Электронды оқыту E-Learning жүйесі – заман талабы
E-Learning электронды оқыту бағдарламасы Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі 2010 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
2011-2020 жылдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикада E-Learning электронды оқыту жүйесін енгізу көзделген. 2015 жылға электронды оқытумен білім беру ұйымдарының 50 пайызын қамту, 2020 жылға көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Электронды оқыту E-Learning жүйесі жаңа ақпараттық қатынастық технологиялардың кең мүмкіндігі арқылы жалпы орта білім берудің көптеген маңызды мәселелерін шешуге ықпал етеді.
Атап айтсақ:
- Оқыту үшін аумақтық шектеудің болмауы;
- Оқытудың өзіндік ырғағын таңдау мүмкіндігі;
- Оқытудың алуан түрлі құралдары мен әдістері;
- Жоғары сапалы материалдарға қол жеткізу.
E-Learning жүйесінің ерекшелігі, ол алыс аудандардағы білім берудің сапасын арттыруға, қала мектептері мен ауылдағы мектептердің білім деңгейін теңестіруге мүмкіндік береді. E-Learning бүгінгі күні оқытудың басым түрлерінің бірі болып танылады, ол әлемнің көптеген елдерінде білім беру жүйесіне енгізілген.
Алматы облысы өңірегіндегі алғашқы мектептердің қатарында Талдықорған қаласы Бақтабай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейі E-Learning электронды оқыту жүйесіне енгізілді. Мектебіміз бүкілқазақстандық электрондық оқу жүйесіне қосылды. Электронды оқыту жүйесін ендіру мақсатында мектепке ең заманауи техника – аса жоғарғы жылдамдықты локальді желі, 4-10 с/Мбит кең көлемді Интернет, оларға кез-келген кабинеттен қосылатын сымсыз Wi-Fi нүктелері, ең заманауи сервер- компьютер, мультимедиалық сандық подиум, интерактивті тақтамен жабдықталған жаңа информатика сыныбы, қуатты проектор, мультимедиалық-лингафондық ноутбуктер сыныбы, моноблоктар, дербес компьютерлер, жоғары сапалы принтр құрылғылары, әрбір сыныпта, әр мұғалімнің, қызметкерлердің алдында жеке компьютерлер, электрондық мұғалімдер бөлмесімен жабдықталды.
Енді ата-аналар өз балаларының оқу үлгерімін ғаламтор арқылы тексеріп отыру мүмкіндігіне, ал оқушылар – үйде отырып оқу мүмкіндігіне ие болды.
Мұғалімдер үшін көптен күткен жақсылық. Бұрыннан мультимедиалық сыныптың мүмкіндіктерін барынша толық пайдаланып, локальді желіде, электрондық оқулықтармен, Интернет ресурстарды пайдаланып сабақ өткізіп жүрген мектеп ұжымының E-Learning электронды оқыту жүйесіне көшу еш қиындық тудырмады.
E-Learning – мемлекетіміздің білім сапасындағы жаңа бір үлкен асуы деп қабылдаймын. Ол балаларымыздың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.
Қарақат ТҰРҒАНБАЕВА