Жантөрин кинодәуірі
1955 жылы Қырғыз үкіметінің өтініші бойынша «Мосфильм» киностудиясы «Салтанат» (режиссері В. Пронин) көркем фильмін түсіруді қолға алады. Фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі – Жомартты бейнелеуге Қазақстаннан Н.Жантөрин шақырылады. Нұрмұхан аға бұған дейін 1949 жылы «Алитет уходит в горы» фильміне түсіп, одақ көрерменіне танылып қалған болатын. «Салтанат» фильмінде оның әріптестері, талантты актерлер Бакен Кыдыкеева, Мұратбек Рысқұлов, Алты Карлиев, Советбек Джумадылов болады.
Бұл фильмде Жантөрин жағымды кейіпкерді нанымды сомдап, көрермен жүрегіне жол табады.
1963 жылы «Қырғызфильм» киностудиясында мәскеулік жас режиссер Лариса Шепитько Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша «Аптап» фильмін түсіреді. Бұл фильмде тракторшылар бригадасындағы тіршілік алға тартылады. Фильм оқиғасы сақа тракторшы Әубәкір мен комсомолдық жолдамамен келген Кемел арасында өрбиді. Өзінің күші мен қаталдығына сенген Әубәкір бригададағы билікті өз қолына алып, үстемдік етіп тұрады. Оның беделі мен билігі Кемелмен текетірестен соң қолдан сусып кетеді. Әубәкір бейнесін сомдаған Н.Жантөрин оның болмысын, жан-дүниесіндегі беймазалықты, арпалысты шынайы түрде бере білді. «Қазақ актері Нұрмұхан Жантөриннің кейіпкердің болмысын ашуда пайдаланған әдіс-тәсілдері шеберлікпен астасып, Әубәкірдің қатыгездігі мен жан-дүниесіндегі қиналысты шынайы көрсетуіне мүмкіндік берді», – деп жазды қырғыздың тұңғыш кәсіпқой кинотанушысы Каарман Ашимов «Қырғыз киносының тууы» атты зерттеуінде. Кемел роліндегі Болот Шамшиев заман талабына сай жаңа көзқарасын алға тартады. Кемел арқылы режиссер жас адамның көзқарасының, өмірлік ұстанымының қалыптасуын көрсетеді.
Фильмге түскен Н.Жантөрин, Б.Шамшиев, К.Юсупжанованың шығармашылық табыстары сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Шыңғыс Айтматов бұл фильм жайлы: «Аптапқа» повесте жоқ оқиғалар кірген. Шығарма сюжетінен ауытқулар болса да, повесте қозғалған негізгі идеялар сақталған. Режиссердің оқиғаларды кино тілімен беруі жемісті болды деп ойлаймын» – деп пікір білдірді.
1958 жылы кинорежиссер Мәжит Бегалин қазақтың тұңғыш ағартушы демократ ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы «Оның заманы туады» фильмін түсіреді. Шоқан образын жасау барысында Нұрмұханның өзі де тұлға, суреткер ретінде ой танымы кеңейіп, шеберлікті игере түсті. Ол Шоқанды қадірлеп, мақтан тұтты. Ғалымның мұраларына терең үңілген сайын, актер оның қайсар тұлға, ерекше феномен екендігіне тәнті болды. Кинотуынды одақтық экранға шыққаннан кейін кереғар пікірлер айтылды. Мәселен, Әнуар Әлімжанов Жантөриннің Шоқан бейнесін сомдауы туралы «оның қолы емес» (не в его амплуа) – деп пікір білдірді. Бірақ, Жантөрин мен Бегалиннің суреткерлік талантын бағалағандар да көп болды. КСРО халық артисі, кино патриархы Сергей Герасимов: «Мен Жантөриннің Шоқанды ойнағанындай Чернышевскийді де дәл сондай етіп ойнайтын адам табылса деп армандаймын. Жантөрин экранда дәл Шоқанның өзі болып көрінді. Бұл адамның жүзінен, іс-әрекетінен, қимылынан, жанарынан халықтың тарихын көресің. Мен фильмді екі рет тамашаладым. Үшінші рет оның бет-әлпетін зерттеу үшін көрдім. Уәлиханов экранда қандай керемет берілген. Ірі көріністер, әсіресе Шоқанның көздері ғажап», – деп жазды.
Нұрлан Есенов