Жас кезеңдері туралы
Тәрбиеленушінің жас ерекшеліктерін ескере отырып, Жан-Жак Руссо балалардың жас ерекшеліктерін төмендегідей кезеңдерге бөлді:
Бірінші кезең – туғаннан бастап, екі жасқа дейінгі кезең; екінші кезең – екі жастан он екі жасқа дейін; үшінші кезең – он екі жастан он бес жасқа дейін; төртінші кезең – он бес жастан ересектік жасқа дейін.
Бірінші кезеңде, Руссо баланың дене тәрбиесіне ерекше мән берді. Бұл кезеңде, оның пікірі бойынша, баланы қоршаған заттармен таныстыру қажеттігіне тоқталды. Мейлі бала заттарды ұстап қарасын, ойыншықтарды мейлі қаратсын, сындырсын деген болатын-ды Руссо. Осылай ол көруді, сипай сезумен байланыстырудың алғашқы дағдыларын меңгереді және кеңістікті елестете алады.
Екінші кезеңде, Руссоның айтуынша, бала әлі де ойлауға және дерексіз ұғымдарды меңгеруге қабілетсіз, сондықтан да балаларға әртүрлі үгіт насихат айту және мәтіндерді жаттауға зорлаудың қажеттілігі жоқ. Ол балаларға кітап беруді ұсынбайды, оның түсіндіруінше, олар үшін ең жақсы кітап қоршаған табиғат болып табылады. Бұл кезеңде дене тәрбиесін жалғастыру, денсаулығын нығайту, әсіресе баланың сыртқы сезімдерін дамыту қажет. Әсіресе, көру, сипай сезу органдарын дамыту, демек балаға қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды бақылауға, өлшеуге, салыстыруға, санауға жан-жақты мүмкіншіліктер беру. Сезім органдарын дамыту ақыл-ой дамуының негізгі алғышарттары. Сондықтан да балаға еркіндік беру керек.
Руссо былай деп жазды: “Мейлі ол жүгірсін, секірсін, мейлі ол ойнасын, әрекет етсін, әруақытта да үздіксіз қозғалыста болады”.
Үшінші кезең, Руссоның сипаттауынша, ақыл-ой және еңбек тәрбиесінің кезеңі болып табылады. 12 жасқа келгенде бала дене жағынан жеткілікті жетілген және еңбекке қабілетті, өзінің сыртқы сезім органдарының көмегімен қоршаған дүниедегі негізгі заттар мен құбылыстарды тез бағдарлай және қабылдай алады. Ал жағырафиядан, астрономиядан және табиғаттанудан білімдерді түсіну және меңгеру қабілеттілігін толық іске асырады. Руссоның айтуынша, бала дамуының бұл кезеңінде ақыл-ой тәрбиесі осы үш пән бойынша білімдерді меңгерумен шектелуі тиіс.
Үшінші кезеңді Руссо еңбек тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Еңбек тәрбиесінің негізгі құралы, Руссоның айтуынша, тәрбиеленушінің еңбек үрдісіне тікелей қатынасы болып табылады.
Төртінші кезеңді Руссо адамгершілік тәрбиесінің кезеңі деп атады. Бұл дегеніміз; бұл кезеңде тәрбиеленуші адамгершілік ұғымдарды қабылдауға қабілетті болып табылады. Руссо тәрбиенің алдына үш міндеттерді қояды: 1) жақсы сезімдерді тәрбиелеу, немесе, басқаша айтқанда, “жүрек тәрбиесі”; 2) жағымды пікірлерді тәрбиелеу; 3) жағымды ерікті тәрбиелеу. Осы міндеттерді шешу, Руссоның пікірінше, моральдық тұжырымдаулармен және ақыл айтумен ғана емес, басқа жолдармен: жағымды үлгілермен, жағымды істерді орындаумен және ұлы адамдардың ғұмырнамасын оқып-үйрету арқылы нәтижелерге қол жеткізуге болады.
20 жаста Эмиль дене жағынан мықты дамыған, өз бетімен жұмыс істей алатын, ол өзін қоршаған ортаны өзінің сыртқы сезім органдары арқылы танып білді.
Руссоның балаларды жас кезеңдерге бөлуі Я.А.Коменскийдің жас кезеңдерімен салыстырғанда бір қадам ілгері басқандық байқалады. Алғаш рет Руссо баланың дамуының ішкі заңдылықтарын анықтауға әрекет жасады, бірақ ол баланың белгілі кезеңдерінің ерекшеліктерін терең зерттеумен айналыса алмады.
Руссоның әйел тәрбиесі туралы ойлары (Эмильдің болашақ зайыбы) оның әйел табиғаты туралы көзқарастарымен анықталды. Руссоның көзқарасынша, оның мәні ана болу, шаруашылықты жүргізе білу жанұяда жағдай жасау білу, жолдасына ұнай білу, пайдалы болу. Сондықтан да қыз баланың табиғи тәрбиесі, Руссоның айтуынша, ер баланың тәрбиесінен түбірімен ерекше болуы керек. Қыз балаға тән қасиет тәуелді болу, басқаның көзқарасын меңгеруге даяр болу.
Әйел адам лені сау және мықты бала тууға жаратылған, сондықтан да табиғи сұлулықты және әдемілікті меңгерген болуы керек, демек, оларға білім берудің қажеті жоқ деген болатын-ды.
Руссо Эмильдің болашақ зайыбына білім беруді шектей отырып, балалық жастан бастап, олардры дінге үйрету керек деген пікірді айтты.