Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапына ауысқаннан кейін Англиядағы алғашқы сұхбатын берді. Жас футболшы жаңа командадағы алғашқы күндері, бас бапкермен қарым-қатынасы, Чемпионшиптегі мақсаты және қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы туралы айтты.
Сәтпаевтың айтуынша, жаңа командадағы алғашқы күндері жақсы өтіп жатыр. Командаластары оның Англияға және жаңа ортаға тезірек бейімделуіне көмектесуде.
«Барлығы жақсы. Жігіттер мені жылы қарсы алды. Үнемі бірдеңе керек пе деп сұрап жүреді. Осында болғаныма және осы клубтың бір бөлігі атанғаныма қуаныштымын», – деді Сәтпаев.
Қазақстандық шабуылшы «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайенмен де жақсы қарым-қатынас орнатқанын жеткізді.
«Бапкермен арамызда жақсы байланыс бар. Ол менің осында келгеніме қуанышты. Бапкердің саған қызығушылық танытқаны өте маңызды. Енді маған көп жұмыс істеп, дами беру керек», – деді футболшы.
Сәтпаев «Челсиден» «Бернлиге» бір маусымға жалға берілуін мансабындағы дұрыс қадам деп санайды. Оның пікірінше, Чемпионшиптегі ойындар ағылшын футболының қарқыны мен ерекшеліктеріне үйренуге мүмкіндік береді.
«Бұл – мен үшін жақсы қадам. Чемпионшипте өзімді сынап көремін. Мұның бәрі ағылшын футболына бейімделуіме көмектеседі. Енді тек алға жылжып, жұмыс істеу керек», – деді ол.
Англияның екінші деңгейлі чемпионатында командалар бір маусымда 46 тур өткізеді. Сәтпаев мұндай тығыз кестенің жас футболшы үшін пайдалы екенін атап өтті.
«Чемпионшипте матчтардың көп болғаны керемет. Футболшылар үшін де әр үш-төрт күн сайын ойын өткізген жақсы», – деді қазақстандық шабуылшы.
Сәтпаев жаңа клуб жанкүйерлерінің өзіне үлкен үміт артып отырғанын сезетінін айтты. Енді ол алаңдағы ойынымен сол сенімді ақтағысы келеді.
«Әрине, «Бернли» жанкүйерлерінің менің трансферіме қуанып жатқаны жағымды. Енді өзіме де, оларға да командаға көмектесе алатынымды дәлелдеуім керек. Мақсатымыз – Премьер-лигаға шығу», – деді Сәтпаев.
Алғашқы ойынын асыға күтіп жүр
Қазақстандық футболшы «Бернли» сапындағы алғашқы жаттығуларын өткізіп үлгерді. Енді ол жаңа клубтағы ресми дебютін тағатсыздана күтіп жүр.
«Дебютімді қатты күтіп жүрмін. Біз апта бойы осы матч үшін дайындалдық. Барлық ойыншылар ойынды күтіп жүр. Мен де алаңға шығатын сәтті асыға күтудемін», – деді ол.
«Бернлидің» келесі қарсыласы – «Вест Бромвич». Чемпионшиптің екінші турындағы кездесу 23 тамызда өтеді.
Сәтпаевтың айтуынша, команда бұл кездесуде тек жеңісті көздейді.
«Біз «Вест Бромвичпен» ойында үш ұпай алғымыз келеді. Жанкүйерлердің қолдауымен жеңіске жететінімізге сенемін», – деді шабуылшы.
Жас футболшы Англиядағы тұрмысы туралы да айтып өтті. Оның отбасы алдағы уақытта оған келіп тұруды жоспарлап отыр.
«Отбасымның ара-тұра Англияға келіп тұруын жоспарлап отырмыз. Әрине, оларды күтемін. Бірақ қазір ең алдымен баспана мәселесін шешіп алуым керек», — деді Сәтпаев.
«Бұл – менің Отаным»
Сұхбат соңында Дастан Сәтпаев қазақстандық жанкүйерлерге арнайы алғыс айтты. Оның сөзінше, отандастары «Челсидегі» маусым алдындағы дайындық кезінде де әлеуметтік желілерде үлкен қолдау көрсеткен.
«Баршаңызға қолдауларыңыз үшін үлкен рақмет! «Челсимен» маусым алдындағы дайындық кезінде қазақстандықтар мені әр матчта, әр жазбада қолдап отырды. Осындай керемет адамдарымыз барына бақыттымын. Мен оларды жақсы көремін. Бұл – менің Отаным. Біз де Еуропа футболында жеңіске жете алатынымызды дәлелдегім келеді», – деді ол.
Дастан Сәтпаев «Челсимен» ұзақмерзімді келісімшартқа отырған. 2026/27 маусымын ол Чемпионшипте өнер көрсететін «Бернли» сапында жалға өткізіп, ағылшын футболына бейімделмек.
Жас шабуылшы үшін тұрақты ойын тәжірибесі аса маңызды. Ал Чемпионшиптің жоғары қарқыны мен тығыз күнтізбесі Сәтпаевтың Англиядағы футболға тез үйренуіне мүмкіндік беруі мүмкін.
Ендігі басты назар – оның «Бернли» жейдесіндегі алғашқы ресми ойынына аударылып отыр.