Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан өткізудің мазмұны мен форматын өзгерту керек – С.Нәсен
Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтиханды өткізудің мазмұны мен форматын өзгерту керек, дейді BNews.kz тілшісіне сұхбат берген Назарбаев орталығының Бас ғылыми қызметкері, Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-эксперттік тобының төрайымы Сәуле Мамытова.
«Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтиханды өткізудің мазмұны мен форматын өзгерту туралы мәселені көтергім келеді. Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтиханды жоғарғы оқу орындарының үшінші курсында өткізуді дұрыс деп санаймын, өйткені емтиханды бірінші курста тапсыру патриотизмді, азаматтық ұстанымды тәрбиелеу үшін тарихи білімнің рөлі мен маңызын терең пайымдауға ықпал етпейді. Гуманитарлық цикл пәндерінің барлық кешенін игере қоймаған кешегі мектеп оқушысы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дамуы мәселелері бойынша терең де мазмұнды жауап бере алмайды. Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтихан тек алған білімдердің жиынтығын ғана емес, сонымен бірге студенттің өз көзқарасын дәлелдей алуын, өзінің азаматтық ұстанымын білдіре алуын, тіл мәдениетін көрсете алуын да анықтауы тиіс. Бұл емтиханды жаппай кеңінен тараған тестілеу формасында өткізу қаншама күндерді, цифрларды, фактілерді, атауларды есте сақтаудың төңірегінде ғана болып, тарихи білімді девальвацияға ұшыратады. Бұл, өз кезегінде студенттердің өз елінің тарихын оқығысы келмеуіне және Отанының тарихына деген қызығушылығының төмендеуіне алып келеді», дейді маман.
Сәуле Нәсенқызының айтуынша, тарихи білімдерді насихаттау, оларды көпшілікке жеткізу жанды, қызықтыра алатындай тілмен жазылған іргелі оқулықтар болғанда ғана мүмкін болмақ.
«Адамзат тарихын жаңа теориялық-методологиялық парадигманың негізінде, ғылыми-танымдық тілде оқып үйрену студенттер арасында тарихқа деген қызығушылықты кеңейтетіндігі сөзсіз. Тарихи білімдерді насихаттау, оларды көпшілікке жеткізу жанды, қызықтыра алатындай тілмен жазылған іргелі оқулықтар болғанда ғана мүмкін болмақ. Ғаламтор-ресурстарын, компьютерлік техниканы кеңінен пайдаланып отырған бүгінгі жағдайда студент жастардың арасында хрестоматия, өздік жұмыстарға арналған материалдар, иллюстрациялық материалдардан тұратын электрондық оқулықтарды, Ғаламтордың электрондық ресурстары бойынша жол сілтемелер мен оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды тарату қажет», деген тарихшы «мәселелерді шешудің негізгі жолдары осындай болғанымен, өкінішке орай бұлар ішінара ғана тәжірибеде жүзеге асырылып отырғанын» атап өтті.