Жаңалықтар

Жұмбақ

Жұмбақ– адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель “Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Алайда, қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығарм-ғында Жұмбақтар топтамасы жиі кездеседі. Сондықтан оны тек фольклорлық жанр аясында шектеуге болмайды. Ғалымдар Жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп есептейді. Бағзы дәуірлерде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтанғандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Жұмбақ кейінгі даму барысында табу мен тыйым сөздерден жіктеліп, бөлініп шыққан. Қазақ Жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Мысалы, Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (құс сүті). Сонымен қатар Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Қазақ халқы Жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан жар таңдаған жастар, ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне Жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Жұмбақ бейнелі суретпен айтылады. Мысалы, “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа), “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз). Заттың сапасына (“Бауыздасаң, қан орнына су ағар” – қауын), қызмет-қимылына (“Жанды сағат айқай салад” – есек) қарай құрылатын Жұмбақтар көп. Кейде Жұмбақ тікелей ашық сұрау түрінде айтылады. Жұмбақ шешендік сөздермен де (“Ағат деген немене? Сағат деген немене?”), мақал-мәтелдермен де (“Сырты жылтырауық болғанмен, іші қалтырауық”) жанасымды. Қазақ әдебиетінде ақындардың ауызша, жазбаша жұмбақ айтыстары көп кездеседі (мысалы, Жігіт пен қыздың жұмбақ айтыстары, Сапарғали мен Нұржанның айтысы, т.б.). Жұмбақтың композициялық құрылымы, әдетте, екі бөлікті болып келеді, бірінші бөлікті Жұмбақтың байлауы, екінші бөлікті Жұмбақтың шешімі деп атайды. Жұмбақта заттың түрі-түсі, көлемі, қасиетімен қатар, оның атқаратын қызметі немесе қимыл-әрекеті де айтылады. Жұмбақ – таным құралы, сондықтан бір құбылысты түрлендіре құбылту арқылы әр тарап, сан қырынан тануға болады. Кейде байламның барлық қасиеттері толық суреттелмей, бір ғана белгісі айтылуы мүмкін. Сондықтан Жұмбақ шешуін табудың ауыр-жеңілдігі нысан суретінің қаншалықты толық, дәл берілуінде. Жұмбақты шешу – сипаттамадан соң сыңар бейнеден байламды табу арқылы жүреді. Сипаттамада байламның белгілері айтылады, осы белгілерге қарап нысанды ойша кескіндеу, елестету, мәтінді ести отырып, ұқсастырылған нәрсе мен байлам арасындағы байланысты зерделеу процесі өрбиді. Жұмбақта белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан жолдармен өрнектеледі. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбінесе қысқа, жинақы келеді, кейде образбен өрілген кішкене ғана ұғымды білдіретін сөйлем, не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Жұмбақтың ең басты поэтикалық құралы – метафоралық тәсіл. Жұмбақта тұспалдап айтылатын нәрселер дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Тұспалдау арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Жұмбақтар түрлі жағдайларды суреттеуді мақсат етпейді, оқиғаларды да баяндамайды, тек әр түрлі заттар мен құбылыстардан образдарға нақыш боларлықтай өрнектер табады. Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбінесе көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар тұспалдауға, жасыруға желі болады. Метафораларға ұйытқы, тірек сөздер алуан түрлі, олар сан-саналы табиғат құбылыстарына, тұрмыс пен шаруашылық, әдет-ғұрып, қоғамдық қатынастарға байланысты лексиканы қамтиды. Жұмбақ нысанасына айналған байламдар өмірдің барша құбылыстарын тақырып ете алады. Мысалы, аспан әлемі, табиғат құбылыстары, жер, хайуанаттар, құстар, жәндіктер, адам, үй жабдықтары, киім-кешек, тамақ-сусын, ыдыс-аяқ, өнер, шаруашылық, іс-құралдары, жол, қатынас, техника, оқу-білім, ойын-сауық, ән-күй, уақыт, дін, т.б. Сонымен қатар кейінгі кезде Жұмбақтардағы дәстүрлі тақырыптардың арнасы оқу-білім, ғылым мен техника дамуына байланысты толыға түсті. Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш.Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы.Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А.В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С.Аманжолов, Т.Жанұзақов, Қ.Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев, К.Баянбаев, Қ.Шұғаев, Ә.Ысқабаев, т.б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді.  
04.12.2012 04:33 12359

Жұмбақ– адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр.
Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель “Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Алайда, қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығарм-ғында Жұмбақтар топтамасы жиі кездеседі. Сондықтан оны тек фольклорлық жанр аясында шектеуге болмайды.
Ғалымдар Жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп есептейді. Бағзы дәуірлерде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтанғандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Жұмбақ кейінгі даму барысында табу мен тыйым сөздерден жіктеліп, бөлініп шыққан. Қазақ Жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Мысалы, Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (құс сүті). Сонымен қатар Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Қазақ халқы Жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан жар таңдаған жастар, ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне Жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Жұмбақ бейнелі суретпен айтылады. Мысалы, “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа), “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз). Заттың сапасына (“Бауыздасаң, қан орнына су ағар” – қауын), қызмет-қимылына (“Жанды сағат айқай салад” – есек) қарай құрылатын Жұмбақтар көп. Кейде Жұмбақ тікелей ашық сұрау түрінде айтылады. Жұмбақ шешендік сөздермен де (“Ағат деген немене? Сағат деген немене?”), мақал-мәтелдермен де (“Сырты жылтырауық болғанмен, іші қалтырауық”) жанасымды.
Қазақ әдебиетінде ақындардың ауызша, жазбаша жұмбақ айтыстары көп кездеседі (мысалы, Жігіт пен қыздың жұмбақ айтыстары, Сапарғали мен Нұржанның айтысы, т.б.). Жұмбақтың композициялық құрылымы, әдетте, екі бөлікті болып келеді, бірінші бөлікті Жұмбақтың байлауы, екінші бөлікті Жұмбақтың шешімі деп атайды. Жұмбақта заттың түрі-түсі, көлемі, қасиетімен қатар, оның атқаратын қызметі немесе қимыл-әрекеті де айтылады. Жұмбақ – таным құралы, сондықтан бір құбылысты түрлендіре құбылту арқылы әр тарап, сан қырынан тануға болады. Кейде байламның барлық қасиеттері толық суреттелмей, бір ғана белгісі айтылуы мүмкін. Сондықтан Жұмбақ шешуін табудың ауыр-жеңілдігі нысан суретінің қаншалықты толық, дәл берілуінде. Жұмбақты шешу – сипаттамадан соң сыңар бейнеден байламды табу арқылы жүреді. Сипаттамада байламның белгілері айтылады, осы белгілерге қарап нысанды ойша кескіндеу, елестету, мәтінді ести отырып, ұқсастырылған нәрсе мен байлам арасындағы байланысты зерделеу процесі өрбиді. Жұмбақта белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан жолдармен өрнектеледі. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбінесе қысқа, жинақы келеді, кейде образбен өрілген кішкене ғана ұғымды білдіретін сөйлем, не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Жұмбақтың ең басты поэтикалық құралы – метафоралық тәсіл. Жұмбақта тұспалдап айтылатын нәрселер дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Тұспалдау арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Жұмбақтар түрлі жағдайларды суреттеуді мақсат етпейді, оқиғаларды да баяндамайды, тек әр түрлі заттар мен құбылыстардан образдарға нақыш боларлықтай өрнектер табады.
Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбінесе көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар тұспалдауға, жасыруға желі болады. Метафораларға ұйытқы, тірек сөздер алуан түрлі, олар сан-саналы табиғат құбылыстарына, тұрмыс пен шаруашылық, әдет-ғұрып, қоғамдық қатынастарға байланысты лексиканы қамтиды. Жұмбақ нысанасына айналған байламдар өмірдің барша құбылыстарын тақырып ете алады. Мысалы, аспан әлемі, табиғат құбылыстары, жер, хайуанаттар, құстар, жәндіктер, адам, үй жабдықтары, киім-кешек, тамақ-сусын, ыдыс-аяқ, өнер, шаруашылық, іс-құралдары, жол, қатынас, техника, оқу-білім, ойын-сауық, ән-күй, уақыт, дін, т.б. Сонымен қатар кейінгі кезде Жұмбақтардағы дәстүрлі тақырыптардың арнасы оқу-білім, ғылым мен техника дамуына байланысты толыға түсті.
Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш.Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы.Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А.В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С.Аманжолов, Т.Жанұзақов, Қ.Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев, К.Баянбаев, Қ.Шұғаев, Ә.Ысқабаев, т.б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға