Жаңалықтар

Мақтааралдың мақтан тұтар зиялысы

Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуы тиіс (Елбасы Жолдауынан).
03.03.2014 04:17 4360

Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуы тиіс (Елбасы Жолдауынан).

Дәстүрлі Жолдауда айтылған бұл талаптардың үдесінен шығып жүрген интеллигенция өкілдері елімізде жетерлік. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында сол талапқа сай келетін зиялы қауымның белді өкілдерінің бірі ретінде, «Сырдария» университетінің профессоры, жазушы-журналист Нұрғали Қадырбаевты нық сеніммен айтуымызға болады. Ол кісі бүгінгі таңға дейін отызға жуық әдеби-көркем, ғылыми-зерттеу және көркем аударма кітаптарды жарыққа шығарды. Солардың арасында талғампаз оқырмандардың сұранысына толығымен жауап беретін, көркем әдебиет мәселелеріне арналған; «Көркем әдебиет тағлымы», «Шығарма арқауы – шындық», «Эпопея және жазушы шеберлігі» мен басқа да туындылар бар.

Н.Қадырбаевтың шығармашылық және қызметтік жолы өте бай десек те болады. Ол – 1970 жылы Сырдария мемлекеттік педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан соң, елге оралды. Сол жылдан бастап, 1977 жылға дейін Мақтаарал ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім, тәрбие істері бойынша директордың орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Сондай-ақ, Мақтаарал аудандық партия комитетінде жауапты қызметкер, аудандық әкімдікте тіл бөлімінің бастығы қызметтерінде де болды. «Мақтаарал» аудандық газетінде редактордың орынбасары болса, Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадио компаниясында редактор, 2002 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін «Сырдария» университетінде тәрбие істері бойынша проректор, декан қызметтерінде болып, халық арасында беделі артып, атақ-абыройға бөленді. Осындай мол өмірлік тәжірибесінің арқасында ол кісі Елбасының дәстүрлі Жолдауларының мағынасын терең түсінеді. Өзінің лекцияларында және түрлі жиындарда, халық арасында Жолдаудың тармақтарын кеңінен насихаттап жүреді.

Қазірде ол зейнеткерлікке шықса да, өзінің педагогикалық, кәсіби-біліктілік және қаламгерлік-ғылыми қызметтері мен қажыр-қайратын, білімі мен тәжірибесін бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнауда.

Оның жемісті еңбектері Үкімет тарапынан лайықты түрде бағаланып, «Қазақстан тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, Елбасының Алғыс хатымен, Қазақтан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен бірге, ол бүгінде Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, «Көне әлем» халықаралық Академиясының лауреаты, «2002 жылдың ең үздік жазушысы» номинациясының иегері де.

Сол себепті де оған Мақтаарал ауданында өткізілетін елеулі мәдени шараларды жүргізу сеніп тапсырылуда. Жуырда Елбасымыз облысымызға келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездескен уақытта Мақтаарал ауданының зиялы қауым өкілдері атынан осы кісі арнайы шақырылған болатын.

Бұл жерде Нұрғали ағамыздың аудармашылық қабілетін де атап өтуіміз қажет. Әлемнің атақты жазушыларының еңбектерін ана тілімізге әдеби құндылығын жоғалтпай шебер аударуы әрқашан да оқырманның жүрегіне жол тауып отыруда. Мысалға, 2011 жылы ана тілімізге аударған, қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Таулар құлағанда» атты романы мен басқа да әлемдік аренада танымал төрт жазушының аударылған еңбектері соған нақты дәлел бола алады. «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрген «Таулар құлағанда» романының аударылған нұсқасы талғамы күшті оқырмандар тарапынан ғана емес, сонымен бірге әдебиет саласының мамандары тарапынан да жоғары бағаға ие болды. Бұл журналдан бөлек ол елімізде шығатын көптеген абыройлы газет-журналдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, туындыларын жиі жариялап отырады. Осы еңбектері арқылы ол кісі Жолдаудағы «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллегенция ие» дегенді дәлелдеп тұр емес пе?

Бүгінгі таңда ағамыз Мақтааралдағы жоғары оқу орны «Сырдария» университетінде, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті болып жұмыс істеуде. Лекцияларында өзге ұлт өкілдерінің жастарына қазақ тілінің қаншалықты бай екенінен хабардар ете отырып, қазақ әдебиетінің жауһазындарымен таныстыруда. Сол арқылы Қазақстан атты алып шаңырақ астында тұратын түрлі ұлт өкілдерінің татуластығын арттыруға өзіндік үлесін қосуда.

Қорытындыда айтарымыз, Нұрғали Қадырбааев ағамыз, Елбасымыз өзінің Жолдауында айтып кеткен «Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан – 2050. Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс» деген сөздерге өзінің атқарып жатқан жұмыстары арқылы үн қосуда.

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға