбіршілік, сыйластық, мейірімділік, түсіністік және сенім қажет деп ойлаймын. Оған қоса ата-баба дәстүрін де сыйлауды ұмытпаған жөн. Үлкендерді қадірлеп, кішілерге әрдайым ізеттілік көрсете білуіміз керек. Бастысы еліміздегі барлық отбасылар нығая берсін, гүлдене берсін деген жылы тілегіміз бар, - дейді ол.

Сонымен қоса, әулет отағасы шаңырақтағы ер азаматтың рөлі әрқашан жоғары тұрып, ал әйел адам бір саты төмен болса, отбасының шырқы бұзылмайды дегенді алға тартады. Ауызбіршілігімен, жалпақ жұртқа өнеге боларлық істерімен жеңіске жеткен Қыстаубаевтар отбасы үшін бұл үлкен жеңіс.  

– «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде  жеңімпаздар қатарынан табылғанда бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Аламанда топ жарып, бәйгенің жүлдегері атанғанда  бар күш-жігеріңді салғаныңды, тер төккеніңді және өзіңе сенім артқандардың үмітін  ақтағанымыз  үшін қатты қуандық, - дейді үйдің отағасы.

Осымен алтыншы рет өткізіліп жатқан байқаудың бүгінгі қазақстандық отбасыларға берер тәрбиелік мәні зор. Бұл байқау ең бастысы қатысушыларға  мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын шараға айналған. Мейірім мен жылылыққа толы Қыстаубаевтар әулетіне отбасы құндылықтарын дәріптейтін  ақтық байқауда сәттілік тілейміз.

–  Бар тілегім, бала-шағаммен, немерелеріммен  яғни  отбасыммен  бірге бір шаңырақ астында бақытты өмір сүру.  Алға қойған биік-биік мақсаттарымызға ұрпағымызбен бірге жетуді қалаймын. Қазіргі кезде ұл-қыздарымыз бен кішкентай немерелерімізді Қазақстанның патриот, елін, жерін сүйетін азаматтары етіп тәрбиелеуге тырысып келеміз, - дейді ол.

Әбдіжаппар және Сауықкүл Қыстаубаевтар алдағы күзде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Алматы облысының атынан бақ сынайды. Осындай бірлігі жарасқан берекелі отбасылар еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. Ал көпшілік жыл сайын дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауы арқылы ел ішіне сыйлы жандардан құралған жанұялармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алып отыр.  Еліміздегі үздік әрі үлгілі отбасыларды анықтап, оларды көпшілікке таныстыратын мұндай игі бастамалар көп болуын тілейміз.

Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл конкурс ең әуелі жанұя құндылығын арттыруға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол. Бір шаңырақ астында бірлігі мен ынтымағы жарасып, ата-бабадан жеткен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жалғастырған мерейлі әулеттер қатары жыл сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Еліміздегі шаңырақ көтерген әрбір жанұяның іргесі мықты әрі тату-тәтті болса, онда Қазақстан елі де мығым болмақ. Әулетінде береке мен бірліктің лебі бар, саналы да салиқалы ұрпағы бар және ұлттық менталитетімізді әспеттейтін отбасылардың әрқайсысы – еліміздің мерейін асқақтатуға өлшеусіз үлес қоспақ.

(Суреттер  Қыстаубаевтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

 

Share:
Telegram Subscribe to our Telegram channel and be the first to know the news!