Елордалық мұражайда сәулетші Максим Холуевтың фотокөрмесі өтіп жатыр
Елордада сәулетші Максим Холуевтың «Бастау...» («Начало…») атты фотокөрмесі өтіп жатыр. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Қазіргі заманғы өнер мұражайынан хабарлады.
Экспозицияға 31 фотосурет қойылған. Атап айтқанда, әр жылдары түсірілген портреттер мен пейзаждар - «Суретші. В.Ф. Холуевтың портреті», «Мүсінші. В.Б.Пирожковтың портреті», «Шахеризада. Гүлмираның портреті», «Ярослав. Өз әлемінде», «Әке портреті», «Автопортрет», «Шілде айындағы Надя. Хиппи», «Күзгі портрет. Жан» және т.б.
Бұдан басқа, шебер түсірілген фотосуреттерді серияларға бөліп, альбомдар жасайды. Экспозицияда “COSMOS” альбомынан «Қалалық парктегі ақ-қара күз», «Асфальт кейіпкерлері», «Көлеңке мен Жарық», «Ыстық. MARSIANIN», «MARS», «Өткел» және «Жарық бағытында» сериясындағы қызықты суреттер ұсынылған.
Максим Холуев 1968 жылы 9 мамырда Целиноград (Астана) қаласында белгілі суретші Виктор Федорович Холуевтың (1930 ж.т.) отбасында дүниеге келген. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институты Сәулет факультетін тәмамдап, Витебск қаласына (Беларусь) жұмысқа жіберіледі. Үш жыл бойы жобалық институтта сәулетші болып істеген соң туған қаласына қайта оралады. Оқыған жылдары Республикалық студенттер олимпиадасының дипломанты атанады, Қазақстан Сәулетшілері Одағы дипломымен марапатталған. 1990 жылы Сәулетшілер Одағының І дәрежелі дипломын алған.
Максим Холуевтың «Бастау...» фотокөрмесі 14 қазанға дейін жалғасады.