Сапара айы туралы
Григориан күнтізбесі бойынша 622 жыл һижра күнтізбесінде 1-ші жыл болып есептеледі. Яғни 622 жылғы қыркүйек айының 20-сында Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен. Осы күннен һижра жыл санауы басталады.
Қасиетті Құран кәрімде: «Алла тағала түнді тынығу, күн мен айды есеп үшін жаратқан» («Әнғам» сүресі, 96-аят), – деген аят бар. Сондай-ақ, «Күн мен ай есеппен жүреді» («Рахман» сүресі, 5-аят), «Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (күн мен айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін айға орындар белгіледі. Алла бұларды шындықпен жаратты» («Жүніс» сүресі, 5-аят), – деген аяттарды білсек керек.
Қазіргі таңда ел арасында: «Осы сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, алыс жолға шығуға болмайды» деушілер де кездеседі. Мұның барлығы дінімізде негізі жоқ бос ырымға жатады. Егер оған иланып, сапар айында той жасамау, неке қидырмау не сапарға шықпау сынды әрекеттерге барып жатса, Алла алдында үлкен күнәһар болады. Өйткені, біз Алла тағаланың жазған тағдырына сеніп, иман келтіреміз. Жақсылық пен жамандық бір Алла тағаланың құзырында екеніне де куәлік етеміз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Сапар айында ешқандай ырым жоқ. Байғыздың шақыруында да ешқандай ырым жоқ», – деді. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші, жоғарыда айтылып өткен ырымдар дәстүрдің тозығы саналады. Сондықтан бұл айда барлық жақсылықтар мен той-мерекелерге тыйым салудың еш негізі жоқ.
Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Барлық айлар Алла тағаланың айы, барлық күндер де Алла тағаланың күні»,– деген болатын. Сол себепті барлық айлар мен күндерге үлкен мән бергеніміз абзал.
Жалпы сапар айында: «Аллаһумма фаррижнә бидухулис-сафари уәхтим ләнә билхайри уәз-зафари», мағынасы: «Аллам, сапар айы кіруімен бізге қуаныш нәсіп ет. Ол айда жақсылықпен, сондай-ақ, жеңіспен шығуды нәсіп еткейсің», – деп дұға етудің мәні зор.
Сонымен қатар өзге айлардағыдай бұл айда да баршамыз жақсылық жасауға асығуымыз қажет. Ел арасында араздасып қалған мұсылман бауырларымызды бірлікке, ынтымаққа шақырып, татуластыру үлкен сауап. Сондай-ақ, науқастанған бауырларымызды зиярат етіп, олардың қал-жағдайын білу, ата-ана, ағайын-туысқандармен тату тұру және жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беріп, қайырымдылық жасау дініміздегі ең ізгі амалдарға жатады.
Ендеше, баршамыздың мүбәрак сапар айында жасаған ізгі істерімізді, ғибадат-құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді Алла тағала қабыл еткей. Әмин!
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ