Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англия лигасы кубогындағы алғашқы матчын негізгі құрамда бастауы мүмкін. Британдық Sports Mole басылымы 18 жастағы футболшыны «Брэдфорд Ситиге» қарсы кездесуге арналған «Бернлидің» болжамды бастапқы құрамына енгізді.
Англия лигасы кубогының екінші кезеңінде «Бернли» сырт алаңда «Брэдфорд Ситимен» кездеседі. Sports Mole мәліметінше, бас бапкер Ники Хайен бұл ойында құрамға бірқатар өзгеріс енгізуі ықтимал. Соның ішінде Дастан Сәтпаевқа алғашқы минуттан мүмкіндік беріледі деп болжанып отыр.
Басылым Сәтпаевты 4-2-3-1 тактикалық схемасында орталық шабуылшы ретінде көрсеткен. Шабуыл шебінде қазақстандық футболшымен бірге Зеки Амдуни, Аарон Рэмзи және Майк Трезор өнер көрсетуі мүмкін.
Sports Mole ұсынған «Бернлидің» болжамды құрамы: Кудер; Сонне, Ахмедходжич, Уорралл, Пирес; Лоран, Рагубер; Амдуни, Рэмзи, Трезор; Сәтпаев. Басылым кездесу 2:1 есебімен «Бернлидің» пайдасына аяқталады деп болжап отыр.
Кубоктағы алғашқы матчына дайын
«Брэдфорд Сити» мен «Бернли» арасындағы кездесу 26 тамызда Брэдфордтағы Valley Parade стадионында өтеді. Ойын жергілікті уақытпен 19:45-те басталады. «Бернлидің» ресми сайты да матчтың 26 тамызға белгіленгенін хабарлады. «Бернли» Англия лигасы кубогының екінші кезеңіне «Ноттс Каунтиді» пенальти сериясында жеңіп шыққаннан кейін жолдама алды. Ал «Брэдфорд Сити» алғашқы кезеңде «Рочдейлді» 2:0 есебімен жеңген.
Егер Сәтпаев алаңға шықса, бұл оның «Бернли» сапындағы Англия лигасы кубогындағы алғашқы кездесуі болмақ.
Чемпионшиптегі дебютін өткізді
Қазақстандық шабуылшы ағылшын футболындағы алғашқы ресми ойынын өткізіп үлгерді. 23 тамызда Чемпионшиптің екінші турында «Бернли» сырт алаңда «Вест Бромвич Альбионмен» кездесіп, 1:3 есебімен жеңілді. Сәтпаев екінші таймда қосалқы құрамнан алаңға шықты. «Бернли» бас бапкері Ники Хайен ойынның бір сағатына жуық уақыт өткенде бірден үш футболшыны алмастырып, Дастан Сәтпаев, Зеки Амдуни және Уго Рагуберге мүмкіндік берді.
Осылайша, 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Англия Чемпионшипіндегі дебютін жасады.
«Бернлиге» бір маусымға жалға берілді
Дастан Сәтпаев «Бернлиге» биыл тамыз айында қосылды. Клубтың ресми мәліметінше, қазақстандық футболшы «Челсиден» бір маусымға жалға алынған. «Бернлиге» ауысқан сәтте оның Қазақстандағы клубтық мансабында 63 матчта 27 голы болған.
Сондай-ақ ұлттық құрама сапында тоғыз ойын өткізіп, бір гол соққан. Сәтпаев Англияға келгеннен кейін бұл мүмкіндікті мансабындағы жаңа кезең ретінде бағалап, командаға өз мақсатына жетуге көмектескісі келетінін айтқан.
Енді «Брэдфорд Ситиге» қарсы кубоктық кездесу жас шабуылшы үшін «Бернлидің» бастапқы құрамындағы алғашқы матчына айналуы мүмкін.
Бұған дейін Дастан Сәтпаев Англиядағы алғашқы сұхбатын беріп, «Бернлиде» бақыттымын» деген еді.