БӨКЕНБАЙ БАТЫР ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?
Тарихта ерліктерімен аты қалған ата-бабаларымыздың есімдері бүгінде ұлықталуда. Ғалымдардың арқасында олар туралы деректер жиналып, кітап шығарылды, көшелерге есімдері беріліп, ескерткіштер орнатылды. Көбісінің нақты сүйектері жатқан жерлері белгісіз болса да, белгілі деректерге сүйеніп, осы жерде жерленген деп табылған орынға белгі де қойылып жатыр. Бұл – ұрпақ парызы.
Табыннан шыққан баһадүр батыр Бөкенбай Қарабатырұлының да зерттеле келе нақтыланған, яғни батыр жерленген жерге ұрпақтары 2010 жылы ескерткіш тақта тұрғызған еді. Ас беріліп, «Баһадүр батыр Бөкенбай» деген кітап жарыққа шықты, Ақтөбе қаласынан батыр атына көше де берілді.
Бөкенбай – қазақ-қалмақ соғысында, Жоңғар шапқыншылығында және де Ресеймен одақтас болуда аты шыққан табын тайпасының батыры. Әбілқайыр ханның кеңесшісі, қолбасшы, мәмілегер, елші болған. Бөкенбайтанушы, тарихшы-ғалым Зәкіраддин Байдосов өз зерттеулерінде: «2003-2005 жылдары біз үш рет Орал, Орынбор облыстарының Ақтөбе аймағына іргелес жатқан аудандарына Орынбор, Мәскеу мұрағаттарындағы құжаттарын зерттеу үшін ғылыми экспедициялар жүргіздік. Ресей Федерациясы Қуандық ауданы «Приуральный» совхозының «Двуречье» деген жерінде тұратын зейнеткер, РФ ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері Зейналы Өмірзақовтың, 90 жастағы Айнағұл, 70 жастағы Мақсат қарттардың өздерінің аталарынан естіген әңгімелерін тілге тиек етіп: «…Бөкенбай қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы – Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары. Батырдың он мың жылқысы болған. Олар сәскеде қатар тұрып, осы үш саладан су ішкенде өзен ағысы тоқтап қалады екен…» дейді. Олай болса, Бөкенбайдың «Құр Бөкенбай» дейтін саладағы «Ақбұлақ» деген жердің батысындағы қыратқа жасақтарымен бірге жерленуі ретке келеді. Оны 11-12 жасқа келген кезінде Айнағұлға әкесі Қожа айтқан екен. Сол жерге мен 2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып белгі қойған едім.
Мәскеудегі мұрағатта Бөкенбай өміріне байланысты нақты шындықтарды табуға болады. Ондағы 122-ші қордағы «киргизско-кайсацкое дело» бөлімінде 500-ден аса ісқағазы тігілген. Бұған қосымша Бөкенбай туралы деректі қайдан іздеу керек? Бөкенбай Қарабатырдың кіші әйелі қалмақ қызынан туған. Оның қалмақ қызынан туғанын желеу етіп, Аюке деген қалмақ ханы XVIII ғасырдың басында Бөкенбайға адам жіберген, «Бізге жәрдемдес» деп келіссөз жүргізген. Оған Бөкенбай берілмеген. Мұны Мәскеу мұрағатындағы «Кальмыцкое дело» бөліміндегі құжаттардан таптық. Сонда Бөкенбай жөнінде мынадай дерек бар. 1740 жылы Есет батыр қалмақтарды Каспийге дейін қуып барғанда тұтқынға түсіп қалады. Сол кезде Бөкенбай В.Н.Татищевтен көмек сұраған, өйткені қалмақ елі ол кезде Ресей құрамында болған. Ресейдің Сыртқы істер министрлігінен адам келіп, Есетті құтқарған.
Біз тапқан деректер бойынша Бөкенбай батыр 1669 жылы Жем өзеніне құятын «Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген, 1742 жылы түрікпендермен шайқаста шейіт болған. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Оны «Бөкенбай қорымы» деп атайды екен.
Енді біздің айтпағымыз Ақбұлақтағы (Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы) осы Бөкенбай батыр жерленген қорымды Ырғыз ауданындағы Бөкенбай шоқысымен шатастырып, батыр жерленген жер осы шоқы деп зерттеуші-ғалымдардың, батыр ұрпақтарының айтуын жоққа шығарып жүрген адамдар бар. Ырғыздың тұрғыны Ералы Тұрабаев бүгінде 1803 жылғы Бұқараға аттандырылған Ресей елшілік керуенінің басшысы Я.П.Гавердовскийдің сол кездегі жазылған дерегіне ғана сүйеніп алып, батырдың тікелей ұрпақтарының сөздерін жоққа шығаруда. Бөкенбай Ырғыз ауданындағы шоқыда әскерлерін жинап, жиын өткізіп отырғаны рас, тарихи деректер де бар. Бірақ түрікпендермен болған шайқаста батыр әскерлерімен қаза тапқан жер Ырғыздағы шоқы емес, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылының маңы, Қарауылкелдіге қарай жүретін жолда биік қыраттың басы, оны қорым деп атап жүрміз.
Гүлнара ЖОЛЖАНОВА