Соңғы кезде әлеуметтік желіде емшілікпен ақша тауып жүргендер көбейді. Бірі дем салған су мен тұз сатса, енді бірі жеке қабылдау өткізіп, мыңдаған адамнан табыс тауып отыр. Адамдар неге оларға сенеді және не үшін қомақты ақша төлеуге дайын? El.kz интернет порталы зерттеп көрді.
Оқи отырыңыз:
- «Қазақты әлемге танытқым келеді»: ағылшын тілінде еркін сөйлеп жұлдыз болған ауыл баласы кім?
- Қазақ айтысы қара жамылды: Салтанат Өтелбаева кім еді?
- Роман жазып, 100 мың доллар ұтып алуға болады
Суға, тұзға дем салады
Жақында әлеуметтік желіде Дәкен Бейсембаева есімді емшінің видеосына тап болдық. Instagram желісінде 576 мың оқырманы бар екен. Өзін Алланың қалауымен 65 144 адамды емдеген халықаралық емші ретінде таныстырады. Оқырмандары емшінің әр сөзіне имандай сенеді. Тіпті ол қандай тауар сатса да, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс беріп алдыратындар көп. Жарияланған видеоларға қарағанда, емшінің жұмысын ұйымдастыратын жеке көмекшісі мен контент түсіретін мобилографы бар.
Мәселен, ол үйінде 5 литрлік бөтелкедегі суға және қап-қап тұзға Құран оқып, дем салғанын видеоға түсіреді. Кейін оларды сатылымға шығарады. Дем салынған 5 литрлік суды, аршаны және майды – 5 мың теңгеден, орамалды – 7 мың теңгеден, әмиянды – 8 мың теңгеден, ал түйреуіш пен білезікті 10 мың теңгеден сатады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дем салған судың бағасы қанша?
Кейде адамның дерті денеде емес, жүректе болады: адам сырттай күліп жүргенімен, ішінде шаршау, мазасыздық пен жалғыздық сезімі болуы мүмкін. Мұндай кезде жай су шөлді ғана басады, ал дұғамен дем салынған су жүректі тыныштандырады, – деп жазыпты емші желідегі парақшасына.
Өзінің жазуынша, дем салынған зат адамға ішкі тыныштық сезімін беріп, сенімін күшейтіп, көңіл күйін жеңілдетуге себеп болады. Сондай-ақ ол шын ниетпен жасалған дұға мен шын жүректен оқылған Құран аяттары Алланың қалауымен қабыл болып, шипаға себеп болатынын жеткізді. Емші өзін ешқашан «күш иесі» деп санамайтынын, шипа беруші тек Алла екенін атап өтті. Дегенмен адамдарға арнап айтқан тілектері Алланың қалауымен тез қабыл болатынын және көпшілік оны «аузы дуалы адам» деп атайтынын айтты. Емші дем салынған заттың әсері адамның ниетінің тазалығы мен сеніміне де байланысты деп санайды.
Жақында Дәкен Бейсембаева Астана мен Алматыны аралап, кездесу өткізеді екен. Дегенмен өзімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік болмады. Көмекшісіне хабарласып, жазылуға тырысып көріп едік, орын толып қалыпты. Көмекшісінің айтуынша, тамыздағы жеке кездесуінің құны – 100 мың теңге және бір қалада 20 адам қабылдайды.
Халықтың 99 пайызы эзотерикаға жүгінеді
Соңғы уақытта дәл осындай онлайн емшілер көбейді. Бірі сумен, енді бірі қорғасынмен адамдарды емдеп жүр. Психолог Лимана Қойшиева онлайн емшілерге адамдардың бәрі бірдей қажеттіліктен жүгінбейтінін айтты.
Мұның астарында психологиялық себептер жатыр. Бұл мәселе Ресей психологтарын да алаңдатып отыр. Көрші елде психологтар мен психотерапевтерге сұраныс төмен. Керісінше, халықтың 99 пайызы эзотерикаға жүгінеді екен, – дейді ол.
Психологтың пікірінше, көптеген экстрасенстер, емшілер мен балгерлер психологияны оқып, өздерін парапсихолог ретінде таныстырып, қызмет көрсетіп жүр. Сондықтан оларға сұраныс та жоғары.
Адам белгісіздіктен қорқады. Ол алда не болатынын білмейді. Ауру, қаржылық қиындық немесе отбасылық мәселе туындағанда нақты жауап іздейді. Ал дәрігер мен психолог жағдайдың тұрақталуы үшін уақыт қажет екенін айтады. Балгер болса, сол сәтте-ақ жауап беріп, кінәні басқа біреуге артады. «Біреудің көзі тиді», «зияны тиді» дейді. Адам мәселенің шешімін тез таппаса, өмірі бақылаудан шығып бара жатқандай сезінеді. Осындай қорқыныш оны балгерлерге жетелейді, – дейді психолог.
Үміттің құны ақшадан жоғары ма?
Адамдардың бақсы-балгерлерге сенуінің бірнеше ғылыми түсіндірмесі бар. Психологиядағы «белгісіздік гипотезасына» сәйкес, адам өміріндегі тұрақсыздық пен бақылаудың азаюы магиялық ойлауға деген сенімді күшейтеді. Зерттеулер көрсеткендей, адам өзін дәрменсіз сезінген кезде болашақты болжайтын немесе мәселенің нақты себебін айтып беретін адамдарға көбірек сенім артады. Себебі мұндай түсініктемелер адамға өмірін қайтадан бақылауына алғандай әсер береді.
Бақсы-балгер айтқан рәсімді орындағаннан кейін адам өзін жеңіл сезінеді. Судың немесе қорғасынның күшіне шын сенген адам уақытша тынышталады. Себебі көпшілік бала кезінен ұшықтау мен дем салу туралы естіп өседі. Сол түсінік санасында сақталып қалады, – дейді психолог Лимана Қойшиева.
Психологтардың айтуынша, адамдардың емші мен балгерлерге көп ақша жұмсауының басты себебі – үміттің құны ақшадан жоғары тұруы. Адам ауыр дертке шалдыққанда, отбасылық дағдарысқа тап болғанда немесе қаржылық қиындық көргенде, мәселені шешудің кез келген жолына жүгінуге дайын болады.
Ғылымда бұл құбылыс «батпандап кеткен шығын әсері» деп аталады. Яғни адам бір рет ақша төлеген соң, қателескенін мойындамау үшін тағы да ақша жұмсай береді. Өйткені ол жұмсаған қаржысының босқа кеткеніне сенгісі келмейді.
Сондықтан адам мәселесін шешуге үміттеніп, қыруар қаржы төлеуден тайынбайды. Көбіне емшілер адамды сөзімен емдеп, сендіреді. «Сенің мәселең міндетті түрде шешіледі» деп, оның көңілін тыныштандырады, – дейді Лимана Қойшиева.