Декларацияның үшінші кезеңі басталды. Нені білуіміз керек?
Биыл Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. El.kz ақпарат агенттігі декларациялауға қалай дайындалу керек, тапсыру тәсілдері және ақпараттардың қауіпсіздігі жөнінде мәліметтерді ұсынады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі басталды. Ол 15 қыркүйекке дейін созылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, биыл 4 млн-ға жуық адам декларация тапсырады. Олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.
Декларацияның үшінші кезеңінде қандай активтер көрсетіледі?
Декларацияда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүліктері көрсетілуі тиіс.
Атап айтқанда:
Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
Шетелдегі банктердегі 7,3 мың доллардан асатын ақша қаражаттары (1000 АЕК);
Шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
Бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндар және т.б.);
Үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
Инсвестициялық алтын (құйма алтын);
Зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
34,5 миллион теңге (10 000 АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
31.12.2023 жылға дейінгі басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
Құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа да мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.б.) бағалауды декларация тапсырылғанға дейін жасату қажет.
Маңызды!
Декларацияны толтырмас бұрын тиісті растайтын құжаттарды алдын ала дайындауға кеңес береміз.
– Тәуелсіз бағалаушыға 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша құны 1000 АЕК-тен (3,5 миллион теңге) асатын мүлікті бағалату керек.
– 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша нотариустардан қарыз алу шарттарын куәландыру керек.
Кредиторлық берешектің болуы бойынша сұрау салуды Deculite жүйесі арқылы республикалық нотариаттық палатаға жіберу қажет.
Декларацияны табыстау кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толық болуы тиіс. Декларацияланған активтердің құны болашақта салық салынатын табысты айқындау кезінде ескеріледі.
Кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияда мыналар көрсетіледі:
Жеке тұлға дербес салық салатын кірістер (мүліктік кіріс, жалға беруден түсетін табыс, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды сатудан түскен кіріс, шетелден келген кірістер және т. б.);
Салық шегерімдері (медициналық шығындар, білім беру, ипотека бойынша төлемдер, көп балалы отбасылар үшін шегерім);
Өтеусіз алынған мүлікті (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және т. б.) қоса алғанда, мүлікті сатып алу/иеліктен шығару;
Қымбат мүлікті сатып алу көздері;
Бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндар және т. б.);
Үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
Инвестициялық алтын (құйма алтын);
Жеке тұлғалар үшін нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
Шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
Шетелдік банктердегі 7,3 мың доллардан асатын ақша қаражаттары (1 000 АЕК);
Қалай тапсыру керек?
Декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін электронды түрде және халыққа қызмет көрсету орталықтарына, мемлекеттік кірістер органдарына немесе пошта бөлімшелеріне қағаз түрінде ұсынуға болады.
Халыққа ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер «cabinet.salyk.kz», веб-портал «Moldir.qoldau.kz», Электрондық үкімет порталы (egov.kz) және «Е-Salyq Azamat», «Halyk», «bcc.kz» (Центркредитбанк), «eGov mobile» мобильді қосымшасын қолдануға болады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаудың төртінші кезеңі басталады. Онда жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар тапсырады. Жалпы 6,4 миллион жеке тұлға қамтылады деп жоспарланған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 13 миллионға жуық адам енеді.
Ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі қалай қадағаланады?
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева қазақстандықтардың мүлкі туралы деректер қалай сақталатынын жөнінде түсіндірді.
Мемлекеттік кірістер комитетіндегі азаматтардың деректері құпия ақпарат болып есептеледі. Сондықтан бұл ақпаратты алатын қызметкерлердің саны шектеулі. Қызметкерлер деректерді таратпайтыны жөніндегі арнайы құжаттарға қол қойған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер бойынша да жауапкершілік қарастырылған. Себебі, ақпараттар жабық негізде сақталады және үшінші тұлғаларға берілмейді, - деді Сартаева.
Сөзінше, былтыр Мемлекеттік кірістер комитеті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшыларының бағалауы бойынша ақпараттық жүйелердің және салық салу мақсатында қолданылатын ақпараттардың қауіпсіздігі бойынша өте жақсы бағаға ие болды. Яғни елімізде ақпараттар қауіпсіз сақталады дегенді білдіреді.
Декларацияны кешіктіріп тапсырғандарға қандай жаза қарастырылған?
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, декларацияны кешіктіріп тапсырған азаматтарға бірінші ескерту беріледі. Егер келесі жылы да қайталаса, онда ол азаматқа айыппұл салынады.
Егер де азамат декларацияны 15 қыркүйектен кешіктіріп тапсырса алғашында оған ескерту беріледі. Декларацияны кешіктіріп тапсыру фактісі бір жылдан кейін қайталанатын болса, онда 15 АЕК есебінде айыппұл қарастырылған. Ал декларациядағы ақпарат толық көрсетілмесе алғашында тек ескерту беріледі. Егер келесі жылы да осы жағдай қайталанса 3 АЕК есебінде айыппұл қарастырылған, - деді мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі.
Азамат декларация тапсыру барысында салық салу объектілерін, табыс түрлерін салық төлемеу мақсатында азайтып немесе көрсетпей отырғаны анықталса, онда оған да айыппұл қарастырылған. Егер бір жылдың ішінде осы мақсаттағы заң бұзушылық қайталанса, онда азаматтың төлемеген салығының 300 пайызы мөлшеріндегі айыппұл салынады.