Жаңалықтар

Жолдауды қолдау

Бірнеше жыл бұрын Бүкіләлемдік рухани мәдениетінің форумы аясында «Кешегі ұлылар бізбен бірге» атты көрме ұйымдастырылып, онда әр ел өздерінің бір ұлы тұлғасын:
03.03.2014 04:21 6688

Бірнеше жыл бұрын Бүкіләлемдік рухани мәдениетінің форумы аясында «Кешегі ұлылар бізбен бірге» атты көрме ұйымдастырылып, онда әр ел өздерінің бір ұлы тұлғасын: Үндістан елшілігі М.Гандиді, Ұлыбритания У.Шекспирді, Ресей Л.Н.Толстойды, Қазақстан Абайды ұсынған болатын. Бұл жиынның мақсаты, талқыға салып, саралағаны – бүкіл халықтың рухани өсуіне ойшылдар қандай үлес қосқаны туралы болған еді. Жалпы, біз, қазақтар, ой айтқанда, ұлт болмысы, мінезі, өмір сүру дағдысы туралы айтқанда Абайдың қарасөздеріне, ғибратқа толы аталы, даналы сөздеріне жүгінетініміз ақиқат. Осы деңгейден неліктен аса алмадық? Бұл сауал «бүгінде Абайдың, Шоқанның, т.с.с. дана, оқымысты ғалымдарымыздың деңгейіне көтерілген адамдар бар ма?» – деген сауал төңірегінде туындап отыр. Шын мәнінде, қазіргі қоғамдағы жетекші ой кімнің еншісінде? Зиялы қауым үлкен ой айта алып жүр ме? Ұлттық интеллигенцияның рөлі қандай? Дәл осы сауалдар төңірегінде ой қозғаған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тапсырма беруі жайдан-жай емес шығар деп топшыладық. Себебі ұлттық интеллигенцияның қоғамдағы рөлі туралы жеткілікті дәрежеде айтылып жатқан жоқ сияқты.

Жалпы, мемлекет атқаратын көп функцияның бірі – қоғам ішіндегі барлық қатынастарды тек реттеп отыру ғана емес, сонымен бірге, оны уақыт талаптарына және әлемдік жаңа қатынастарға сай жетілдіру. Сонда ғана сол мемлекетті қалыптастырып отырған қоғам әлемдік көштің алдыңғы қатарларынан орын алады.

            Елбасының: «Әлеу­мет­тік инфантилизм құбылысы әлеуметтік жаңғырту жо­лындағы басты кедергі. Бұл – игілікке жетудің алдамшы формуласы, яғни «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді», – деген сөзі де көп мәселенің басын ашқандай болып, ой салғанын несіне жасырайық. Осы сөздердің түп-төркініне үңілсек, біз нені байқаймыз, нені аңғарамыз? Шын мәнінде біздің дамуымызға қолбайлау болып отырған мәселелердің бірі осы емес пе? «Ғылым жолы – қиын жол» деп бекер айтылмаған болар. Ал осы ғылым жолын таңдаған бүгінгі жастар осы сөздің мағынасын қалай түсініп жүр екен? Қалай болғанда да, олар шен, дәреже, атақ алуды мансұқ тұтпаса екен деп ойлаймыз, әрине. Машақаты көп жұмысының шапағатын көргеннің несі айып дерсіз, бәлкім. Дегенмен, ғылымға шын берілген маман міндетті түрде ұлықталады, мойындалады, бағаланады деп ойлаймыз. Мүмкін бүгін емес шығар, алайда жылдар өткеннен кейін, тіпті тарихтың өзі барлығын өз орнына қоятынына сенеміз. Ең бастысы, арзан атақ пен сый-сияпат үшін абыройын төмендетпесе, қазақ үшін кішкентай болса да үлес қоссам деп ойласа екен дейсің амалсыз. Біздің қазақты өсіретін де осы деп білеміз. «Сананы тұрмыс билеген» бүгінгі заманда жаппай ақша табудың жолын іздеп жүргеніміз ақиқат. Онсыз өмір сүрудің қисыны жоқ екенін әрқайсымыз білеміз. Алайда әр нәрсенің шеті мен шегі болатынын қаншалықты ойлаймыз? Әрине қаншалықты бай болсаң, соншалықты жақсы өмір сүресің, ал ұлт үшін не істей аламыз? Отанға, тілге, ділге, дінге деген сүйіспеншіліктің өлшемі қандай? Осы жайды ұлт зиялылары халықтың көкейіне қонатындай етіп жеткізе алып жүр ме? Біздіңше, осы тұрғыдан алғандағы ұлттық интеллигенцияның рөлі ерекше зор. Себебі қазаққа жол бастайтын, үлкен ой айтатын зиялылар қауымының қажеттілігі анық.

            Жалпы, Қазақстанның жүріп өткен жолына көз тастасақ, сыбап тұрып сын айтуға да, майын тамызып мақтауға да болатын сияқты. Біреулер шыны ыдыстың іші жартылай бос екенін көріп, налыса, енді біреулер жартылай болса да су бар екенін айтып шүкірлік етеді екен. Дәл осы «Стақан жартылай бос немесе жартылай толы» деген психологиялық мысал секілді. Дегенмен тәуелсіздік жылдары ұтқан, ұтылған тұстарымызды саралап, өткен тарихымызбен салыстырар болсақ, жеткен жетістігіміздің көп екені анық. Орыстардың «Өз бағытын білмеген қайыққа бір де бір жел серік болмайды» деген мақалына үңілсек, «мақсатсыз адам болмайтыны» сияқты стратегиясыз ел болмайтынына көзіміз жете түседі. Ал бұл бағыттың дұрыс болуы аса маңызды десек, Жолдаудың артықшылықтарын айту да артық етпейді. Осы туралы өз пікірімізді білдірсек дейміз.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, оның ішінде жетінші тараудың бесінші тармағында «Ұлттық интеллигенцияның рөлі» туралы тарқатып айтқан болатын.

            Осы орайда Елбасының: «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие», – деген сөзіне тоқталғымыз келеді. Сөзіміздің басында айтып өткендей рухани даму тұрғысынан алғанда әрқашан зиялы қауым өкілдерінің үлесі сөз етіледі. Бұл заңды да. Себебі ақын-жазушылар мен ғалымдар санатына қосылатын жандар осы интеллигенцияны құрайтыны белгілі. Сондай-ақ, материалдық, әлеуметтік мәселелермен қатар бағаланатын осы рухани байлық қай халыққа болсын ауадай қажет. Онсыз ұлы ұлт деңгейіне көтеріле алмайтынымыз ақиқат.

            «Н.Ә. Назарбаев: «2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек», – дегенде, ойшылдықтың қоғамдағы орны мен маңызын және интеллигенцияның қажеттілігін білдірген еді.

            Кез келген қоғам ойлы сөзге зәру. Ұлтының қамын ойлайтын азаматтарын халық ешуақытта ұмытпақ емес. Дәл осылай ел тарихында өшпестей із қалдырған, жадында мәңгі сақталған Алаш арыстары туралы аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, бүгінгі қоғамда ұлт қамын жеген азаматтар да жоқ емес. Ендеше, Елбасының Жолдауда айтқан: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс», – деген сөздерін де дер кезінде айтылған ой деп білеміз. Себебі болашақ туралы айтар болсақ, қамын ерте бастан жасау керектігі дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым.

            «Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек». Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатқаны көңілге медеу. Дегенмен әлі де жеткізу, айту жағы аздау сияқты.

            Елбасының: «Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс. Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс», – деген сөздеріне зер салсақ, нені аңғарамыз? Ұлттың тарихи санасын қалыптастыру дегенді қалай түсініп жүрміз? Ғалымдар осы жағына тереңірек мән берсе деген тілегіміз бар.

            «Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы» (Н.Назарбаев) екенін білсек те, кереғар пікірлер, ой-тұжырымдар айтылуы заңды. Сондай-ақ тілге қатысты мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүр. Ол туралы «Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді» – деген астарлы сөздермен Жолдауда айтылған еді. Сонымен қатар, Қазақстанның болашағы жастардың қолында десек, олардың өз елінде қиянат көрмей, барлық мүмкіндіктерді пайдалануға құқылы болуы да назардан тыс қалмағаны қуантады. Мысалы: «Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз. Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық. Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой», – деген сөз жас ұрпақты жігерлендіріп, серпілтіп тастағаны анық. Сонымен бірге, бірлік пен татулықтың маңыздылығы мына сөздерден айқын көрсетілген еді: «Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық. Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек».

            Қоғамдағы ұлттық интеллигенцияның рөлі туралы сөз еткенде көп жайды қамтуға болатындай-ақ. Мемлекетіміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуы руханилық, білімділік өлшемімен ғана емес, адамгершілік, ар-ожданмен де өлшенеді. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар сабағымызбен алдағы асулардан асып, биікке көтерілеміз деген ой жарқын болашаққа жол бастайтындай. Сол үшін де Жолдауды қолдауға тиіспіз. Елбасы өз Жолдауында халқын ерік-жігер мен еңбексүйгіштікке, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды. Мәңгілік ел болу жолындағы осындай келелі, ұлы істер жаңа биіктерді бағындыруға нәсіп етсін!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға