Депутаттар ПЭТ қалдықтарын экспорттауға тыйым салуды қайта енгізуді ұсынды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі полиэтилен-терефталат (ПЭТ) қалдықтарын қайта өңдеу саласындағы өткір мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттардың айтуынша, бүгінгі таңда түрлі салада кеңінен қолданылатын пластикалық бұйымдардың (соның ішінде бөтелкелердің) қалдықтарын қайта өңдеу және оларды тиімді кәдеге жарату — стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр.
Сауал барысында фракция өкілдері Түркістан облысындағы «Бадам» индустриялық аймағында орналасқан, ПЭТ қалдықтарын полиэфирлі талшықтарға қайта өңдеумен айналысатын зауытқа арнайы барғандарын айтып өтті. Бұл зауыттың өнімі жол құрылысы, жеңіл өнеркәсіп секілді салаларда сұранысқа ие екені атап өтілді. «Өнімнің нарықтағы құны тоннасына 2,5 мың АҚШ долларына дейін жетеді», – деді депутаттар.
Алайда, зауыт бүгінгі күні өзінің толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. «Зауыттың қуаты 50 пайыздан кем жүктелген, себебі шикізат тапшылығын бастан кешіруде», – деп атап өтті халық қалаулылары. Бұған себеп – қазақстандық қоқыс полигондарынан жиналатын ПЭТ қалдықтарының елеулі көлемі көрші елдерге, әсіресе Ресейге, экспортталып кетуі.
Қазақстанда ПЭТ шикізаты өндірілмейтіндіктен, қайта өңдеуші кәсіпорындар тек ел ішінде жиналатын қалдықтарға тәуелді. Бұл жағдай ішкі нарық үшін пластикалық қалдықтардың стратегиялық ресурсқа айналып отырғанын көрсетеді.
Депутаттар 2022 жылы қабылданған ПЭТ қалдықтарын экспорттауға тыйым салу шарасының оң әсерін еске салып өтті.
2022 жылы 27 мамырда Қазақстанда ПЭТ қалдықтарын экспорттауға жарты жылға тыйым салынған болатын... Бұл мерзім кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деп еске салды олар.
Алайда, тыйымның күшін жою отандық зауыттар үшін күрделі салдарға алып келген.
Тыйым алынып тасталғаннан кейін, отандық зауыттардың шикізаты күрт азайып, өндіріс деңгейі төмендеп, кәсіпкерлер көптеген жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болды, – деді депутаттар.
Депутаттардың пікірінше, ПЭТ қалдықтарын экспорттауға тыйым салу ішкі қайта өңдеу индустриясын дамытуға, экологияны жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе Өзбекстанда 2013 жылдан бері сәтті қолданылып келеді.
Кәсіпкерлер ПЭТ шикізаты негізіндегі өнімге сұраныс болған жағдайда, осы салаға инвестиция тарту қиын болмайтынына сенімді. Алайда, инвесторлар шикізат тапшылығы шешілмейінше, бұл салаға сенімсіздікпен қарайды, – деп мәлімдеді фракция өкілдері.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы Қазақстаннан ПЭТ қалдықтарын экспорттауға тыйым салу мәселесін қайта қарауды және бұл бағыттағы мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуді ұсынды.
