Қалдыбай ақынның әңгімелері мен өлең шумақтары
Қалдыбай қожа айтты деген, ел аузынан жиналған кейбір әңгімелер мен өлең шумақтарын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Қалдекең жолаушылап жүріп, бір ауылға қоналқаға тоқтайды. Ат басын тірегені анау айтқандай бай болмаса да, күйлі үй көрініпті. «Танымасын – сыйламас» – жалғыз-жарым жолаушы айыр көмей ақын екенін аңдамаған отағасы мал соймайды, бәйбіше қазан көтермейді. Бала-шағаға әзірлеген жүгері ботқаға қонағын да ортақтастырады. Сонда Қалдекең:
– Бидай емес, тары емес, жүгері едің,
Обалыңнан қорықпасам, төгер едім.
Қой майына қосылып жаның қалды,
Әйтпесе, дәл әкеңнің аузын дер едім, –
деп салыпты. Мейманы тегін жолаушы емесін сонда ғана білген үй иесі кешірім сұрап, дұрыс қонақасы берген екен.
***
Қаздауысты Қазыбектің серігі, ақыреттік досы Бегімысық әулие Ұлы би қайтыс болғанда мәйіт жатқан табытты қамшысымен үш рет тартып жібергені белгілі. «Марқұмда өшіңіз бар ма еді, неге бұлай жасадыңыз?» деп, қамшысын ұстай алған Бекболат биге Бегім шайқы:
– Балам-ай, бекер жасадың-ау, табытты жеті рет тартсам, марқұмның қасиеті жеті ұрпағына кетер еді. Енді үш-ақ ұрпағымен шектелетін болды, – деп күңіренген екен. Бегім әулиенің сол айтқаны айнымай келіп, Қаздауысты Қазыбектің үш ұрпағы: Бекболат – Тіленші – Алшынбай ғана елге тұтқа болып, одан бергілер өзді өзі қырылысып, шөре-шөреге айналып кеткені белгілі. Соның ішінде, әсіресе, Алшекеңнің тоқалынан туған бес ұл көп дау-шарға себеп болған екен. Бірде, би мен ақын әңгімелесіп отырғанда сол ұлдарының бірі кіріп келіп, үлкен адамға тізе бүгіп сәлем берудің орнына тұрған бойында қолын ұсыныпты. Сонда баланың қолын ұстап тұрып Қалдыекең:
– Туыпты Алшынбайдан өңшең бақсы,
Алшеке, өзің өлсең, артың тапшы.
Қожаға түрегеп тұрып сәлем берген,
Бұлардан үріп жүрген сақ ит жақсы, –
деп салған екен. Тоқалдан туған бес ұлдың кемдігін өзі де білетін Алшекең жер шұқып қалыпты.
***
Жол соғып, шаршап келген Алшекең бір сапардан соң, қара басып, ұйықтап қалып, таң намазын қаза жіберіп алыпты. Соған қапаланып, «жарайды, борышымды бесінде өтермін» деп отырғанда Қалдекең кіріп келіпті. Қуыстанған Алшекең жүк үстінде тұрған, жаңадан тіккен бөркін біресе қолына алып, біресе басына киіп: «Бөркім қалай, бөркім қалай?» деп сасқалақтап қалғанын көрген әрекетінен таң намазын қаза қылғанын сезген ақын:
– Құтты болсын бөркіңіз,
Жаңа кірді көркіңіз.
Таң намазын түсте оқып,
Шоқынсаң да еркіңіз, –
деп құрдасын қатты қағытқан екен.
***
Қалдыекең қысы-жазы бірге отыратын қоңсысына: «Жер тозып кетті, ірге көтеріп, жаңа орынға қонайық» деп ұсыныс айтса, ол мына күні жолаушы шығуға болмайды, мына күні көшуге қол емес, арба сынады, жүк ауады, кемпір өледі, ең дұрысы алдағы дүйсенбі, дүйсенбі пайғамбарымыздың туған, қайтыс болған күндері дегендей сылтау айтып, көшті кейінге сырғытып, еріншектікке салына беріпті. Соған кейіген Қалдекең:
– Уығыңның бірі ұзын, бірі қысқа,
Бұрынғыдан қалған бір бұ да нұсқа.
Дүйсенбіден басқаны сәт көрмейсің,
Дүйсенбіге шоқынған кәрі шошқа, –
деп, жөніне кете барыпты.
***
Есімі киіз туырлықты қазақ жұртына белгілі Алшынбай биді ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қаржас елі бір үлкен жиынға шақырады. Ондай жерге ел сөзін ұстаған адамдар жалғыз-жарым бармайтыны белгілі. Бидің топты нөкерлерінің ортасында Қалдыбай ақын да болады. Жол үстінде уақыт өткізудің ең ұтымды тәсілі – әңгіме. Сол әңгіме толас тапқан бір сәтте Алшекең Қалдыбайға қарап: «Әй, сөз сауған сарт, бірдеңе десейші, жол қысқарсын», – депті. Сонда Қалдекең:
– Қаржас асқа шақырды ел таңдатып,
Барамыз сол дүрмекке жер шаңдатып.
Елден ерек жаралған Сарықасқам-ай,
Құдай қоя бермес сені де алшаңдатып, – деген екен. Ақын жүрегі бірдеңе сезді ме, әлде дуалы ауыздың айтқаны келді ме, кім білсін, Алшекең сол астан ауырып қайтады да, көп кешікпей дүние салады. Ол кісіге жер бесіктің бұйырған тұсы өзінің қанжайлауы – қазіргі Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер ауылдық округі аумағындағы Алшынбай қорығы деген мекен. Құрдасынан кейін Қалдыбай ақын да көп жасамапты. Сол жылы, ел қыстауға қона ажал жастығына бас қояды. Ескі сөзге зер салып жүрген естілердің айтуына қарағанда, ақынның қабірі Балқантаудың бауырындағы Өсібай ауылының жанында көрінеді. Бірақ, әзірше тап басып ешкім көрсете алмай жүр.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ