Е. Ларионова әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды
Екінші күнгі тартыс қазақстандық командаға сәтті болды. 1/8 финалда жапониялық үш дүркін әлем чемпионы Каори Ичодан (болашақ әлем чемпионы) 0:8 есебімен жеңілген Екатерина Ларионоваға (63 кг) жұбату белдесулерінде тең келер палуан табылмады. Алдымен біздің палуан қыз қытайлық Хи Хилуожуоманың, одан кейінгі шешуші белдесуде колумбиялық Жаклин Кастиллоның сағын сындырды.
Айжан Исмағұлова (55 кг) мен Аяулым Қасымоваға (59 кг) келер болсақ, 1/16 финалда Исмағұлова мексикалық палуан Джейн Валенсиядан басым түссе, кейінгі тартысында моңғолиялық Буамбатсерен Сундевті бағындыра алмады.
Қасымова өзінің старттық белдесуінде жапондық Аюка Итодан (1/8 финал) жеңіліс тапты.
Ертең, венгерлік мундиалда қазақ құрамасының намысын Эльмира Сыздықова (67 кг) мен команданың жаттықтырушысы лауазымын қатар алып жүрген құрама лидері Гюзель Манюрова (72 кг) қорғайтын болады.