Жаңалықтар

Таңертеңгілік палау

Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өзбектердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бүгінгі күнге дейін өз күшін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп
03.03.2014 04:16 8814

Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өзбектердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бүгінгі күнге дейін өз күшін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келеді. Азия халықтарының бірқатар ұлттары секілді, өзбектердің де әдет-ғұрыптары отбасылық мерекелермен тығыз байланысты. Мәселен, баланың өмір есігін ашқан күннен, ержетіп отбасын құрған уақытқа дейінгі аралықтар. Осы оқиғалармен салт-дәстүр жоралғылары да тығыз байланысты. Өзбек дәстүрінің негізі – оның қонақжайлығы, қасиетті Құран ережелерін сақтай отырып, үлкендерді сыйлауында жатыр.

Елбасымыз айтқандай: «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды». Бүгінде қазақпен бір туыстай бір тудың астында өмір сүріп жатқан өзбектер бірнеше ғасыр көшінен өтіп, қаншама жаугершілік, шапқыншылық соғыс зардаптарын бастан кешіп, өзге елдің езгісінде болғанына қарамастан, өзбектер өз әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтай білді.

Биылғы 2013 жылы жасалған статистика мәліметіне көз жүгіртсек, еліміздегі саны жағынан үшінші орында тұрған өзбек ұлты. Жалпы саны 511 мың.

Бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан өзбек халқы атадан мирас болып қалған дәстүрлерін берік ұстанып келеді. Өзбек дәстүрлерінің қазақ халқының салт-дәстүрімен ұқсастықтары өте көп. Мысалы Бешик туй – Бесік той, хатна килиш немесе суннат-туйи. Бұл біздегі ұл баланы сүндеттеу, сүндет той және т.б. Өзбектерде ертеден сақталып келген ежелгі және маңыздылығы жоғары дәстүрдің бірі «таңертеңгілік палау». Бұл ас түрі кішкентай бала өмірге келгенде, үйлену тойында, екі жасты аттастыру және т.б. мерекелік күндерде дайындалады. «Таңертеңгілік палаудың» берілетін күні алдын-ала белгіленіп, ұйымдастырушылар өзінің туыстары, достары мен көршілеріне арнайы шақырту жібереді.

Таңертеңгілік палау берілетін күннен бұрын кешкісін шағын жоралғының бірі «сабзи туграр» яғни өз тілімізде «сәбізді майдалап турау» рәсімі өткізіледі. Сәбіз – палауға ең керек басты қоспаның бірі, ет пен күрішке керемет дәм беретін де осы сәбіз болып табылады. Сәбіз турау рәсімі аяқталған соң, барлық атсалысқандарға арнайы дастарханға шақырылып шай беріледі. Ал ақсақалдар жағы ерлер арасында палауды дайындайтын, қонақтарға тарататын адамдарды таңдайды. Бұл дәстүрдің ерекшелігі таңертеңгілік палаудан тек ер адамдар ғана дәм тата алады.

Таңертеңгілік палау таң намазы «бомдод намози» оқылғаннан кейін беріледі. Таң намазы оқылып болысымен алғашқы қонақтар легі де келе бастайды. Дастарханға шелпек, тандыр нан, кептірілген жемістер мен бірге жеңіл тамақтар қойылып, көшеде музыканттар өзбектің ұлттық аспабы (карнай-сурнай) да ойнап, таңертеңгілік палаудың басталғанынан хабар береді.

Столға үлкен табақтарға салынған ыстық палау әкелінеді. Негізінде, бір табақ екі адамға арналған. Тамақтан дәм татпас бұрын қонақтар үй егесіне алғыс ретінде фатиха сүресін оқиды. Сүре таңертеңгілік палау рәсімі біткеннен кейін де оқылады. Сондай-ақ Фатиха сүресімен қатар Құраннан да бірнеше сүрелер оқылады. Бұл салтты атап өту уақытында ешқандай музыканттар, әнші-бишілер болмайды, дастархан қарапайым үлгіде жайылады. Таңертеңгілік палаудың берілу уақыты 2 сағатқа созылады. Соңында ең беделді қонақтарға арнайы сыйлықтар таратылады.

Сөз соңында Елбасының тағы бір сөзі ойға оралды: «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты. Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ».Олай болса бір тудың астында бірлігі жарасқан, өз тілін, ділін, салт-дәстүрін берік ұстана білген өзге ұлттарда, қазақ елімен ары қарай өркендей өсе берсін демекпіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға