Тарихты жалпылама талқылаудан нақты әрекетке көшу қажет - тарихшы
«Ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы өте күрделі болды. Онда жалпылама талқылаудан нақты әрекетке өту қажеттігі көтерілді. Мәселен, қазір тарихи проблемалар өте көп. Оларды құр талқылағаннан гөрі, нақты іске көшу керек. Отырыста көз жеткізгенімізде, айтылған мәселелер назардан тыс қалмай, орындалып жатыр. Жаңа журнал шықты, Қазақстан тарихына байланысты веб портал ашылды. Бұл - атқарылған таудай жұмыстың нәтижесі», - деді Б.Көмеков.
Ендігі кезекте жаңадан ашылған веб-порталдың халық арасында кеңінен таралып, танымал болуы мақсатында күш салу қажет.
«Әсіресе жастарға, балабақшадағы балалардан жоғарғы оқу орындарына оқып жүрген студенттерге дейін, сонымен бірге ғалымдардың өздері де осы веб-сайтқа үңіліп талай ақпарат ала алады. Бір жерде отырып, тіпті кітапханаға бармай, шетелге шықпай қажетті мәліметтің барлығын қарап шыға алады. Өйткен, онда күрделі, ауқымды материалды шоғырланған», - деп толықтырды өз ойын ол.
Болат Көмеков қазан айында өтетін Қазақстан тарихшыларының конгресіне даярлыққа үлкен жауапкершілікпен келу қажет дейді.
«Қазір біздің алымызға үлкен мақсаттар қойылып жатыр. Ұлттық тарихымызды әлемдік тарихтың тұтас бір бүтін, айрылмас бөлігі ретінде көрсетуіміз керек. Әлемдік тарихи процесте қазақ елінің тарихының орнын белгілеуіміз керек. Ендігі кезекте осы күрделі жоспарды біз толығымен атқаруымыз шарт», - деп түйіндеді профессор.