«Қазақты әлемге танытқым келеді»: ағылшын тілінде еркін сөйлеп жұлдыз болған ауыл баласы кім?

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Пандемия кезінде үйде отырып ағылшын тілін үйрене бастаған ауыл баласы бірнеше жыл ішінде төрт тіл меңгеріп, тоғыз елді аралап шықты. Бүгінде Әділет Сапарғали әлеуметтік желіде ағылшын тілінде еркін сөйлеп, мыңдаған көрерменге қазақтың мәдениеті мен тұрмысын таныстырып жүр.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылының тумасы бүгінде Түркияда білім алып жүр. Туризм саласын таңдаған жас жігіт тек шет тілдерін меңгерумен ғана шектелмей, қазақ мәдениетін әлемге танытуды мақсат етеді. Біз Әділетпен тілдесіп, оның ағылшын тілін қалай меңгергенін, саяхаттары мен болашақ жоспарлары туралы сұрап білдік.

Ауылдан басталған жол

Әділет Сапарғали 2003 жылы дүниеге келген. Ол мектепті туған ауылында тәмамдап, кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде туризм мамандығы бойынша білім алған. 2025 жылдың маусым айында оқуын аяқтаған ол қазір Түркияның Сакария қаласында білімін жалғастырып жатыр.

жеке мұрағаты 

Өзінің айтуынша, бала кезінен шет елдерді көруге, жаңа мәдениеттермен танысуға қызығушылық танытқан. Сондықтан болашақ мамандығын таңдағанда туризм саласына басымдық берген.

Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында өстім. Қазір Түркиядағы Сакария қаласында оқып жатырмын. Туризм саласы мені әрдайым қызықтырды. Өйткені бұл сала арқылы адамдарды, мәдениеттерді және әлемді тануға мүмкіндік бар, – дейді ол.

Екі жыл ішінде деңгейімді В2-ге көтердім

Бүгінде ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Әділет бұл деңгейге бір күнде жетпегенін айтады.

Ол ағылшын тілін шамамен алты жыл бұрын, пандемия кезінде үйрене бастаған. Бастапқыда шет тілін мүлде білмеген жас жігіт уақыт өте келе күнделікті еңбектің арқасында нәтижеге қол жеткізген.

Ковид кезінде ағылшын тілін үйренуге бел будым. Сол кезде ағылшынша мүлде білмейтінмін. Бірақ екі жыл ішінде деңгейімді В2 деңгейіне дейін жеткіздім. Әрі қарай дамытып, тәжірибе жинадым. Кейін АҚШ-қа бару мүмкіндігі туды. Қазір қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін білемін, – дейді ол.

жеке мұрағаты 

Әділеттің сөзінше, шет тілін меңгеру оның өміріне үлкен өзгеріс әкелген.

Ағылшын тілін үйренгеннен кейін өмірім түбегейлі өзгерді десем болады. Әлемнің түкпір-түкпірінен адамдармен сөйлесе аласың, жаңа мүмкіндіктер ашылады, бұрын көрмеген дүниелерді көресің. Бұрынғы Әділет пен қазіргі Әділеттің арасында үлкен айырмашылық бар, – дейді жас полиглот.

Сонымен қатар ол өз жетістігін ерекше қабілетпен байланыстырмайды.

Мұнда ешқандай туа біткен талант жоқ. Мен тек еңбектендім. Күн сайын үйрендім. Егер адам шынымен қаласа және жүйелі түрде жұмыс істесе, кез келген тілді меңгере алады деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Бір видеоның күтпеген табысы

Әлеуметтік желідегі танымалдығы туралы айтқан Әділет алғашқы видеосының күтпеген жерден көп қаралым жинағанын айтады.

Шынымды айтсам, ол видеоны жүктегенде ештеңе күтпедім. Жай ғана түсіріп, жариялай салдым. Бірақ видео өздігінен тарап кетті. Бастапқы мақсатым қазақ мәдениетін, ұлттық ойындарды, дәстүрді шетелдіктерге көрсету болатын. Өйткені әлемде Қазақстан туралы білмейтін адамдар өте көп, – дейді Әділет.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ädılet Saparğali (@gostepbysteppe)

Алайда уақыт өте келе аудитория басқа тақырыпқа көбірек қызығушылық танытқан.

Мен мәдениет туралы айтсам ба, қазақтың қолөнерін көрсетсем бе, ауылдағы тұрмысты таныстырсам ба деп ойлаған едім. Бірақ адамдардың көбі ағылшын тілін қалай үйренгеніме қызығушылық танытты. Сондықтан контенттің бір бөлігі сол бағытқа ауысып кетті, – дейді ол.

Тоғыз мемлекетте болды

Туризм саласында білім алып жүрген жас жігіт осы уақытқа дейін тоғыз мемлекетте болған. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, АҚШ, Грузия, Ресей, Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия бар.

Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар. Саяхат адамның дүниетанымын кеңейтеді. Кейде бір елден көргеніңді басқа жерден кездестірмейсің. Сондықтан саяхаттау мен үшін тек демалыс емес, үлкен тәжірибе, – деді.

Қазіргі таңда Әділет Ресейде жүр. Оның айтуынша, кей өңірлерде әлеуметтік желілерге кірудің өзі қиындық туғызады. Әділеттің айтуынша, соңғы сапарлары оның көзқарасын өзгерткен.

жеке мұрағаты 

Әсіресе Моңғолиядағы қазақ ауылдарын аралаған кезде ұлттық мәдениеттің сақталуы мен жоғалу қаупін қатар байқаған.

Моңғолияға барып, көптеген қазақ отбасыларының өмірімен таныстым. Сол кезде мәдениеттің біртіндеп өзгеріп жатқанын, кейбір қолөнер түрлерінің жоғалып бара жатқанын көрдім. Бұл мені қатты ойландырды, – дейді.

Жас саяхатшы болашақта қазақтың мәдени мұрасын сақтауға үлес қосқысы келеді.

Менің ең үлкен арманым – қазақ мәдениетін, қолөнерін, дәстүрін заманауи форматта дәріптеу. Оларды тек музейде қалатын жәдігер емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде сақтап қалу керек деп ойлаймын, – деді Әділет.

Қуаңшылық алаңдатады 

Әділет мәдениетпен қатар экологиялық мәселелерге де алаңдайды. Ол Қазақстан мен Моңғолиядағы кей өңірлерде қуаңшылықтың күшейіп бара жатқанын өз көзімен көргенін айтады.

Табиғат мәселесі де мен үшін маңызды. Қуаңшылық ауылдардың өміріне тікелей әсер етеді. Мал шаруашылығына да, адамдардың тұрмысына да қиындық әкеледі. Сондықтан болашақта ауыл туризмін дамытып қана қоймай, табиғатты қалпына келтіру жобаларына да үлес қосқым келеді, – деді.

Оның пікірінше, ауылдардың дамуы мәдениетті сақтаумен тығыз байланысты.

жеке мұрағаты 

Ауыл гүлденсе, мәдениет те сақталады. Табиғат жақсарса, халықтың тұрмысы да түзеледі. Сондықтан болашақта ауылдарды көгалдандыру, туризмді дамыту және мәдени мұраны дәріптеу бағытында жұмыс істегім келеді, – дейді Әділет Сапарғали.

Жас жігіттің әңгімесінен оның мақсаты тек шет тілін үйрету немесе саяхаттау емес екені байқалады. Ол әлемді аралай жүріп, туған халқының мәдениетін сақтауға және оны халықаралық деңгейде танытуға үлес қосуды көздейді.

Оқи отырыңыз