«Барыс» өз алаңында «Автомобилисті» ойсырата ұтты
Baq.kz - Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Автомобилист» (Екатеринбор) командасын ойсырата ұтты.
Ойын «Барыстың» тегеурінді шабуылдарынан басталды. Барлық хоккейшілер алға ұмтылып, қорғаныс шебін ұмытқандай болды. Осы мүмкіндікті шебер пайдала білген «Автомобилистің» хоккешілері ойынның жетінші минутында бір шайба, ал тағы қырық секундтан кейін екінші шайбаны соғып кетті. Мұндай ойынды көрген «Барыстың» бас бапкері Ари Селин Пекка таймаут алып, өз шәкірттерін бір «сілкіп» алды. Содан алты минут өтпей, Роман Старченко есеп айырмасын бір шайбаға қысқартса, көп ұзамай, Талғат Жайлауов таразы басын теңестірді. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша есеп - 2:2. Бұдан кейінгі кезеңдерде қарсыластар астаналық клубтың қорғанысын бұза алмады. «Барыс» болса, «Автомобилистің» қақпашысын екінші кезеңде екі рет, ал үшінші кезеңде үш мәрте қапы қалдырып, есепті 7:2-ге дейін жеткізді. Бұл матчта Т.Жайлауов пен Р.Старченконың дубль, яғни екі бірдей шайбаның авторы атанғанын ерекше атап өткен жөн.
Бұл ойыннан кейін «Барыс» тағы үш ұпайға ие болып, Құрлықтық хоккей лигасының жалпы турнирлік кестесінде 18 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Оның үлесінде қарсыластың қақпасына соққан 40 шайба бар. Әзірше, бұл - лига бойынша ең үздік көрсеткіш. Мәселен, қазіргі фаворит «СКА» (Санкт-Петербор) командасында 33 шайба бар.
Baq.kz