Жаңалықтар

«Дикий Арманның» досы, Тұрсынбаеваның күйеуі: «Нойс» туралы не білеміз?

«Дикий Арманның» досы, Тұрсынбаеваның күйеуі: «Нойс» туралы не білеміз?
Фото: instagram.com/imanaliyev_nurzhan 14.07.2023 16:09 31435

«Дикий Арман», яғни Арман Жұмагелдиевтің қасында жүретін Нұржан «Нойс» Иманалиевтің қылмыстық тобы ұсталғанын бұған дейін хабарлағанбыз, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция бірнеше қалада арнайы операция жүргізіп, «Нойстың» қарамағындағы ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі қолға түскенін мәлімдеді. Олар ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар деп күдіктелуде. 

Жалпы, «Нойс» деген кім? Көпшілік оны «Дикий Арманның» оң қолы және Айнұр Тұрсынбаеваның жолдасы ретінде біледі.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға сәйкес, Нұржан Иманалиев 1983 жылы Жамбыл облысының Жаңатас ауылында дүниеге келген. Әлеуметтік желілердегі суреттерден-ақ оның қалтасы қалың азамат екенін байқау қиын емес. БАҚ өкілдері «Нойстың» Түркияда жылжымайтын мүлкі, соның ішінде вилласы барын, Ыстам бұлда өзінің атында караоке клубы жұмыс істейтінін айтады. Оның лақап аты ағылшын тілінен аударғанда «Шу» дегенді білдіреді.

Оқи отырыңыз:

Нұржан Иманалиев Түркияда тұрады, Қазақстанға көп келмейді екен. Бұған оның Instagram-дағы парақшасынан да көз жеткізуге болады. Әлі де сол жақта болса керек, себебі полиция қылмыстық топ мүшелерін ұстадық деп жүргенде, Иманалиевтің өзі әлеуметтік желіде story салып отыр. 

Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды, - делінген ҚР ІІМ таратқан мәліметте.

Иманалиев пен «Дикий Арманның» суреттері де әлеуметтік желіде толып жүр. Бір-бірінің туған күндеріне де барып тұратынын оқырмандары жақсы біледі. Осыдан бір апта бұрын ғана Жұмагелдиевпен түскен суретін салып, «Шибөрілер арттан тұрып ұлиды, олардың қасқырдан басты айырмашылығы да осында» деп жазба қалдырған болатын.

Деректер бойынша бұл екеуін байланыстыратын достық қарым-қатынас қана емес. Иманалиев Жұмагелдиевтің серіктесі әрі оң қолы саналады. Екеуінің «Ыстамбұл біздікі» деген видеолары да желіде кеңінен тараған болатын.

Одан қалды «Нойс» та Арманның түркітілдес халықтардың бірлігі жайлы бастамасын қолдайды.

Дегенмен 2021 жылғы мамыр айында «Нойсты» Түркия полициясы ұстады деген хабар тарады. Оны ресейлік кәсіпкер Эрик Гафаровты кепілде ұстады деген күдікпен қолға түсіріп, Ыстамбұлдың Малтепе ауданындағы түрмеде отырғаны туралы жазылған болатын. «Время» газетінде жарық көрген материал бойынша, Иманалиевтен бөлек бұл іс бойынша 53 жастағы Бақыт Исабеков, 27 жастағы Бексейіт Ерлан және 32 жастағы Ермек Нарымбаев та түрмеге тоғытылған. Осыдан соң Арман Жұмагелдиев Түркиядан кетіп қалған. 

Ал шағымданушы Гафаровтың өзі Татарстанда қаржылық пирамида құрғаны үшін айыпталып, 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде жүргенін айта кетейік.

Сол жылдың қыркүйегінде Иманалиев бостандыққа шығып, айтулы оқиғаны алдымен Ыстамбұлдың қымбат мейрамханаларының бірінде, сонан соң яхтада дүркіретіп атап өтті.  

Жеке өміріне келсек, Иманалиев 2019 жылы айтыскер әрі Instagram жұлдызы Айнұр Тұрсынбаевамен шаңырақ көтерді. Танымал айтыскер ақын да негізінен Түркияда тұрады. Бірақ ара-тұра оның Қазақстанға келіп, түрлі іс-шараларға қатысып жүргенін байқау қиын емес. 

Айта кетейік, Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 24 адамды ұрлады деген айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес «Дикий Арманға» ҰҚК қызметкерлері тапсырма беріп отырған. Жақында қамау мерзімі 7 тамызға дейін ұзартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға