Жаңалықтар

Ерлікті жырлайық

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Қазақ әдебиеті», жұма, 9 апрель, 1965 жыл, №15   Ерлікті жырлайық   Ерлік пен батырлық салтанатының ұлы мерекесіне санаулы ғана күндер қалды. Алдымыздағы 9 май күнін тек совет халқы ғана емес, бүкіл адал ниетті адамзат біздің Қарулы күштеріміздің герман фашизмін талқандағанына жиырма жыл толуын асқан қуанышпен тойлайды. Совет - герман майданында соғыстың 1418 күн мен түнге созылғаны белгілі. Дүниежүзілік екінші соғыстың өне бойында күллі ауыртпалықтың басым көпшілігі совет халқының мойнында болғаны да мәлім. Біздің елімізде соғыс зардабын тартпаған бірде - бір семья жоқ деп айтуға әбден болады. Соғыстың басынан аяғына дейін герман қарулы күштері мен оның Европадағы сыбайластары әскерлерінің 60 - 70 проценті совет - герман майданында болды. Демек, дұшпанның басты күшін біз талқандадық, оның бел омыртқасын біз үздік. Бүкіл прогресшіл адам баласы үшін Совет Одағының Ұлы Отан соғысындағы тарихи жеңісінің маңызы ұшан - теңіз екенінде дау жоқ. Соған қарамастан, көптеген буржуазияшыл бұрмалағыштар қайткен күнде де біздің Қарулы Күштеріміздің фашизмді талқандауда басты рөл атқарғандығын бүркемелеп, оның дүниежүзілік тарихи маңызын төмендетіп көрсетуге тырысады. Олар, тіпті, өз елдерінің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бұл туралы сол кезде айтқандарын да ұмытып қалған болып көлгірсінеді. Ал бір кезде АҚШ армиясы бас штабының бастығы генерал Маршалл соғыс министріне былай деп жазғаны мәлім: «Қызыл Армия осыншама табысты қимылдамағанда, американ әскерлері агрессорға төтеп бере алмай, соғыс американ құрылығына ауысатын еді». Бұл - ақылдан туған әділ мойындау. 1944 жылы ағылшын премьер - министрі (әрі Ұлыбритания қарулы күштерінің командашысы) Уинстон Черчилл: «Орыстар неміс армиясының быт - шытын шығарды», - деп жазды. Сол Черчиллдің мынадай тағы бір сөзі бар: «Осынау таңғажайып жеңістерді көзімен көрген дәл біздей, келер ұрпақтар да Қызыл Армияның алдында өздерінің борышты екенін сөзсіз мойындайтын болады». Ал, совет өкіметін жаңа туған кезінде құртып жібере алмағанына өмір бойы өкініп өткен ағылшын көкжалы бізге іш бұрып еді деп кім айта алады? «Мұндай жеңіске,- деп жазды соғыс біткен соң АҚШ президенті Франклин Д. Рузвельт, - шебер басшылары, берік ұйымы бар, әскери әзірлігі мықты және бәрінен бұрын жауды жеңуге деген тәуекелі зор, құрбандықтың ешқайсысынан тайынбайтын армия ғана жете алады. Сонымен бірге, мен Қызыл Армияға нәр беруші адаммен, қару- жарақпен жабдықтаушы орыс халқына тиісті ізет білдіргім келеді». Ал, Рузвельтті коммунист деп атауға болмайтыны баяғыдан белгілі. Иә, дүниежүзілік екінші соғыстың барлық ауыртпалығын біздің халқымыз өткергені, адам айтқысыз қиындықтарды басынан кешіріп, адамзаттың болашағы мен бақытын қорғап қалғаны кімге болса да аян. Біздің совет адамдары майданда қаһарманша соғысты, тылда жанқиярлықпен еңбек етті, моральдық рухының ғажап жоғарылығын, тамаша табандылығы мен өз Отанына шын берілгендігін көрсетті. Совет адамдары осынау сұрапыл жылдары, қиын -  қыстау сын сағаттарында пісіп - қатып, алмас қылыштай шыңдалып өсті. Біздің қатарластармыз, біздің замандастарымыз көрген қиыншылықтар, бастан кешкен қайғылы да қуанышты оқиғалары ұшан - теңіз. Бұл қатал да қаһарлы күндердің шежіресін қазіргі жастарымыз, болашақ ұрпақтарымыз айқын білуге тиіс, оларға соғыс сұрапылын көзімізбен көрген мына біздер, аға буын қарт жауынгерлер бейнелеп, түгел жеткізуге міндеттіміз. Жастар біздің естеліктерімізден, біздің қаламымыздан туған романдар мен повестерден, әңгімелер мен хикаялардан өздеріне қажетті тағылым алып, Отанын шын сүю, қажет болса ол үшін жанын қию рухында тәрбиеленуге тиісті. От пен суды кешіп өтіп, соғыстың бүкіл сұрапылын басымыздан өткеріп, ақыры ұлы жеңісіміздің салтанатты жиырма жылдығын тойлауға жеткеніміз үшін біз бақыттымыз деп санаймыз. Иә, соғыс жылдарынан бері жиырма жыл өтіпті. Осы жиырма жылда қазақтың советтік әскери әдебиеті қалай өрбіп өсті, соғыс тақырыбы, жастарды патриоттық, жауынгерлік рухта тәрбиелеу мәселесі қалай көтерілді, енді соған көшелік. Қазақ әдебиетінде әскери тақырып барлық жанрлар бойынша әлі жас деп айтсақ, ағаттық болмас еді. Оның бірсыпыра нақты, тарихи себептері бар. Революцияға дейін қазақтар әскерге шақырылған жоқ, патша өкіметі оның қолына қару беруге сенбеді. Ал, 1916 жылы майданның кара жұмыстарына жігіттер алу туралы патша жарлығы казак халқының заңды ызасын туғызып, қыр елі түгелімен көтеріліске аттанды. Қазақтың алғаш рет қатардағы (регулярно) армияға алына бастаған буыны - 1907 жылы туған жігіттер. Бұл 1928 жылдардың тұсына келеді. Оған дейін армияға қазақ жігіттері өз еркімен сұранса ғана барушы еді. Міне, содан бері біздің арамызда әскер тәртібіне жаттығу, соғыс ғылымын үйрену, әскери әдебиетпен әуестену басталды десек, өтірік болмас. Қазақтың әскери - жауынгерлік сан а- сезімінің шарықтап өсуі, ерлік дәстүрі, басқа ұлттармен қатар, қарулас сапта дұшпанмен бетпе - бет соғысу, майдандарда қарулы шайқасқа жаппай қатысуы сол тұстан басталады. Содан бері қазақ жастарының сан ұрпағы соғыс тақырыбындағы әдеби шығармаларды қызыға оқитын болды, одан жауынгерлік - рухани нәр алып отырды. Қазақ халқының әскери көркем әдебиетінің туып, қалыптасуы да содан басталады. Оның жемісіндей Тайыр Жароковтың «Шекарада», Өтебай Тұрманжановтың «Пулеметші», Қа жым Жұмалиевтің «Қырдағы күрес» поэмасы, М. Әуезовтің «Шекарада», F. Мүсіреповтің «Аманкелді» атты драмалық шығармалары, әңгімелері, өлеңдері, дастандары туды. Қазақ әдебиетінде әскери - патриоттық тақырыптың шарықтай өрістеген жылдары - Ұлы Отан соғысының күндері. Бұл жылдары қазақ әдебиетінің барлық жанрлары: проза да, поэзия да, драматургия да, очерк пен публицистика да қарулы солдаттай өре тұрып, дұшпанға лап қойды. Соғыс тақырыбы содан бері өткен ширек ғасырдың ішінде кең өріске шығып, жақсы - жақсы туындылар берді. Бұл ретте бізге ең басты, ең игілікті әсер еткен фактор - өрен озық орыс әдебиеті. Бірақ қазақ жазушыларын тек еліктеуші деп қана есептеуге әсте болмайды. Біз үйрене де білеміз, бізде басқа елдердің жазушылары тәлім аларлық әдебиетшілеріміз де аз емес. Майда жанрлар дәрежесінен ірі сом сурет биігіне көтерілген қазақтың патриоттық әдебиеті қазір бүкілодақтық оқушылар қауымына таныс бірнеше шығармалар жасады. Оларды жазғандардың көбі - сол Ұлы Отан соғысының майдандарында жаумен тікелей арпалысқан жауынгерлер. Соғыс басталысымен Қазақстан жазушыларының сол кездегі құрамының сексен проценті өз еркімен майданға аттанды. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін, Совет Армиясы қатарынан елге қайтқан жауынгерлер есебінен республикамыздың жазушылары сапына жиырма бес - отыз сержант пен офицер қосылды. Жауынгер жазушылардың жадында соғыстың ауыртпалығы мен жеңіс қуанышы, сансыз көріністері, аса күшті әсерлері әлі де сақтаулы. Ол әлі де оқушы қауымның жүрегіне жол табатын сарқылмас бұлақ іспетті. Олардың шығармаларының құнды болатындығы - өзі көрген, өзі бастан өткізген оқиғаларды жазғандығынан. Әрине, біздің жазушыларымыздың ішінен жоғары командалық биікке көтерілгендері жоқ. Сондықтан да олардың көбі шағын масштабтағы оқиғаларды, окоптағы солдаттардың күнделікті өмірі мен шайқастағы қолма - қол ерліктерін жазады. Көбісі жергілікті тактикалық бетпе - бет ұрыс шеңберінен стратегиялық кең өріске көтеріле алмайды. Нағыз жауынгер болу үшін соғыстың бел ортасында болу керек деп халық тегін айтпайды. Біздің жазушыларымыздың көпшілігі алғы шепте қатардағы солдат немесе бетпе - бет ұрысты ғана басқаратын офицер болды. Сондықтан олар көбіне жауынгер характерінің қалыптасуын, жекпе - жек, қоян - қолтық ұрыстың көріністерін жақсы суреттейді. Ал, одан биігірек тақырыпқа барғанда, өресі жете алмай қалып, бас қаһарманы отқа салса батпайтын, бір керемет болып шығады да турады. Дәлдіктен, нақтылықтан, шынайы өмір бейнесінен айырылып қалады. Ал, соғыс тақырыбын кейінірек қолға алған орта және жас буын жазушыларымыз оқиғаны ойдан құруға тым әуестеніп, соғыс шындығын роман сюжетіне керіп - тартуға құмарланады, «ойдан қоспасаң, көркем шығарма тумайды» дегенді бетке ұстап, жасандылыққа, жалғандыққа барып ұрынады. Біздің қорымызда жазатын материалдар көп - ақ, бірақ жазушылардың міндеті сол материалдарды жан- жақты зерттеп, оның түпкі мәніне үңіліп, себеп - салдарын қадағалап, көркемдікпен жинақтау, өмір шындығын қорыта, қорытындылай бейнелеу болып табылады. Осыған орай бірсыпыра қуанышты жайттарды да айта кетуге болады. F. Мүсірепов «Қазақ батыры» повесін жазды да, оны оқушы қауым жақсы қабылдады. Бірақ жазушы өзінің бұл жұмысына қанағаттанбады, келе - келе оның мазмұны сұйықтау, сюжеті босаңдау екенін аңғарып, қайта өңдеді де, «Қазақ солдаты» атты ірі көркем полотно дәрежесіне көтерді. Бұл біздегі совет солдаты туралы ең тәуір романдардың бірінен саналады. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы туралы пікірлерімізді бұрын айтқанбыз. Ал, Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің «Курляндия» романын жалықпай - талмай жылдар бойы мінеп, өңдеп, ақыры бұрынғысынан әлдеқайда жақсы «Күткен күн» атты роман шығарды. Әди Шәріповтің «Партизан қызы» романының журналда шыққан варианты, біздің ойымызша, романнан гөрі партизан жазбаларына көп ұқсайтын еді. Автор оған кейіннен бірсыпыра маңызды толықтырулар енгізіп, тереңдетіп, осы заманға роман дәрежесіне көтерді. Қасым Қайсеновтің «Партизан хикаялары» да қайта қарап жөндегеннен кейін жақсарып, әрленіп шықты. Бұл авторлардың бәрі де бір кезде оқырмандар мен сыншылар айтқан пікірлер мен ұсыныстарды адалдықпен ескеріп, кемшіліктерін мұқият жөндеді. Өздеріне өздері сын көзімен қарады. Мұның өзі, сайып келгенде, біздің жалпы ісімізге үлкен пайдасын тигізді. Сонымен қатар Тоқтағали Жанкелдиннің «Партизан күнделігі», Тұрсын Мыңбаевтың «Өліммен беттескенде», Тоқаш Бердияровтың «Менің өмір сүргім келеді», Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдиновтың «ИЛ - дер шабуылда», бұрынғы штурман Хиуаз Доспанованың «Раскованың қол астында», Сәуірбек Бақбергеновтың «Талғат» атты документальды повестері мен Хамит Ерғалиевтің «Әке сыры» поэмасы да оқуға қызғылықты, тартымды. Қазақстанда тұратын орыс жазушылары Дм. Снегин, А.Ананьев, С.Мартьянов, Ф.Егоров, В.Ванюшин әскери - патриоттық әдебиет жанрын өрістетуге едәуір үлес қосты. Әскери әдебиет саласында еңбек етіп жүрген жолдастарымыздың шығармаларында кездесетін жақсылық, кемшілік жақтарын әлі де зерттей қарап, тиісті баға беретін, келер шығармаларына биік талап қоятын ретіміз бар. Әсіресе, жағымды, жағымсыз қаһармандардың бейнесін жасауда олақтығымыз мол. Кейде біз олардың характерлері мен типтік образдарының қоғамның терең қабаттарынан басталатынын, мінез - құлқының, жан - дүниесінің қалыптасу диалектикасына өскен ортасы әсер ететінін ұмыта береміз. Әсіресе, біздің жазушылардың батыл шеше алмай жүрген мәселесі - жағымсыз геройлардың бейнесін жасау. Олар жағымсыз кейіпкерлерін жан- жақты білмейді деп айтуға болмас еді. Алайда көрген, білген бар да, оны жұртқа баяндап беру де бар. Жағымсыз жайттардың түп тамыры неде жатыр? Соны тауып айта білу керек. Оның тамыры тереңде. Тәжірибесі аз адам жағымсыз жайлардың неден туатынын бірден аңғара алмай қалады. Әрине, бұл жөнінде де біздің қаламдас достарымыз әлі де ширап, шеберленеді деген үміттеміз. Тәжірибе деген оңайлықпен келмейді, оны тартыс, күрес, қажырлы еңбек үстінде жеңіп алуға болады. Біздің авторларымыздың жауынгер бейнесін әртүрлі адамдардың көзімен қарап бейнелеуге тырысатыны бар. Ол, әрине, дұрыс. Өйткені біреудің көргенін, біреу көрмей қалады. Бұл жөнінде Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндерінің» жөнделген жаңа нұсқасын жақсы мысал ретінде атап көрсетуге болады. Ал, басқа кейбір авторлар бас геройға барлық қажетті де қажетсіз қасиеттерді үйіп - төгіп бере салады, шығармаларында керекті, керексіз кейіпкерлер қаптап жүреді. Совет адамының барлық қасиеттерін бір образдың басынан табуға, әрине, болмайды. Образдың универсалдығы шығарманың шынайылығына күмән туғызады. Оның үстіне кейбір қаламдастарымыз сюжетті тарам-тарам бытыратып, майдаландырып жібереді де, ұсақ - түйек дүниеліктерді тәптіштеп баяндауға бой ұрып кетеді. Содан барып, орын үнемделмейді, кітап көрінеу қампиып кетеді де, сүреңсіз, жалықпа болып шығады. Бір қуанарлық жайт, соғыс тақырыбына жазған қазақ шығармаларында тек қазақтар ғана бейнеленбейді, олар бауырлас, қаруластарының арасында үлкен семьяның бір мүшесі болып көрінеді. Халықтар достығы біздің қай шығармамызда болсын, негізгі арқау, желі болып отырады. Таңдаулы шығармаларымызда тілдің көркемдігі мен стильдің шеберлігі жақсы қиюласып келетінін, олардың авторларының классикалық әдебиетімізден әр, нәр алып отыратынын қуанышты жағдай деп атап көрсеткен жөн. Ал, осынау жақсы қасиеттердің кей шығармада өте көбейіп кетіп, көп жеген балдай жүрегіңді айнытатыны да бар. Біздің ойымызша, әскери көркем туындыларымыздың бірқатарында атап өтерлік елеулі кемшіліктер орын алған. Біріншіден, оларда соғыс даласы кең көлемде суреттелмейді. Содан келіп сюжет тар шеңберде қалады, біртұтас тактикалық, оперативтік, стратегиялық желі болмай шығады. Ал, шынына келсек, батальондардың, роталардың, полктардың қимылдары бір - бірінен оқшау қимыл емес, ол үлкен бір қолдан басқарылып тұрған жаппай ұлы шайқастың жеке бір көрінісі ғана. Олай болса, біз бұдан былай стратегиялық кең өріске құлаш ұруға тиіспіз. Оның үстіне кейбір шығармаларда соғыс философиясы өзінің көркемдік бейнесін таба алмай қалады. Олар ұсақ - түйектің айналасында, кейде, тіпті, атқыштар ұясының, окоп ауқымының төңірегінде ғана майда - шүйде жайттардың сипатынан аспайды. Кей туындыларымызда көрінеу созбалы, ойдан шығарылған психологизм басым жатады, содан келіп тартыс да жасанды, нанымсыз болып шығады. Психологизмді біз адамның іс - әрекетін терең талдап көрсету, оны туғызған себеп - салдарды ашып түсіндіру деп есептейміз. Біраз шығармаларда кейіпкерлердің әрекеті бар да, оның түп негізін түсіндіру жоқ. Әрине, бұл жерде әрекеттің түп негізін тәптіштеп баяндап беру керек деген ұғым тумайды. Оны бейнелі түрде көрсету керек. Солдаттың өзін - өзі қорғауы, ерліктің тууы, жаппай қаһармандықтың шығуы, жауынгердің жауынгер болып қалыптасуы, солдат характерінің шынығып шыңдалуы, ұрыс даласындағы өмір мен өлім мәселесі, әскери борыш, әскери әдет пен әдеп, азаматтық және әскери ар - намысты қорғай білу, жауынгерлік ізгі аскетизм және басқа осындай түйінді мәселелердің бірсыпырасы біздің әскери шығармаларымызда кең өрісте қамтыла алмай келеді. Бұл мәселелер әлі шет жағалап қана көтеріліп жүр. Біз осы тұрғыда көп ойланып, көп толғануға тиіспіз. Соғыс тақырыбындағы көркем әдеби шығарманың басты міндеті - соғыс тәжірибесін көркем жинақтау, жауынгердің ерлік характерінің қалыптасуын, еңбек адамының майдан даласындағы өзгеру құбылысын, сондай - ақ майданнан оралған жауынгердің еңбек сапына барғанда бейбіт тұрмысқа қайтадан үйренісуін суреттеп көрсете білу болып табылады. Біздер, әскери тақырыпты қалап алған жазушылар, майданда болған қарт жауынгерлердің жауынгерлік және еңбектегі өмір жолынан көз жазбай, олардан болашақ шығармаларымызға нәр алып отыруға тиіспіз. Совет Армиясы ардагерлерінің өмірбаянының жастарды әскери - патриоттық сезімде тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Біз кешегі әскери қаһармандық бүгінгі бейбіт қажырлы еңбекпен ұштасқан уақытта өмір сүріп отырмыз. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Соғыс тәжірибесін, халықтың жаппай ерлігі туралы хикаяларды біз тек соғыс документтерінен ғана емес, ең алдымен, адамдардың тағдырларын зерттеу арқылы тауып, шебер пайдаланып отыруға тиіспіз. Жеңістің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақстан баспасөзінде бұрын жарияланбаған талай соны деректер, бұрын белгісіз болып келген талай авторлардың шығармалары басылды. Соғыстың куәгерлері, Жеңісті өз қолымен шыңдағандар өз бастарынан кешкен оқиғаларын, естеліктер мен күнделіктерін жиырма жыл өткеннен кейін қайта ақтарып, келер ұрпақтардың қазынасына лағыл маржандай тағылым етіп отыр. Соғыс туралы материалдар әлі де көп зерттеуді, жазушының көркемдік қорытуын, шебер қаламын күтіп тұр. Соғыс туралы қазақ әдебиеті өзінің бастау бұлағын халық эпосынан алды да, ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде жылма - жыл толысып, өрбіп, өркендеп, есейіп, енді тепсе, темір үзетін тегеурінді жігіт шағына жетті. Оның қаламынан кесек туындылар шықты. Әлі де талай жаңа шығармалар жазылмақ, әлі де елеусіз келе жатқан талай ардагер батырлардың есімдері халыққа паш етілмек. Совет адамының ерлік, қаһармандық бейнесін көркем шығармада бейнелеу - қаһармандық дәуірде өмір сүріп отырған совет жазушыларының ең басты, ең қасиетті борышы.                  
04.12.2012 07:27 8374

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Қазақ әдебиеті», жұма,

9 апрель, 1965 жыл, №15

 

Ерлікті жырлайық

 

Ерлік пен батырлық салтанатының ұлы мерекесіне санаулы ғана күндер қалды. Алдымыздағы 9 май күнін тек совет халқы ғана емес, бүкіл адал ниетті адамзат біздің Қарулы күштеріміздің герман фашизмін талқандағанына жиырма жыл толуын асқан қуанышпен тойлайды.

Совет - герман майданында соғыстың 1418 күн мен түнге созылғаны белгілі. Дүниежүзілік екінші соғыстың өне бойында күллі ауыртпалықтың басым көпшілігі совет халқының мойнында болғаны да мәлім. Біздің елімізде соғыс зардабын тартпаған бірде - бір семья жоқ деп айтуға әбден болады. Соғыстың басынан аяғына дейін герман қарулы күштері мен оның Европадағы сыбайластары әскерлерінің 60 - 70 проценті совет - герман майданында болды. Демек, дұшпанның басты күшін біз талқандадық, оның бел омыртқасын біз үздік.

Бүкіл прогресшіл адам баласы үшін Совет Одағының Ұлы Отан соғысындағы тарихи жеңісінің маңызы ұшан - теңіз екенінде дау жоқ. Соған қарамастан, көптеген буржуазияшыл бұрмалағыштар қайткен күнде де біздің Қарулы Күштеріміздің фашизмді талқандауда басты рөл атқарғандығын бүркемелеп, оның дүниежүзілік тарихи маңызын төмендетіп көрсетуге тырысады. Олар, тіпті, өз елдерінің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бұл туралы сол кезде айтқандарын да ұмытып қалған болып көлгірсінеді. Ал бір кезде АҚШ армиясы бас штабының бастығы генерал Маршалл соғыс министріне былай деп жазғаны мәлім: «Қызыл Армия осыншама табысты қимылдамағанда, американ әскерлері агрессорға төтеп бере алмай, соғыс американ құрылығына ауысатын еді». Бұл - ақылдан туған әділ мойындау. 1944 жылы ағылшын премьер - министрі (әрі Ұлыбритания қарулы күштерінің командашысы) Уинстон Черчилл: «Орыстар неміс армиясының быт - шытын шығарды», - деп жазды. Сол Черчиллдің мынадай тағы бір сөзі бар: «Осынау таңғажайып жеңістерді көзімен көрген дәл біздей, келер ұрпақтар да Қызыл Армияның алдында өздерінің борышты екенін сөзсіз мойындайтын болады». Ал, совет өкіметін жаңа туған кезінде құртып жібере алмағанына өмір бойы өкініп өткен ағылшын көкжалы бізге іш бұрып еді деп кім айта алады? «Мұндай жеңіске,- деп жазды соғыс біткен соң АҚШ президенті Франклин Д. Рузвельт, - шебер басшылары, берік ұйымы бар, әскери әзірлігі мықты және бәрінен бұрын жауды жеңуге деген тәуекелі зор, құрбандықтың ешқайсысынан тайынбайтын армия ғана жете алады. Сонымен бірге, мен Қызыл Армияға нәр беруші адаммен, қару- жарақпен жабдықтаушы орыс халқына тиісті ізет білдіргім келеді». Ал, Рузвельтті коммунист деп атауға болмайтыны баяғыдан белгілі.

Иә, дүниежүзілік екінші соғыстың барлық ауыртпалығын біздің халқымыз өткергені, адам айтқысыз қиындықтарды басынан кешіріп, адамзаттың болашағы мен бақытын қорғап қалғаны кімге болса да аян. Біздің совет адамдары майданда қаһарманша соғысты, тылда жанқиярлықпен еңбек етті, моральдық рухының ғажап жоғарылығын, тамаша табандылығы мен өз Отанына шын берілгендігін көрсетті. Совет адамдары осынау сұрапыл жылдары, қиын -  қыстау сын сағаттарында пісіп - қатып, алмас қылыштай шыңдалып өсті.

Біздің қатарластармыз, біздің замандастарымыз көрген қиыншылықтар, бастан кешкен қайғылы да қуанышты оқиғалары ұшан - теңіз. Бұл қатал да қаһарлы күндердің шежіресін қазіргі жастарымыз, болашақ ұрпақтарымыз айқын білуге тиіс, оларға соғыс сұрапылын көзімізбен көрген мына біздер, аға буын қарт жауынгерлер бейнелеп, түгел жеткізуге міндеттіміз. Жастар біздің естеліктерімізден, біздің қаламымыздан туған романдар мен повестерден, әңгімелер мен хикаялардан өздеріне қажетті тағылым алып, Отанын шын сүю, қажет болса ол үшін жанын қию рухында тәрбиеленуге тиісті.

От пен суды кешіп өтіп, соғыстың бүкіл сұрапылын басымыздан өткеріп, ақыры ұлы жеңісіміздің салтанатты жиырма жылдығын тойлауға жеткеніміз үшін біз бақыттымыз деп санаймыз. Иә, соғыс жылдарынан бері жиырма жыл өтіпті. Осы жиырма жылда қазақтың советтік әскери әдебиеті қалай өрбіп өсті, соғыс тақырыбы, жастарды патриоттық, жауынгерлік рухта тәрбиелеу мәселесі қалай көтерілді, енді соған көшелік.

Қазақ әдебиетінде әскери тақырып барлық жанрлар бойынша әлі жас деп айтсақ, ағаттық болмас еді. Оның бірсыпыра нақты, тарихи себептері бар. Революцияға дейін қазақтар әскерге шақырылған жоқ, патша өкіметі оның қолына қару беруге сенбеді. Ал, 1916 жылы майданның кара жұмыстарына жігіттер алу туралы патша жарлығы казак халқының заңды ызасын туғызып, қыр елі түгелімен көтеріліске аттанды.

Қазақтың алғаш рет қатардағы (регулярно) армияға алына бастаған буыны - 1907 жылы туған жігіттер. Бұл 1928 жылдардың тұсына келеді. Оған дейін армияға қазақ жігіттері өз еркімен сұранса ғана барушы еді. Міне, содан бері біздің арамызда әскер тәртібіне жаттығу, соғыс ғылымын үйрену, әскери әдебиетпен әуестену басталды десек, өтірік болмас. Қазақтың әскери - жауынгерлік сан а- сезімінің шарықтап өсуі, ерлік дәстүрі, басқа ұлттармен қатар, қарулас сапта дұшпанмен бетпе - бет соғысу, майдандарда қарулы шайқасқа жаппай қатысуы сол тұстан басталады. Содан бері қазақ жастарының сан ұрпағы соғыс тақырыбындағы әдеби шығармаларды қызыға оқитын болды, одан жауынгерлік - рухани нәр алып отырды. Қазақ халқының әскери көркем әдебиетінің туып, қалыптасуы да содан басталады. Оның жемісіндей Тайыр Жароковтың «Шекарада», Өтебай Тұрманжановтың «Пулеметші», Қа жым Жұмалиевтің «Қырдағы күрес» поэмасы, М. Әуезовтің «Шекарада», F. Мүсіреповтің «Аманкелді» атты драмалық шығармалары, әңгімелері, өлеңдері, дастандары туды.

Қазақ әдебиетінде әскери - патриоттық тақырыптың шарықтай өрістеген жылдары - Ұлы Отан соғысының күндері. Бұл жылдары қазақ әдебиетінің барлық жанрлары: проза да, поэзия да, драматургия да, очерк пен публицистика да қарулы солдаттай өре тұрып, дұшпанға лап қойды. Соғыс тақырыбы содан бері өткен ширек ғасырдың ішінде кең өріске шығып, жақсы - жақсы туындылар берді. Бұл ретте бізге ең басты, ең игілікті әсер еткен фактор - өрен озық орыс әдебиеті. Бірақ қазақ жазушыларын тек еліктеуші деп қана есептеуге әсте болмайды. Біз үйрене де білеміз, бізде басқа елдердің жазушылары тәлім аларлық әдебиетшілеріміз де аз емес. Майда жанрлар дәрежесінен ірі сом сурет биігіне көтерілген қазақтың патриоттық әдебиеті қазір бүкілодақтық оқушылар қауымына таныс бірнеше шығармалар жасады. Оларды жазғандардың көбі - сол Ұлы Отан соғысының майдандарында жаумен тікелей арпалысқан жауынгерлер. Соғыс басталысымен Қазақстан жазушыларының сол кездегі құрамының сексен проценті өз еркімен майданға аттанды. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін, Совет Армиясы қатарынан елге қайтқан жауынгерлер есебінен республикамыздың жазушылары сапына жиырма бес - отыз сержант пен офицер қосылды.

Жауынгер жазушылардың жадында соғыстың ауыртпалығы мен жеңіс қуанышы, сансыз көріністері, аса күшті әсерлері әлі де сақтаулы. Ол әлі де оқушы қауымның жүрегіне жол табатын сарқылмас бұлақ іспетті. Олардың шығармаларының құнды болатындығы - өзі көрген, өзі бастан өткізген оқиғаларды жазғандығынан. Әрине, біздің жазушыларымыздың ішінен жоғары командалық биікке көтерілгендері жоқ. Сондықтан да олардың көбі шағын масштабтағы оқиғаларды, окоптағы солдаттардың күнделікті өмірі мен шайқастағы қолма - қол ерліктерін жазады. Көбісі жергілікті тактикалық бетпе - бет ұрыс шеңберінен стратегиялық кең өріске көтеріле алмайды.

Нағыз жауынгер болу үшін соғыстың бел ортасында болу керек деп халық тегін айтпайды. Біздің жазушыларымыздың көпшілігі алғы шепте қатардағы солдат немесе бетпе - бет ұрысты ғана басқаратын офицер болды. Сондықтан олар көбіне жауынгер характерінің қалыптасуын, жекпе - жек, қоян - қолтық ұрыстың көріністерін жақсы суреттейді.

Ал, одан биігірек тақырыпқа барғанда, өресі жете алмай қалып, бас қаһарманы отқа салса батпайтын, бір керемет болып шығады да турады. Дәлдіктен, нақтылықтан, шынайы өмір бейнесінен айырылып қалады. Ал, соғыс тақырыбын кейінірек қолға алған орта және жас буын жазушыларымыз оқиғаны ойдан құруға тым әуестеніп, соғыс шындығын роман сюжетіне керіп - тартуға құмарланады, «ойдан қоспасаң, көркем шығарма тумайды» дегенді бетке ұстап, жасандылыққа, жалғандыққа барып ұрынады.

Біздің қорымызда жазатын материалдар көп - ақ, бірақ жазушылардың міндеті сол материалдарды жан- жақты зерттеп, оның түпкі мәніне үңіліп, себеп - салдарын қадағалап, көркемдікпен жинақтау, өмір шындығын қорыта, қорытындылай бейнелеу болып табылады. Осыған орай бірсыпыра қуанышты жайттарды да айта кетуге болады. F. Мүсірепов «Қазақ батыры» повесін жазды да, оны оқушы қауым жақсы қабылдады. Бірақ жазушы өзінің бұл жұмысына қанағаттанбады, келе - келе оның мазмұны сұйықтау, сюжеті босаңдау екенін аңғарып, қайта өңдеді де, «Қазақ солдаты» атты ірі көркем полотно дәрежесіне көтерді. Бұл біздегі совет солдаты туралы ең тәуір романдардың бірінен саналады. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы туралы пікірлерімізді бұрын айтқанбыз. Ал, Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің «Курляндия» романын жалықпай - талмай жылдар бойы мінеп, өңдеп, ақыры бұрынғысынан әлдеқайда жақсы «Күткен күн» атты роман шығарды. Әди Шәріповтің «Партизан қызы» романының журналда шыққан варианты, біздің ойымызша, романнан гөрі партизан жазбаларына көп ұқсайтын еді. Автор оған кейіннен бірсыпыра маңызды толықтырулар енгізіп, тереңдетіп, осы заманға роман дәрежесіне көтерді. Қасым Қайсеновтің «Партизан хикаялары» да қайта қарап жөндегеннен кейін жақсарып, әрленіп шықты. Бұл авторлардың бәрі де бір кезде оқырмандар мен сыншылар айтқан пікірлер мен ұсыныстарды адалдықпен ескеріп, кемшіліктерін мұқият жөндеді. Өздеріне өздері сын көзімен қарады. Мұның өзі, сайып келгенде, біздің жалпы ісімізге үлкен пайдасын тигізді.

Сонымен қатар Тоқтағали Жанкелдиннің «Партизан күнделігі», Тұрсын Мыңбаевтың «Өліммен беттескенде», Тоқаш Бердияровтың «Менің өмір сүргім келеді», Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдиновтың «ИЛ - дер шабуылда», бұрынғы штурман Хиуаз Доспанованың «Раскованың қол астында», Сәуірбек Бақбергеновтың «Талғат» атты документальды повестері мен Хамит Ерғалиевтің «Әке сыры» поэмасы да оқуға қызғылықты, тартымды.

Қазақстанда тұратын орыс жазушылары Дм. Снегин, А.Ананьев, С.Мартьянов, Ф.Егоров, В.Ванюшин әскери - патриоттық әдебиет жанрын өрістетуге едәуір үлес қосты.

Әскери әдебиет саласында еңбек етіп жүрген жолдастарымыздың шығармаларында кездесетін жақсылық, кемшілік жақтарын әлі де зерттей қарап, тиісті баға беретін, келер шығармаларына биік талап қоятын ретіміз бар. Әсіресе, жағымды, жағымсыз қаһармандардың бейнесін жасауда олақтығымыз мол. Кейде біз олардың характерлері мен типтік образдарының қоғамның терең қабаттарынан басталатынын, мінез - құлқының, жан - дүниесінің қалыптасу диалектикасына өскен ортасы әсер ететінін ұмыта береміз. Әсіресе, біздің жазушылардың батыл шеше алмай жүрген мәселесі - жағымсыз геройлардың бейнесін жасау. Олар жағымсыз кейіпкерлерін жан- жақты білмейді деп айтуға болмас еді. Алайда көрген, білген бар да, оны жұртқа баяндап беру де бар. Жағымсыз жайттардың түп тамыры неде жатыр? Соны тауып айта білу керек. Оның тамыры тереңде. Тәжірибесі аз адам жағымсыз жайлардың неден туатынын бірден аңғара алмай қалады. Әрине, бұл жөнінде де біздің қаламдас достарымыз әлі де ширап, шеберленеді деген үміттеміз. Тәжірибе деген оңайлықпен келмейді, оны тартыс, күрес, қажырлы еңбек үстінде жеңіп алуға болады.

Біздің авторларымыздың жауынгер бейнесін әртүрлі адамдардың көзімен қарап бейнелеуге тырысатыны бар. Ол, әрине, дұрыс. Өйткені біреудің көргенін, біреу көрмей қалады. Бұл жөнінде Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндерінің» жөнделген жаңа нұсқасын жақсы мысал ретінде атап көрсетуге болады. Ал, басқа кейбір авторлар бас геройға барлық қажетті де қажетсіз қасиеттерді үйіп - төгіп бере салады, шығармаларында керекті, керексіз кейіпкерлер қаптап жүреді. Совет адамының барлық қасиеттерін бір образдың басынан табуға, әрине, болмайды. Образдың универсалдығы шығарманың шынайылығына күмән туғызады. Оның үстіне кейбір қаламдастарымыз сюжетті тарам-тарам бытыратып, майдаландырып жібереді де, ұсақ - түйек дүниеліктерді тәптіштеп баяндауға бой ұрып кетеді. Содан барып, орын үнемделмейді, кітап көрінеу қампиып кетеді де, сүреңсіз, жалықпа болып шығады.

Бір қуанарлық жайт, соғыс тақырыбына жазған қазақ шығармаларында тек қазақтар ғана бейнеленбейді, олар бауырлас, қаруластарының арасында үлкен семьяның бір мүшесі болып көрінеді. Халықтар достығы біздің қай шығармамызда болсын, негізгі арқау, желі болып отырады. Таңдаулы шығармаларымызда тілдің көркемдігі мен стильдің шеберлігі жақсы қиюласып келетінін, олардың авторларының классикалық әдебиетімізден әр, нәр алып отыратынын қуанышты жағдай деп атап көрсеткен жөн. Ал, осынау жақсы қасиеттердің кей шығармада өте көбейіп кетіп, көп жеген балдай жүрегіңді айнытатыны да бар.

Біздің ойымызша, әскери көркем туындыларымыздың бірқатарында атап өтерлік елеулі кемшіліктер орын алған. Біріншіден, оларда соғыс даласы кең көлемде суреттелмейді. Содан келіп сюжет тар шеңберде қалады, біртұтас тактикалық, оперативтік, стратегиялық желі болмай шығады. Ал, шынына келсек, батальондардың, роталардың, полктардың қимылдары бір - бірінен оқшау қимыл емес, ол үлкен бір қолдан басқарылып тұрған жаппай ұлы шайқастың жеке бір көрінісі ғана. Олай болса, біз бұдан былай стратегиялық кең өріске құлаш ұруға тиіспіз.

Оның үстіне кейбір шығармаларда соғыс философиясы өзінің көркемдік бейнесін таба алмай қалады. Олар ұсақ - түйектің айналасында, кейде, тіпті, атқыштар ұясының, окоп ауқымының төңірегінде ғана майда - шүйде жайттардың сипатынан аспайды. Кей туындыларымызда көрінеу созбалы, ойдан шығарылған психологизм басым жатады, содан келіп тартыс да жасанды, нанымсыз болып шығады. Психологизмді біз адамның іс - әрекетін терең талдап көрсету, оны туғызған себеп - салдарды ашып түсіндіру деп есептейміз. Біраз шығармаларда кейіпкерлердің әрекеті бар да, оның түп негізін түсіндіру жоқ. Әрине, бұл жерде әрекеттің түп негізін тәптіштеп баяндап беру керек деген ұғым тумайды. Оны бейнелі түрде көрсету керек.

Солдаттың өзін - өзі қорғауы, ерліктің тууы, жаппай қаһармандықтың шығуы, жауынгердің жауынгер болып қалыптасуы, солдат характерінің шынығып шыңдалуы, ұрыс даласындағы өмір мен өлім мәселесі, әскери борыш, әскери әдет пен әдеп, азаматтық және әскери ар - намысты қорғай білу, жауынгерлік ізгі аскетизм және басқа осындай түйінді мәселелердің бірсыпырасы біздің әскери шығармаларымызда кең өрісте қамтыла алмай келеді. Бұл мәселелер әлі шет жағалап қана көтеріліп жүр. Біз осы тұрғыда көп ойланып, көп толғануға тиіспіз. Соғыс тақырыбындағы көркем әдеби шығарманың басты міндеті - соғыс тәжірибесін көркем жинақтау, жауынгердің ерлік характерінің қалыптасуын, еңбек адамының майдан даласындағы өзгеру құбылысын, сондай - ақ майданнан оралған жауынгердің еңбек сапына барғанда бейбіт тұрмысқа қайтадан үйренісуін суреттеп көрсете білу болып табылады.

Біздер, әскери тақырыпты қалап алған жазушылар, майданда болған қарт жауынгерлердің жауынгерлік және еңбектегі өмір жолынан көз жазбай, олардан болашақ шығармаларымызға нәр алып отыруға тиіспіз. Совет Армиясы ардагерлерінің өмірбаянының жастарды әскери - патриоттық сезімде тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Біз кешегі әскери қаһармандық бүгінгі бейбіт қажырлы еңбекпен ұштасқан уақытта өмір сүріп отырмыз. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

Соғыс тәжірибесін, халықтың жаппай ерлігі туралы хикаяларды біз тек соғыс документтерінен ғана емес, ең алдымен, адамдардың тағдырларын зерттеу арқылы тауып, шебер пайдаланып отыруға тиіспіз.

Жеңістің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақстан баспасөзінде бұрын жарияланбаған талай соны деректер, бұрын белгісіз болып келген талай авторлардың шығармалары басылды. Соғыстың куәгерлері, Жеңісті өз қолымен шыңдағандар өз бастарынан кешкен оқиғаларын, естеліктер мен күнделіктерін жиырма жыл өткеннен кейін қайта ақтарып, келер ұрпақтардың қазынасына лағыл маржандай тағылым етіп отыр. Соғыс туралы материалдар әлі де көп зерттеуді, жазушының көркемдік қорытуын, шебер қаламын күтіп тұр. Соғыс туралы қазақ әдебиеті өзінің бастау бұлағын халық эпосынан алды да, ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде жылма - жыл толысып, өрбіп, өркендеп, есейіп, енді тепсе, темір үзетін тегеурінді жігіт шағына жетті. Оның қаламынан кесек туындылар шықты. Әлі де талай жаңа шығармалар жазылмақ, әлі де елеусіз келе жатқан талай ардагер батырлардың есімдері халыққа паш етілмек. Совет адамының ерлік, қаһармандық бейнесін көркем шығармада бейнелеу - қаһармандық дәуірде өмір сүріп отырған совет жазушыларының ең басты, ең қасиетті борышы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға