Тəрбиенің жеке тұлғалық жəне қоғамдық бағыттарының бірлігі принципі
Озат ойлы педагогтар тəрбиені «өсиет пен өнеге, сендіру жəне зорлау жəрдемімен адамдарды нəзік шақтан іс-əрекетке қосып, игерілген ережелерді тұрмыста қолдануға үйретуші қоғамдық құрылым» (Г. Сент-Джон) ретінде таныған. əр дəуірде бұл принцип мəні ауысып барған: бірде жеке тұлғалық бағыт басымдау болып, кейде қоғамдық, мемлекеттік бағыттар жетекшілік еткен. Алайда, тəрбиенің басты міндеті - адамды белсенді қоғамдық əрі рахат жеке өмірге дайындау - қай заманда да сақталып қала береді.
Бұл принцип бойынша педагогтың барша қызметі өсіп келе жатқан əулет тəрбиесін мемлекеттің тəрбиелік стратегиясына сəйкес орындауға жəне əлеуметтік үйлесімге келген тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Мемлекет қызметіндегі тұлға ретінде тəрбиеші тəрбие саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындайды. Егер мемлекет жəне қоғам мүдделері сəйкес келсе, азаматтардың жеке мүдделерімен үйлесімді болса, онда тəрбие принциптері де тəрбие мақсаттары мен міндеттерінің саласында өзіне тиісті орын алады. Ал бұл жағдай керісінше болса, принцип іске аспай қалады, себебі тəрбиешінің тəрбие істері қорына толыққанды тəрбие үшін қажет нақты деректер түспейді.
Бұл принципті іске асыру барысында əсіре ұрандаудан, желікпе үндеулерден, бөспе сөзділіктен аулақ болған абзал, себебі тəрбие ең алдымен құнды əрекет-қылық жəне қарым-қатынас тəжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін пайдалы іс-əрекет, қызмет процесінде жүзеге келеді. Алайда, оқушы араласқан нақты іс-əрекет (ойын, еңбек, қоғамдық істер, оқу, спорттық жəне т.б.) тəрбиелік мəнге ие болуы үшін, оның субъекті - балада сол əрекетке деген қоғамдық құнды сеп-түрткілерді қалыптастыру қажет. Егер олар жоғары ізгілікті, қоғамдық мəн-мағынасымен елеулі болып келсе, əрекет-қылықтар нəтижесінде орындалатын қызмет те үлкен тəрбиелік ықпалға ие болады. Əр тұлғаның əлеуметтік сапаларын орнықтыруда оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегі олардың мақсатты бағытталған сана-сезімін қалыптастыру істерімен ұштасуы қажет. Баланы қандай да іс-əрекетке ойыстыруға қолданылған сөз, ауызекі нұсқау, нақты тұрмыстық пайдалы қызмет пен ұнамды əлеуметтік тəжірибеде өз бекімін табуы тиіс.
Тəрбиенің өмір жəне еңбекпен байланыстық принципі. « Мектеп үшін емес - өмір үшін» - ұранымен күтіп алады екен ежелгі Рим мектептері өз оқушыларын. Адамзаттың алғашқы қадамдарының өзінде –ақ адам тəрбиесімен шұғылданған тұлғалар өмір мен тұрмыс практикасынан ажыралған тəрбиенің мағынасыз болатынын түсінген. Адам тұлғасын қалыптастыру оның іс-əрекетімен, қоғамдық жəне еңбектік қатынастарға келуімен тікелей тəуелді байланыста. Адамның ұнамды сапалары еңбекте ғана дамиды: неғұрлым ол ауқымды, мақсатқа орай болса, тұлғаның дамуы мен əлеуметтену деңгейі де жоғары келеді. Осыдан да тəрбиеленушілерді қоғамдық өмірге, əрқилы пайдалы істерге араластырумен оларға болған ұнамды көзқарас пен қарым-қатынастарын қалыптастырып бару міндетті шара. Тең құқықты мүше ретінде еңбек процесіне қатыса отырып, бала адамгершілікке баулынады, рухани жəне тəндік дамуға келеді, еңбектің қоғамдық мəнді сеп-түрткілерін ажырататын болады, өзінің моральдық сапа-қасиеттерін бекітеді, одан əрі жетілдіреді.
Тəрбиені өмірмен байланыстыру принципі педагогтардан екі бағытта белсенді қызмет атқаруды талап етеді: 1) тəрбиеленушілерді адамдардың қоғамдық өмірі жəне еңбегімен қолма-қол əрі кең таныстырып, жалпы тұрмыста болып жатқан əлеуметтік өзгерістерді мезетінде түсіндіріп бару; 2) тəрбиеленушілерді шынайы өмір қатынастарына тартып, араластыру, қоғамдық пайдалы іс-əрекеттердің сан-алуан түрлеріне қызығулары мен бейімділіктеріне сəйкес қосып, оның нəтижесінен рахат сезінуге баулу.
Аталған принципті іске асыру барысында педагог орындауы тиіс міндеттер төмендегідей:
- қоғам мен адам өміріндегі еңбектің маңызын əр балаға жете түсіндіру;
- материалды жəне рухани дүние өндіруші еңбек адамдарына болған құрметке баулу;
- шаршап-жалықпай еңбектену қабілетін дамыту, қоғам жəне өз мүддесі үшін адал да шығармашылықпен іс қылу ниеттерін өрістете түсу;
- қазіргі заман өндірісінің жалпы негіздері жөніндегі ақпараты жеткізу;
- еңбек аясында өз басы мүдделері мен қоғамдық міндеттерді үйлестіре білуге, қоғам қажеттері мен өз ниеттеріне орай кəсіп таңдауға үйрету;
- қоғамдық игілік жəне табиғат байлықтарына құндылықпен қатынас жасауға баулу;
- қоғамдық мүлікке байланысты ысырапшылдыққа, жауапкерсіздікке, талан-тараждыққа, табиғат байлықтарына болған жыртқыштыққа төзбеушілік сезімін ояту.
Тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұтымды ұштастыру мақсатында келесі ережелерді ұстанған жөн:
1. Желең сөз емес, оқушылардың нақты əрі қолынан келер ісі пайдалылау. Осыған орай тəрбиеші сабақ жəне сыныптан тыс жұмыстарға қойылатын талаптар бағдарламасын түзіп, оларды бірізділік принципі негізінде іске асырып баруы шарт.
2. Өз əрекеттерін жанұя талаптарымен үйлестіре отырып, тəрбиеші əр оқушыға оның басты міндеті оқу екенін жете түсіндіруі лазым. Бұған қосымша –үйге жəрдемдесу, əлі жететін басқа да тапсырмаларды орындау.
3. Бала, əдетте, қандай да істі орындауға құштар; енжарлық, селқостық, іссіздік-бала табиғатына жат құбылыстар.
4. Дəрістер мен сыныптан тыс тəрбие жұмыстарында өлкетану материалдарын пайдаланған өте тиімді.
5. Ересектермен қатар еңбекке араласуынан балалар қолға алған жұмыстарды жауапкершілікпен бағамдауға үйренеді, ал бұл олардың азаматтық сапаларының дамуына жəрдем береді.
6. Бала тəрбие процесінде өз еңбегінің басқа адамдарға, қоғамға қажет əрі пайдалы екенін сезінуі тиіс.