«Мұтылған» деректі фильмі
Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы түсірілген деректі фильмдер көп емес. Солардың бірі және бірегейі саналатын- «Мұтылған» деректі фильмі. Режиссері - «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет еткен, бір кездері көрерменнің көңілінен шыққан «Шынның жүзі» хабарын жүргізген танымал журналист Қасым Аманжолұлы. Деректі фильм 2008 жылы Шәкәрім қажының 150 жылдығына орай түсірілген болатын. «Мұтылған» деректі фильмі телеарналар жаппай көрсетіп, кеңінен таралмаса да, киногерлер жылы қабылдағандықтан, фильмге Республикалық Кинематографистер Одағының «Құлагер» сыйлығы берілді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858-1931 жылдары өмір сүрді. Ол – ақын, жазушы, философ, тарихшы және композитор. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын кере білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды.
Ол шығармаларында адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді. Олардың кейбіреулері адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал, біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деген ойлар айтты. Біреулері бай, кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады деді. Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек дегендер де болған. Шәкәрімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды.
Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үшанық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» сынды тағы да басқа шығармалары жарық көрді.
Аталған деректі фильмнің авторы Қасым Аманжолұлы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алып, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында "Телевизия және кино режиссері" мамандығын бітірген.
Ең алғаш "Заман Қазақстан", "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті" басылымдарында журналистік жолын бастады. Сонымен қатар телеарнада әртүрлі бағдарламалардың авторы, жүргізушісі ретінде танылды. "Анық Абай", "Мұтылған", "Жайнаған туың жығылмай" деректі фильмдерінің авторы.