Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы 2026/27 маусымының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омониясын» пенальти сериясында жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
Жауапты кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Негізгі уақыт алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды 37-минутта бразилиялық шабуылшы Эдмилсон соғып, оған нәтижелі пасты португалиялық қорғаушы Луиш Мата берді.
Кездесудің 26-минутында «Омония» шабуылшысы Андроникос Какуллис қызыл қағаз алып, қонақтар он ойыншымен қалды. Осылайша екі матчтың қорытынды есебі 1:1 болып теңесті.
Қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады. Ал 111-минутта кипрлік клуб тағы бір ойыншысынан айырылып, қорғаушы Сену Кулибали алаңнан қуылды. Нәтижесінде жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
11 метрлік айып соққыларында «Қайрат» 6:5 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков қарсыластың екі соққысын қайтарып, команданың жеңісіне зор үлес қосты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осылайша алматылық клуб Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты. Бұл кезеңде «Қайрат» Болгарияның «Левски» (София) немесе Румынияның «Университатя» (Крайова) клубтарының бірімен кездеседі. Келесі кезеңдегі өз алаңындағы матч Түркістандағы «Түркістан Аренада» өтеді. Себебі осы уақытта Алматыдағы Орталық стадионда америкалық әнші Канье Уэсттің концерті жоспарланған.
Матчтан кейін бас бапкер Рафаэль Уразбахтин алдымен жанкүйерлерге алғысын айтып, оларды маңызды жеңіспен құттықтады.
Эмоция, гол, пенальти – бәрі болды. Әрине, біз матчты пенальти сериясына дейін жеткізгіміз келген жоқ. Бірақ ең бастысы бәрі біздің пайдамызға шешілді. Қызыл қағазға дейін де команда сауатты ойын көрсетті. Қысқа уақыт ішінде қарсыласты мұқият талдап, теориялық дайындыққа ерекше көңіл бөлдік, – деді бас бапкер.
Сондай-ақ ол команданың тығыз ойын кестесіне тоқталып, футболшыларға қалпына келуге және отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік берілетінін айтты.
Ең маңызды мақсатымызға жеттік, яғни еурокубоктың күзгі кезеңіне қатысуды қамтамасыз еттік. Бірақ біз бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейміз. Алдымыздағы мақсаттарды орындауға күш саламыз, – деп түйіндеді Рафаэль Уразбахтин.
Бұған дейін біз неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізетіні туралы жазған едік.