Жаңалықтар

Тілдерді білу - заман талабы

«Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың». Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас.
03.03.2014 04:41 45570

«Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың». Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Тарихтан белгілі ғұламалардың өзі мұны сол заманның өзінде қолға алып, келер ұрпаққа ой тастаған. Мәселен, ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби жетпіске жуық тіл білгені тарихтан белгілі. Өйткені, ғылым мен білімнің дамуы да тілді үйренумен тікелей байланысты.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзі. Алдымен, ана тіліне деген үлкен құрметтің қалыптасуы маңызды. Өз тіліңді сыйламау, түп-тамырыңды білмей, басқаны бағындырам деу - бекершілік. Елбасы Н. Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін баса айтқан болатын. Қазақ тілін меңгерту мақсатында сан түрлі жобалар мен бастамалардың қолға алынып жатқаны белгілі. Бірақ, қажеттілік аз ба, әлде азаматтардың ынта-ықыласы жеткіліксіз бе, бастама болғанмен, оған деген сұраныстың аз екені жиі айтылып жүр. Ана тілі, қазақ тілін осы елдің жерін басып жүрген тұрғындардың бәріне білу – міндетті. Мекемелердің тарапынан қажеттілік орнатса, талап күшейсе бұл іс те бірізділікке салынар. Үштұғырлы тілдің негізгі тұғырында туған тіл тұруы тиіс!

Одан кейін, елімізде бірнеше тіл меңгерем деген адамға да мүмкіндік жоқ емес. Әртүрлі тілді білім көкжиегін кеңейту үшін меңгеру қазір заман талабына айналды. «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» - елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауында деп мәлім еткен болатын. Мәліметтер бойынша, қазіргі таңда еліміздің 30-дан астам мектептерінде1-ші сыныптан бастап, дәрістер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, бірқатар оқу орындарында көптілді білім беру жүйесі енгізілген. Бастауыш сыныптардан бастап, қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай тілдерін тереңдетіп оқытатын лингвистикалық гимназиялар көптеп ашылып жатыр. Көптілді лингвистикалық гимназияларда дәрістер теориямен қатар тәжірибемен ұштастырылып, сондай-ақ, түрлі әдістемелік құралдарды пайдалана отырып, ойын түрінде өткізіледі екен.

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» - деген даналық сөз бар.

Биылғы жылдан бастап, жалпы білім беретін мектептердің бәрінде 1-сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету қолға алынған болатын. Жаңа технологиялар арқылы балаларға тіл үйрету жолға қойылып келеді.

Мемлекетіміздегі маңызды бағыттарының бірі - заман талабына сай бәсекеге қабілетті, бірнеше тіл білетін білікті мамандар даярлау. Сондықтан, әр ұлттың өз тілін мәдени орталықтардың жексенбілік мектептерінде үйренуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, француз, қытай, жапон тілдерін үйренуге сұраныс көп дегенді айтады тіл үйрету курстарының оқытушылары. Бұған себеп, еліміздегі жұмыс беруші компаниялардың көбі шетелдік болуына байланысты. Курс оқытушыларының айтуы бойынша, мемлекеттік қызметтегі және әртүрлі саладағы мамандар, орта жастағылар да тіл үйренуге ықыласты екен.

«Кез келген ата-ана түсінуі керек, әрі бала мықты болады анасының уызына жарыған, анасының сүтін емген бала ауырмайды. Сол сияқты қазақ ұлтының, қазақ мемлекетінің мықты болуы да осында өмір сүретін қазақтың негізгі тілі, бастапқы тілі ана тілінде жүруі. Әрине, қазіргі заман талабы, уақыт талабы, жаһандану кезі тек қана қазақ тілімен шектелмеуі керек. Бірақ, барлық тілдердің басында өзінің ана тілі тұруы керек» - дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы.

Кез келген ел үшін біліммен қаруланған ұрпағының өз туған тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жоймауы маңызды.

Айзат Меңдешева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға