Жерар Депардье Сыр елінде
Француз актері Қызылордаға шежіре тұнған өлкені кеңірек танып, жер кіндігі - Байқоңырды көру үшін келген. Бұл туралы "Қазақстан" телеарнасы хабарлады.
Ол Сыр топырағына табаны тиген алғашқы сәттен-ақ ерекше сезімге бөленгенін жеткізді. Қазақтардың мейірбандығы мен қонақжайлылығына, жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан екеніне тәнті болғанын да айтты.
64 жастағы актер облыс туралы көп білгісі келетінін мәлімдеді және өнер жанашырларымен бірге естелік суретке түсті.
Жерар Депардье, актер:
Алғаш рет Қазақстанда осыдан 6 жыл бұрын болдым. Астана, Алматы, Шымкент қалаларын араладым. Қызылорданы бір көру - көптен бергі арманым. Оның ішінде ғарыш кемесінің көкке көтерілген сәтін тамашалау мен үшін маңызды болды. Қазақстанда қазір фильм түсірудеміз. «Дала дауысы» деп аталады. Мазмұнды, мағыналы кино болмақ. Жалпы, осында көптеген фильмдер түсіруге болады. Халықтар достастығы, ұлттар татулығы тақырыбында. Өйткені, қазақ елінде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Оны өзгелерге көрсету қажет деп ойлаймын.